17:56, 29 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Тасқала ауданында әлеуметтік сала нысандарын салу мен күрделі жөндеуге 784,3 млн. теңге жұмсалды, бұл өткен жылғыдан үш есеге артық
ОРАЛ. Желтоқсанның 29-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Тасқала ауданында биыл әлеуметтік сала нысандарын салу мен күрделі жөндеуге 784,3 млн. теңге жұмсалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Соның ішінде нысандарды салу мен қайта жаңартуға 282,3 млн., күрделі жөндеуге 398,1 млн. теңге бағытталды. «Жол картасына» сәйкес 103,9 млн. теңге бөлініп, толық игерілді. 2008 жылы әлеуметтік сала нысандарын салу мен жөндеуге 238,1 млн. қаралған болатын, биылғы қаржы одан 546,3 млн. теңгеге немесе үш есеге артық.
Алдағы жылы республикалық бюджет есебінен Тасқала ауылындағы 100 орындық интернаты бар 300 оқушылық мектеп құрылысына 226,3 млн. теңге қаралмақ. Сондай-ақ Оян ауылын сумен жабдықтауға - 98,0 млн., коммуналдық тұрғын үйлер салуға - 18,1 млн., инженерлік-коммуналдық желілерді тартуға 20,0 млн. теңге бөлу көзделіп отыр.