17:05, 07 Ақпан 2011 | GMT +5
Тасқалалықтар Дергачев ауданында болып қайтты - БҚО
ОРАЛ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Тасқала ауданы делегациясы көршілес Саратов облысы Дергачев ауданында болып қайтты.
Аудан әкімі Өтеміс Мырзағалиев бастаған делегация құрамында бизнес құрылымдарының өкілдері, кәсіпкерлер болды. Тасқалалықтарды Дергачев ауданының басшысы Иван Бабочкин жылы қабылдап, қос өңір өкілдері өзара тәжірибе алмасты. Делегация мүшелері наубайхана, сүт өңдейтін, өрнектас шығаратын және өсімдік майын өндіретін орындарда болып, жұмысымен танысты. Тасқалалықтарды, әсіресе, тәулігіне 10 тоннаға дейін сүт өңдей алатын шағын зауыт қызықтырды. Мұндай өндіріс орнын Тасқала ауданында да ашуға болатынына көз жеткізді.
Сапар Тасқала ауданы көркемөнерпаздарының концертімен тәмамдалды. 300 орындық залға халық лық толып, рухы көтеріліп қалды. Олардың арасында ауылдардан арнайы келген қазақтар да аз болған жоқ.