Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұр

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында су тасқынына байланысты жедел желі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басып жатыр.

Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері аумақтан су арнасын бұру, шығару жұмысын жүргізіп жатыр.

Бұл жұмысқа Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінен 56 қызметкер, 10 техника, 20 мотопомпа жұмылдырылған.

Сонымен қатар, көшелерді, үйлердің ауласын су басу фактісіне байланысты ТЖД жедел желісі іске қосылып, тұрғындар тарапынан хабарлама түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар атқарылуда.

«Бүгін Түркістан облысында таулы аймақтарда қатты жауын-шашын мен қалың қардың еруіне байланысты өзен-көлде су деңгейі көтерілді, содан кейін еңіспен төмен қарай су тасқыны болды. Соның салдарынан Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандарында аулалар мен көшелерді су алып кетті. Қазір Кентау мен Бәйдібектегі судың деңгейі төмен түсті. Тек Сауран ауданында ғана тасқын су елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Ең бастысы су басқан үйлер мен зардап шеккендер жоқ», - дейді Түркістан облысы ТЖД баситығының орынбасары Ерік Сарыбаев.

Айта кетейік, бұдан алдын Түркістан облысында ТЖД күшейтілген режимге көшкенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram