Тасқалада Елбасы Жолдауына орай мал шаруашылығына баса мән берілетін болады - БҚО
Жиында айтылғанындай, 2010 жылы тасқалалықтарымен болған есептік кездесулерде аудан басшысының атына оннан аса сауал келіп түскен болатын. Ауыз судың зардабы, денсаулық сақтау нысанының жетіспеушілігі, кейбір емдеу орнының күрделі жөндеуге зәрулігі, ұялы байланыстың орнамауы сынды мәселелер бүгінгі таңда оң шешімін тапты. Алда жаңа міндеттер тұр.
Тасқаланың экономикасы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Сол себепті бұл бағыттағы істер БҚО агроөнеркәсіп кешенін 2015 жылға дейінгі дамытудың стратегиясы мен облыс әкімінің агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру жөнінде берген тапсырмалары негізінде жүзеге асуда. Бір өкініштісі, былтырғы қуаңшылық егіннің көбін күйдіріп жіберді. 52,3 мың га аумақты құраған егістіктің жартысы шығынға ұшырады. Әйтеуір мемлекеттік көмегінің арқасында яғни, ҚР «Өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру туралы» Заңының нәтижесінде ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен 29 агроқұрылымға 1,4 млн. тенгедей сақтандыру төлемақысы берілді. Сонымен былтыр аудан бойынша бидайдан 9,3 мың, картоптан 1415, көкөністен 1436, бақша дақылдарынан 100, майлы дақылдардан 281 тонна өнім алынған. Ауданда майлы дақылдар егуге мән беріле бастады. Шығымы жақсы әрі сұраныс бар. Сол себепті 2009 жылмен салыстырғанда, бұл дақылдардың егістігі 60 пайызға артып отыр.
Үлкен көңіл бөлудің нәтижесінде төрт түлік қыстағы қажет мал азығымен толық қамтылды. Тасқалалықтар 71 мың тонна шөп жинап, облыстың берген тапсырмасын 121 %-ға орындады. Былтыр төрт түліктің барлық түрінен өндірген өнім көлемі 2009 жылға қарағанда біраз өскен. Тасқалалық шаруалар соңғы кезде ірі қараға жете мән бере бастаған. 2008 жылы ауданда 19 мың бас зеңгі баба түлігі болса, былтыр олардың саны 22 мыңға таяған. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, тасқалалықтардың мүмкінідігі бұдан да зор көрінеді. Тек ерінбей еңбектену керек. Ауылдарда мал ұстауға ыңғайлы орындар бос тұр. Ол жерлер қаңырап тұрмай, халық игілігіне жұмсалуы керек. Мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарына, мал өсіремін деген жандарға барлық жағдай жасалуда. Соны пайдаланып, атакәсібімізді қайта жаңғырту қажет. Бұл жерде «Аманбаев» шаруа қожалығы өзгелерге үлгі бола алады. Аталмшы қожалық бос тұрған орындарды мал бордақылау алаңына айналдыруда. Шаруашылық меншігіндегі орында елуге тарта ірі бордақыланып тұр. Әрбіреуінің орташа салмағы шамамен 400-550 килә тартады. Осы шаруашылық енді малды асылдандыру бағытында жұмыстанбақ.
Кездесуге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов аудан әкімінің өткен жылы атқарған қызметін жақсы бағалап, өңірдің аграрлы секторын дамытуда тасқалалық шаруалардың көп үлес қосып жатырғанын жеткізді. Мемлекет те өз тарапынан қажет жағдайларды жасауда. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстар биыл да жалғаспақ. Республикалық, облыстық қазынадан қомақты қаржы қаралып отыр. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға үлкен мән берілмекші. Мұны Елбасымыз биылғы Жолдауында да айтып өтті. Ерінбей еңбектеген адамды дәулетті де сәулетті өмір күтіп тұр.