Тасқалалықтар сарытаулық қазақтарға домбыра тарту етті

ОРАЛ. 5 қазан. ҚазАқпарат - Тасқала ауданының әкімі Қуат Мусин Саратов облысының қазақ диаспорасына бес домбыра сыйға тартты.
None
None

Астана қаласына сапарлап келе жатып, Тасқала ауданына аялдаған диаспора өкілі, Саратов облысы губернаторы жанындағы ұлттық-қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Марат Бисенғалиев тасқалалықтардың тартуын үлкен ықыласпен қабылдады.

-Қыркүйек айында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың  басшылығымен Саратов облысына іссапармен барғанымызда, «Саратов облысы халқының ұлттық деревнясы» этнографиялық кешенінде болдық. Облыс басшысы ондағы қазақ диаспорасында ұлттық аспаптарымыздың жетіспейтіндігін аңғарып, бірге барған аудан әкімдеріне көмектесуді тапсырған еді. Тасқала ауданына домбыра беру жүктелді. Міне, соның реті бүгін түсіп отыр, - деді диаспора өкілдерімен жүздесуде Қ. Мусин.

Диаспора өкілі сыйлыққа алған қазақтың қара домбырасын Ресейдегі қандастарымыздың қолдан түсірмейтіндігін жеткізді.

- «Саратов облысы халқының ұлттық деревнясы» этнографиялық кешенде киіз үй тігулі тұр. Қандастарымыз сонда келіп, бас қосатын уақыттары болады. Сол кезде бауырларымыз төл өнерден сусындап, қара домбыраның үніне құлақ түріп қайтса деп ойлаймыз, - деді М. Бисенғалиев.

Тасқала ауданы Ресей Федарациясының Қазақстанмен көршілес аймақтарымен тығыз байланыс орнатқан. Аудан делегациясы Озинки, Дергачев аудандарында болып, жан-жақты байланыс жасаса, тасқалалық өнерпаздар сол жақта тұратын қандастарымызға қазақы рухтағы концерттік бағдарламаларын тарту етіп келеді.

Соңғы жаңалықтар