Тасымалдаушыларға жаңа талап енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Ендігі жерде қазақстандық тасымалдаушылар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін алу тәртібі өзгереді. Жаңа талаптарға сәйкес, ашықтық мәселесі реттеліп, нарықта тасымалданған өнімдердің бағасы арзандауы мүмкін.

Көлік министрлігі
Фото: Орталық коммуникация қызметі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Алтай Әлі жаңашылдықтың жай-жапсарын түсіндіріп берді.

– Бұрындары тасымалдаушыларға рұқсат бланкілерін қолдануға 100 күн уақыт берілетін. Мерзімі аяқталар кезде олар қолданылмаған бланкіні сата бастайды. Рұқсат қағазы тап-таза, яғни, өзге тасымалдаушы қолдана алады. Осылайша, мұны кәсіпке айналдырған делдалдар пайда бола бастады. Ендігі жерде тасымалдаушыға шетелге тасымалдайтын жүгі дайын болған кезде ғана рұқсат қағазы беріледі. Бұрынғыдай таза күйінде емес. Жүк көліктің нөмірі, өзге де мәліметтер жазылады. Осылайша, екінші тарапқа сатудың жолы кесіледі. Қала берді, кедендік бекеттерден «Бүркіт» жүйесі арқылы жүк көлігінің шекарадан өткені туралы ақпарат аламыз. Ереже бұзғандар 6 ай бойы тасымалдаушы құқығынан айырылады. Бұдан кейін тағы тәртіп бұзатын болса өмір бақи шетелге жүк тасымалдай алмайды, – деді Алтай Әлі.

Жаңа ережеге сәйкес, ресімделген автокөліктің ҚР аумағынан шығуы үшін тура 30 күн уақыт беріледі. Қазақстанға оралғаннан кейін 30 күн ішінде құжаттарды көліктік бақылау инспекциясына тапсыру қажет.

Айтпақшы, рұқсат бланкілерін алу тәртібінің жеңілдеуі жүк тасымалдау уақытын азайтып, өзге де кедергілерді жойып, сәйкесінше тасымалданған өнімдердің бағасының арзандауына әсерін тигізуі мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан 42 елмен халықаралық тасымалдауды жүзеге асырады. Әр елде барлық ереже көрсетілген үкіметаралық келісім бар. 2022 жылы 155 мың бланкі алынып, оның 45%-ы ғана пайдаланылған. 2023 жылы 270 мың бланкі (67%) қолданылған.

Соңғы жаңалықтар