Тастанды болған 11 айлық сәбиді туыстары асырап алғысы келеді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде қараусыз қалған 11 айлық баланы нағашылары асырап алғылары келеді.

Тастанды болған 11 айлық сәбиді туыстары асырап алғысы келеді

Еске сала кетейік, бұған дейін кішкентай сәбидің қаладағы жатақханалардың біріндегі дәлізден табылғаны айтылған еді , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туысқандары Нинадан бас тартпағандарын айтып отыр. Керісінше,  ішімдікке жақын анасына сабақ болсын деп полицейлерді өздері шақырған.

«Нина - менің үлкен апамның қызы. Ол сәбимен бірге уақытша бізбен тұрып жатыр. Жаңа жылдан бері ішімдік ішуін қоятын емес. Сосын шара қолдансын деп полицияға өзіміз арыздандық. Инспекторлар келіп ескерту жасағанымен, нәтиже болмады. Кейін, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар баланы сәбилер үйіне алып кетпейінше, Нинаның анасына шара қолдану мүмкін емес екендігін түсіндірді. Баланы жатақхананың дәлізіне тастаған ешкім жоқ. Осы жерде бізден арызды жазып алып, дәрігерлерді шақырып барып, баланы алып кетті. Кейін ауруханаға да іздеп бардық, көрсетпеді, бермеді»,- дейді Нина Хоренконың нағашы апасы Виктория Хоренко.

Викторияның айтуынша, қазір сәбиді нағашы ағасы қамқорлығына алуға әзір. Оның отбасы, басында баспанасы бар. Қыз баланы асырауға шамасы келеді.

Алайда, Нина Хоренконың әрі қарайғы тағдырын баланың құқығын қорғау жөніндегі комиссия шешетін болады. Қазір баласын қараусыз қалдырған әйелдің үстінен әкімшілік іс қозғалған.

Зада Зейін