Татарстанмен арадағы байланыстар болашақта да жалғасын таба береді - ҚР Үкімет басшысы

Олардың мәдениеттері ортақ, тілдері ұқсас, ортақ діндері бар. Сондықтан біз Татарстанмен осы бағыттар бойынша да болашақта бірлесіп қызмет етеміз деген ойдамын. Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесуінен соң мәлім етті.
Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, Қазақстанда медицинаны, соның ішінде жедел медицинаны дамытуға бағытталған бағдарлама жүзеге асырылуда. «Осыған қарай біздегі жылжымалы медицина тіректерін шығаратын негізгі әріптесіміз Көкшетау қаласында орналасқан «Камаз» бірлескен кәсіпорны. Сонымен қатар бізде тауар тасымалдаумен, «Қорғас» аумағын дамытумен, Батыс Еуропа-Батыс Қытай жобаларымен байланысты екіжақты өзге де бірқатар мәселелер бар. Бұлардың барлығы болашағы зор салалар», деді К.Мәсімов.
Өз кезегінде Татарстан Президенті өздерінің Қазақстанға екі елдің сауда-экономикалық, мәдени байланыстардың жайын сөз ету үшін келгендігін атап өтті. «Сонымен қатар Ресей мен Татарстанда қазір құрғақшылық екендігі баршаға мәлім. Сондықтан бізде қазір жемдік астыққа байланысты біршама проблемалар туындап отыр. Біз жүздесулер барысында бұл мәселені сөз еттік. Түйіндей келгенде мен Қазақстанның Президенті мен Премьер-Министріне астық мәселесін шешу бойынша тиісті шаралар қолданып отырғандығы үшін алғысымды білдіремін», деді Татарстан басшысы.