Тасқын кезінде жеке компания Перизат Қайрат басқарған қорға 100 млн теңге аударған

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот процесінде «RealBet» ЖШС-нің жетекші заңгері Дамир Аскаров куә ретінде жауап берді.

перизат кайрат
Коллаж: Kazinform

Куәгер 2024 жылғы су тасқыны кезінде Перизат Кайратпен байланысты қорға аударылған 100 млн теңге қаржының мән-жайын баяндады.

— Белгілі болғандай, сол кезде бірқатар өңірде су тасқыны болды. Біз БАҚ пен әлеуметтік желілерден жағдайды бақылап, қарапайым азаматтардың қандай қиындыққа тап болғанын көрдік. Осы орайда компания басшылығы зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде шешім қабылдады, - деді ол сотта.

Заңгердің айтуынша, компания мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін қаражатты қандай қор арқылы жіберуге болатынын іздей бастаған. Нәтижесінде, 2024 жылғы 17 сәуірде Fortebank банкіндегі Перизат Кайрат қорының есепшотына 100 млн теңге аударылған.

Кейін компания қор бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білген. Куәгердің айтуынша, компания бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігіне қаражатты Перизат Кайрат қорына аударғанын растаған.

Сотта «Қорға аударылған қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы есеп алдыңыздар ма?» деген сұраққа Дамир Аскаров: «Біз қаражаттың адал мақсатта жұмсалатынына күмәнданған жоқпыз. Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға шынымен көмектеседі деп сендік», - деп жауап берді куәгер.

Сот отырысында белгілі болғандай, Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған. 

Бұған дейін «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты. 

Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты. 

Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді. 

Соңғы жаңалықтар