Татар халқы Наурыз мейрамын жаңалық пен жақсылықтың бастауы деп біледі - Ә.Лежнина

Оның айтуынша, татарлар да Наурыз мейрамы қарсаңында үй-іштерін жаңалап, аулаларын тазартып, әбігерге түседі.
Мейрам күні кәрі-жасы көшеге әдемі киініп шығып, бір-бірінің үйіне барады, ақ тілектерін айтады. Қазақтардан бір айырмашылығы, татардың жас балалары Ұлыстың ұлы күні әдемі тілектерін айтып, жақын маңдағы үйлерді аралайды. Бұған жауап ретінде ересектер балаларға боялған жұмыртқа мен арнайы даярлаған тәттілерін ұстатады. Мейрам күні татар халқы дастарқандарын чак-чак, коштеле, күлше, куллама (қазақтың асына ұқсас), тукмач, пәрәмәч, губадия секілді ұлттық тағаммен толтырады. Сол күні арнайы бөлінген алаңдарда тойшылар ән салып, би билеп, бәйге, шелекпен жүгіру, таяқ тартысы секілді татардың ұлттық ойындарын ойнап, көңілдерін көтереді.
«Біздің бірлестік жыл сайын Орал қаласында өтетін Наурыз тойына белсене қатысады. Осы сәтті пайдаланып, Жайық татарлары атынан барша қазақты Наурыз мейрамымен құттықтап, оларға жаңа жыл жаңа бақыт әкелсін дегім келеді. Ортақ үйіміз - Қазақстан гүлдене берсін!»,- деді Ә.Лежнина.