Тасқын су басқан Құлсарының тұрғындарына 62 үй берілді

ҚҰЛСАРЫ. KAZINFORM – Атырау облысындағы тасқын су басқан Құлсары қаласының тұрғындарына 62 үй берілді.

Құлсары
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін Құлсары қаласында жаңа шағын аудан бой көтерді. Шағын ауданды «Болашақ» деп атау ұйғарылған. Мұнда 100 тұрғын үй салуға жергілікті 8 мердігер компания тартылды. Тұрғын үй құрылысына қазақстандық материалдар қолданылған.

«Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсары қаласында 80 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 2 млрд 640 млн теңге бөлінген. Мұнда 1 үйді салуға жұмсалған қаржы 31 млн 975 мың теңге болды. 

баспана
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «ETALON PROJECT GROUP» ЖШС дайындаған. Бұл серіктестік дизайнның сақталуына бақылау жүргізді. Ал техникалық қадағалауды «ZAF-Стройсервис» ЖШС жүзеге асырған.

Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметінше, маусымда 100 үй салына басталған. Оның ішінде 62 үйдің құрылысы толық аяқталған. 

баспана
Фото: Жолдасбек Шөпеғұл/Kazinform

«Жаңа үйлерге су, газ, электр желісі тартылды. Әр үйдің құрылысын жүргізуге 10 сотық жер телімі бөлінді. Енді 58 үйдің құрылысы қыркүйектің соңына дейін аяқталады», - деді Нұрберген Құсайынов.

Тұрғындар қуанышымен бөлісуге келген облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Құлсарыда жаңа тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.

«Шағын ауданның аты «Болашақ» аталған соң осында тұратын отбасында балалардың келешегі жарқын болғанын қалаймыз. Алдағы жылы мектеп, балабақшамен бірге дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынады», - деді Серік Шәпкенов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын су басқан Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар