Тасқында баспанасына су кірген ақтөбеліктер үйіне оралып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM -  Су тасқыны кезінде Ақтөбеде 595 үй жарамсыз болып қалды. Көбі Қобда мен Ойыл аудандарында. Ал Ақтөбе қаласындағы тұрғындар су қайтқан соң үйіне оралып, кейбірі өтемақысын алып үлгерді.

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласының Алматы және Астана аудандарында су кірген үйлер саны әртүрлі. Қазір Астана ауданы бойынша техникалық тексеру мен бағалау жұмысы аяқталды. 

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Астана ауданы бойынша 41 өтініш қабылданды. Бәріне техникалық зерттеу жүргізіліп, бағалау қорытындысы шығарылды. Қазіргі кезде материалдық көмек сұраған 30 үй иесіне ақша аудардық. Өзгесіне де аударылады. Бірінің үйінің кіреберісіне су кірсе, екіншісінде түгел жайлаған. Сәйкесінше шығынды өтеу ақысы да әртүрлі. Сонымен бірге олар бір жолғы көмек берілді», - деді Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов.

Ақтөбе қаласы Астана ауданы бойынша құлаған, апатты үй жоқ. Қазір 5 отбасы эвакуациялық пунктте жатыр, өзгесі үйіне оралды. Ал үйіне оралғандар құрылыс қамына кіріскен. 

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«2021 жылы салып алып, 2022 жылдан бері тұрып жатырмыз. 2023 жылы суға кіріп, жөндеп алдым. Биыл 27-28 наурыз, 2-сәуірде су кірді. Біржолға төлем алдым, материалдық өтемақы алдым. Қазір цемент, ағашты алып, құрылысты бастаймыз. Бізге 15 күнде барлық шығын төленді. Бұл үйде барлығы 10 адам тұрамыз. 7 балам бар. Үйге жөндеу жасаймын. Оған дейін балалар жатақханада тұрады», - деді қала тұрғыны Сырым Бекембаев.

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қаласы Алматы ауданы бойынша 3 мыңға жуық адам баспанасына су кіргенін айтып, өтініш жазған. Қазір мұнда бірнеше техникалық тексеруші жұмыс істеп жүр.

«Үйдің неден салынғанын, құрылыс материалдарының қандай күйде екенін тексереміз. Іргетасынан бастап, шатырына дейін қараймыз. Әрлеу жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Сонымен бірге еден жабындысын да тексереміз. Біз құжатымызды бағалаушы компанияға береміз. Олар шығын көлемін есептейді», - деді техникалық бағалаушы Ерғасыр Сегізбаев.

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Алматы ауданы тұрғындары үшін алдын ала кесте белгіленіп, техникалық тексерушілердің барар күні хабарланды. Сол кезде адамдар үйін ашып, көрсетеді. Қазіргі кезде көпшілігі есік, терезесін ашып, сыз басқан үйлерін кептіріп жатыр. 

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«2017 жылы су көтерілгенімен, үйіме кірмеді. Биыл 28 наурыз күні су келіп, еріктілер құм толы қап төседі. Кейін 29 наурыз күні қар жауып, су кетті. Кейін күн жылып, қайта келді. Біз бірінші қабаттағы техниканың бәрін екінші қабатқа көтердік. Бір апта бойы үйді жағалай құм толы қап төсегенімізбен, су кіріп кетіп тұр. Есікке құрылыс көбігін де құйдық, бірақ нәтиже болмады. Себебі ағыс қатты болды», - деді қала тұрғыны Сәулет Қайыңбаева.

Ол енді еденін қайда цемент құйып, жиһазды, есікті ауыстыруды жоспарлап отыр. Қазір үй ішін кептіріп жатыр. Ақтөбе облысы бойынша су басқан аудандарда техникалық тексеру мен бағалаушылар жұмыс істеп жатыр. 

су
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Соңғы жаңалықтар