Тасқын судан қандай қауіп бар — ТЖМ жағдайды бағалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта еліміздің басым бөлігінде су тасқынының белсенді кезеңі сейілді, ахуал тұрақты, мониторинг жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 1 наурыздан бастап мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, су тасқынына қарсы жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Барлық өңірде азаматтық қорғау қызметтері мен мүдделі ведомстволардың іс-қимылдарын үйлестіретін облыстық жедел су тасқынына қарсы штабтар бар.

Қазіргі уақытта елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі барынша азайтылды. Қазір су тасқыны шыңы Ақмола облысының аумағында өтіп жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары жағдай бақылауда.
Гидрологиялық жағдайдың тәулік бойы мониторингі және іс-қимылдарды үйлестіру қамтамасыз етіледі. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр және бақылауда.

Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жол бермеу үшін алдын алу және жедел шаралар кешені іске асырылу үстінде. ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызметтердің күшімен 9 млн-нан астам текше метр қар шығарылды, 1,3 млн астам текше метр еріген су сорылды, 79 мыңнан астам қап және 103 мың тонна инертті материал төселді, 1,9 млн астам метр арықтар мен каналдар тазартылды, 5 мыңнан астам уақытша бөген пен үйінді тұрғызылды.

— Жағдайды бағалау үшін тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Барлығы 43 рет әуеден барлау жүргізіліп, 305 су тасқыны қаупі бар елді мекен тексерілді. Аэровизуалды бақылау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар ТЖМ әскери бөлімдерінің сарбаздары су тасқынына қарсы жұмыстарға Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерде шоғырланған, — делінген хабарламада.

Барлығы су тасқынына қарсы жұмыстарға 700 адам, 227 техника, 40 мотопомпа және 5 жүзу құралы (ТЖМ, ЖАО, ІІМ және басқа ұйымдар) жұмылдырылды. Тоғыз өңірде 220 учаскеде жалпы ауданы 626 мыңнан астам шаршы метр аумақта мұз жару жұмыстары жүргізілді, 29 мыңнан астам метр мұз кесілді және 41 мың ойық бұрғыланды. Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарында 11 судың тасуы мен Ақмола облысындағы 4 су шаю жағдайы бақылауда.
Ақмола облысында елді мекендерді су басудың алдын алу мақсатында превентивті шаралар қабылданды. 5 сәуірде Қорғалжын ауданы Сабынды ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде орналасқан «Шөптікөл» бөгетінің ішінара бұзылуы тіркелді. Қазіргі уақытта бөгет қалпына келтірілді, елді мекендерге қауіп жоқ.

Сондай-ақ Астрахан ауданында, Ескі Қалқұтан ауылына кіреберісте қардың қарқынды еруі мен Қалқұтан өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты судың тасуының алдын алу мақсатында автожол жамылғысы алдын ала бұзылды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде Ескі Қалқұтан ауылы арқылы көлік қатынасы уақытша тоқтатылды. Елді мекенге қауіп жоқ. Кезекшілік ұйымдастырылды. Халық дәрі-дәрмек, азық-түлік және жанар-жағармай қорымен қамтамасыз етілген.
ТЖМ әскери қызметшілері Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларды аяқтады. Алтай ауданында алдын алу мақсатындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылған ТЖМ 68303 әскери бөлімінің екінші құтқару батальонының жеке құрамы Өскемен қаласындағы тұрақты орналасу орнына оралды.
12 наурыздан бастап жеке құрам Алтай ауданының елді мекендерінде, Тұрғысын, Чапаево, Малеевск, Соловьево, Маяк ауылдарында, Зубовск кентінде және Алтай қаласында су тасқынының алдын алу бойынша міндеттерді орындады. Батальон күшімен барлығы 4905 метр арық қар мен мұздан тазартылды, 6 көпір, 2 канал, 27 су өткізу құрылысы тазартылды, 1220 дана қап инертті материалмен толтырылды. Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінің бөгені инертті материал толтырылған қаптармен нығайтылды. Сондай-ақ су басу қаупі бар елді мекендердің тұрғындарымен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіліп тұр. Облысқа келген ТЖМ 28237 әскери бөлімінің топтамасы Петропавл қаласында, Заречный кентінде және Қызылжар ауданының Бескөл ауылында жұмылдырылған. Аталған бөлімше күшімен Қызылжар ауданында және Петропавл қаласы маңында қорғаныш бөгендерін нығайту үшін 28 мың қап дайындалып, 10 мың қап төселді. Сонымен қатар Есіл өзенінің тасқын сулары бөгендерді шайып кетпеуі үшін 2 мың метр полиэтилен төсемі төселді.
Су тасқыны жағдайын мониторингтеу аясында Есіл өзені бассейндеріне, Үлкен Торанғұл, Кіші Торанғұл көлдеріне, Шағалалы және Сілеті су қоймаларына, сондай-ақ Ақжар, Тайынша аудандары мен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданындағы қар қоры әуеден визуалды тексеру жүргізілді. Жағдай тұрақты бақылауда.
Қостанай облысында су тасқыны кезеңі басталғалы бері су басу фактілері тіркелген жоқ. Су деңгейі қауіпті межеден аспайды. 7 сәуірдегі жағдай бойынша облыстағы ахуал тұрақты.
Абай облысында су тасқыны кезеңінің белсенді фазасы аяқталды, өңірдегі жағдай тұрақты болып қалып отыр. Қар жамылғысы шамамен 8%-ды құрайды және тек таулы аймақтарда ғана байқалады. Өзендердегі гидрологиялық жағдай тұрақты, өзендер мұздан ашылып, су нысандары штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
— Қарағанды облысында су тасқыны жағдайы тұрақты болып қала береді, өңірде су тасқыны кезеңінің белсенді фазасы аяқталды, — делінген министрлік мәліметтерінде.
Осыған дейін еліміздің төрт өңіріне су тасқыны мен қар көшкіні қаупі төніп тұрғаны туралы жаздық.