12:35, 28 Сәуір 2009 | GMT +5
Тастанбекқызы Сара
Тастанбекқызы Сара (1853-1907) – атақты суырып салма ақын, сөз майталманы, айтыс өнерінің қайталанбас шебері.

Алматы облысының Қапал ауданында дүниеге келген. Руы Найман. Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей, сырттай болса да жалғыз сүйенер тірегі немере ағасы Жайсаңбек «өгіз ұрлады» деген жаламен түрмеге түседі. Жоқшылық өтінде жеке қалған жетім бала, жесір әйелге қамқоршы болып, ауылына көшіріп әкелген Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады.
Жетім қыз үшін мал алған Тұрысбек қажының әрекетін естіген Есімбек қажы дау шығарып, Сараны өз ауылына көшіріп алады. Басы дауға түскен ақын қыздың бұл жайы «Тұзақ» атты дастанында суреттелген. Бірақ бұдан Сараға жақсылық болмайды. Ақырында бар шаруа екі қажының қыздың қалың малын тең бөліп алуға келісуімен тынады.
Осылайша қаршадайынан басы дау-шарға түскен ақын қыздың бағының ашылуына осы кезде найман елін аралап, серілік жасап жүрген атақты Біржан салмен кездесіп, шаршы топтың алдында онымен айтысуы үлкен себепші болады. Бұл айтыс Сараның халық алдындағы беделін арттырып, атағын алысқа жаяды. Елдің құрметіне бөленіп, халықтың махаббатына ие болған ақын қыздың тағдыр тізгінінің өз қолдарынан сусып, шығып бара жатқанын сезген қажылар да көпке көренеу қарсы шыға алмай, оның басына бостандық береді. Сөйтіп ақын Сара өзінің асқан дарынының арқасында теңдікке қол жеткізіп, он тоғыз жасында өз теңі Алтынбекұлы Бекбай дегенге тұрмысқа шығады. Теңдікке жетіп, теңіне қосылып, көзі ашылғандай болған осындай күндердің бірінде Верный қаласынан Әбіштің (Әбдірахманның) сүйегін алып қайтқан жолда Қапалда Абайға көңіл айтуға келген Найман елінің игі жақсыларымен бірге Сара да келіп, ұлы ақынмен көріседі, аяулы баласынан айырылған ауыр қайғысына ортақтастығын білдіреді.
Жастай жоқшылықты көп көріп, ауыр тұрмысты бастан кешкен теңсіздіктің зардабын шегіп, қайғы-мұңды серік еткен ақын қыз көп ұзамай ауруға шалдығып, жалғанның қызығын жарытып көре алмай, ерте көз жұмады.
Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Сөзге тапқырлығымен, кесіп айтар шешендігімен елді сүйсінткен, айтыс өнерге әбден төселген Сара Арсалаң, Ниязбек сал, т.б. ақындарды өнер жарысында жеңген. Оның жастайынан ақындық жолын ұстағанына «Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем, Келемін бір сүрінбей жалғыз қара» деген өлең жолдары дәлел. 1889 жылы Ә.Найманбаевпен, 1900 жылы Т.Есқожаұлымен айтысқан. Ақынның «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», «Жайлауда», «Әбіштің аруағына», «Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар. Сара шығармашылығында «Тағдыр тәлкегі» дастанының орны ерекше. Шығармаға ақын қыздың өмір жолы негіз болған, бостандыққа қол жеткізу жолындағы күресі жырланған. Лирикалық өлеңдері көбіне өз тағдырын, жеке басының мұң-зарын арқау еткен және нәзік лиризм мен ой-толғаныстарға толы.
1993 жылы Т.Қалилахановтың «Ақын Сара» атты кітабы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Талдықорған қаласында, Алматы облысының Ақсу ауданында ақынға ескерткіш орнатылған. Сондай-ақ туып-өскен жерінде мұражай ашылған.Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том
«Тарихи тұлғалар» кітабы