Тастанды сәбилер азайды - СҚО перинаталдық орталығының директоры

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы перинаталдық орталық елімізде бірінші болып ашылып, жұмысын бастаған. Өңірдегі әйелдерді босандыратын жалғыз мамандандырылған емдеу мекемесінде жылына 4,5 мың нәресте дүние есігін ашады. ҚазАқпарат тілшісі медициналық мекеменің директоры Елена Калюжнаядан сұхбат алды.
None

- Перинаталдық орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып беріңізші.

- Петропавлдағы перинаталдық орталықтың жұмыс істеп жатқанына 33 жыл. Бүгінде ол түрлі түрлі жүктілік кезеңіндегі әйелдерді қабылдап, оларға тиісті көмек көрсететін, қажет болған жағдайда мерзімінен бұрын босандыратын емдеу мекемесі. Жылына орта есеппен біздің орталықта 4,5 мың сәби дүние есігін ашады.

Екі жыл бұрын біздің емхана базасында ұрықты қорғау орталығы ашылды. Ол жерде облыстың жүкті әйелдері барлық ультрадыбыстық зерттеуден, биохимиялық скринингтен өте алады, генетик-дәрігердің кеңесін алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ бұл жерде генетикалық зертхана жұмыс істейді, яғни біздің жүкті келіншектерге қазір басқа өңірге шығудың қажеті жоқ. Өзімізде-ақ қойылған диагноздың дұрыс-бұрыстығын, генетикалық патологияның бар-жоғын тиісті зерттеулермен анықтай аламыз.

Біз 100 % неонатолог және анестезиолог-реаниматолог дәрігерлермен қамтылғанбыз. Жетпейтін акушер-гинекологтардың орнын толтыру үшін біз қазір университеттермен жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде 4 резидентіміз оқиды. Олар оқулары біткеннен кейін бізге келіп, орталыққа жұмысқа орналасады. Жергілікті бюджет есебінен білім алып жатқан резиденттер қазір бізде тәжірибеден өтіп жатыр, яғни олар біздің жағдайымызға бейімделген, жұмыспен жақсы таныс. Акушерка, медбибілермен де 100 пайыз қамтылғанбыз.

- Қазір босанған әйелдерді екінші күні үйлеріне жібереді. Бұл қаншалықты дұрыс? Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?

Бұл – өте дұрыс. Өйткені, өз үйінде, таныс ортада әйел өз-өзіне тезірек келеді. Әрі, туған-туыстары да көмектеседі. Ия, бұған көңілі толмайтындар да бар. Егер қиын босанса немесе кесарь тілігі отасы жасалса, олар ауруханада ем алғылары келеді. Біз жағдайға, яғни денсаулығына қараймыз. Ал егер өзі физиологиялық жолмен босанса, әрине, біз оны ұстамаймыз.

Босанған әйелдер медициналық бақылаусыз қалмайды. Біз бірден олар тіркелген емханаға хабарлаймыз. Жергілікті дәрігерлер патронатқа алады, әйелдердің денсаулығын бақылауға алады, жарақаттары болса күндізгі стационарда қажетті ем-дом жасалады.

Мен, сондай-ақ, серіктес босануды да қолдаймын. Босану кезінде жақын адамның болуы оның аз да болсын көңілін жайландырады, теріс жайттарға, түсініспеушіліктерге жол берілмейді.

- Қай уақытта жүкті әйелге кесарь тілігі жасалады және ол өзіне ұнаған жолмен босана алады ма?

- Кесерь тілігі отасын жасау үшін қатаң көрсетілімдер болуы тиіс. Кей жағдайда, мәселен әйелдің немесе оның құрсағындағы баласының өміріне қауіп төнгенде міндетті түрде ота арқылы босандырылады. Сондай-ақ салыстырмалы көрсеткіштер бар, яғни, 50/50, әйел өзі де босана алады, бірақ, зардабы болуы мүмкін. Сондықтан мұндайда консилиум жинап, әйелдің өзімен бірге ақылдаса келе шешім қабылдаймыз.

Өзі туғысы келмей, перзентханаға «мені кесарь тілігімен босандырыңдар» деп келетіндер де бар. Бірақ, мұндай әйелдер сирек кездеседі. Бұл жағдайда әйелмен сөйлесіп, оны табиғи жолмен босануға шақырамыз. Шешімін өзгертпеген жағдайда, ота жасаймыз.

Мұның әрине, артықшылығы да, кемістігі де бар. Ең бастысы – кесарь тілігі отасы арқылы босандыру, бұл табиғи емес қой, яғни нәресте босану жолынан өтпегендіктен дұрыс бейімделмейді, біз оны ота кезінде тез шығарып аламыз. Баланың босанып шығуы – бұл үлкен процесс, анаға ғана емес, нәрестеге де үлкен жүк, жарық дүниеге шығу үшін ол ыңғайланады, тартылып, басын бұрады. Мұның бәрі табиғи түрде өтеді.

Ал кесарь тілігі отасы арқылы босанудың артықшылығына келер болсақ, әйел босанған кезде қиналмайды. Бірақ, кейін, әрине, ота орны, іштің төменгі жағы ауырады.

Жалпы жылына біздің орталықта шамамен осындай мың шақты ота жасалады. Ал шұғыл жасау керек болса, бізде операция залы күту тәртібімен жұмыс істейді, яғни, 2-3 минуттың ішінде отаны бастауға мүмкіндігіміз бар.

- Перинаталдық орталықта жасанды түсік жасалады ма? Тастанды балалар жайында айтып беріңізші.

- Перинаталдық орталықта жүктілікті тоқтату оталары жасалмайды, ол ауруханалардың гинекологиялық бөлімдерінде, жүктілікті тоқтатуға мамандандырылған арнайы бөлімшелерде жасалады. Былтыр 650 әйел медициналық жасанды түсік жасатқан. Ал біз 45 әйелде медициналық көрсеткіштер бойынша жүктілікті тоқтаттық. Оларға денсаулығына байланысты бала көтеруге болмайды. Тағы бірнеше әйелге құрсағындағы балаларының дамуына кедергі келтіретін жүрек ақауы болғандықтан, 21 әйелге жүктіліктің үлкен мерзімінде жасанды түсік жасауға тура келді - олардың қиын әлеуметтік жағдайына байланысты. Бір әйел тұрмыс құрмаған, енді бірі жас болды. Олардың барлығы әйелдердің келісімімен жасалды.

Тастанды балалар жайына келер болсақ: мұндай балалар, шүкіршілік, өте аз. Жылына 1-2 бала ғана болуы мүмкін. Мұндай нәрестелер бір ай бойы бізде болады, орталық мамандары тексерулерден өткізеді, кейін біз оларды балалар үйіне ауыстырамыз. Балалар үйі Петропавлда орналасқан, тағы бір айта кетерлігі, бұл орталықта «Үміт» тобы бар. Әйел қазір сәбиін қолына ала алмаса, осында қалдырып, кейін жарты, не бір жылдан кейін мәселелері шешілгесін үйіне әкете алады. Жалпы, тастанды балаларға бұл мекемеде жақсы жағдай жасалған. Ол жерде де дәрігерлер бар. Дұрыс тамақтандыру, сәбилердің күтімі – барлығы талапқа сай жүргізіледі.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар