Тәттімбет Кәпұлы: Құсбегілік дәстүрді жастарға қалдыру – бізге аманат

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 21-22 ақпан аралығында құсбегіліктен ересектер арасында ХVІІІ ҚР чемпионаты өтеді.

құсбегі
Фото: Тәттімбет Кәпұлының жеке мұрағатынан

Жарыс Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы «Құлагер» ипподромында ұйымдастырылды. Чемпионат соңғы рет Солтүстік өңірде осыдан 5 жыл бұрын өтті. Тартысқа толы жарысқа биыл еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық бүркітші қатыспақ. Солардың ішінде Абай облысының да құсбегілері бар. Kazinform тілшісі осы өңірдің бүркітшілерін бастап келген азамат, Абай облысы бүркітшілер қауымдастығының президенті Тәттімбет Кәпұлын әңгімеге тартты.

- Чемпионатқа Абай облысынан неше бүркітші келіп отыр?

- Чемпионатқа біздің өңірден төрт бүркітші қатысады. Абай облысында оншақты бүркітшіміз. Бұған дейін іріктеуден өткізіп, мықты дегендерін әкеліп отырмыз. Былтырғы Дүниежүзілік көшпенділер ойынында біздің Абай облысының құсбегісі Бекзат Байқадамов екінші орын алды. Астана қаласының бүркітшісі Серікбек Күнтуған бірінші орынды, үшінші орынды атыраулық Арман Қошқаров деген бүркітші иеленді. Өзі Қазақстан бойынша команда жасақталып, осы үш бүркітші қатысқан еді.

- Құсбегілік – ертеден келе жатқан өнеріміз. Қазіргі беталысы қалай?

- Қазақстан бойынша құсбегілікпен айналысып жүрген жүз адамдай болармыз. Бұл аз, көрші Қырғызстанда көп, Моңғолияда мысалы, 400-ге тарта бүркітші бар. Бізде енді дамып келе жатыр. Өйткені жас балаларымыз 9-10 жастағы қаршыға, ителгілерін көтеріп, жастар чемпионаттарына қатысып жатыр. 10-нан 15 жасқа дейін және 15 пен 18 жас арасын қамтыған. 

құсбегі
Фото: Тәттімбет Кәпұлының жеке мұрағатынан

21 ғасырдың дерті – телефон. Қазіргі балаларымыз құрт жемейді. Сүйек мүжімейді. Жағы жетілмеген балада күш болмайды. Біз бір нәрсені көтеру үшін тістенеміз ғой. Ал тістену үшін жақта бұлшық ет болуы керек. Осындай осалдау жеріміз бар.

Десек те, бетбұрысымыз жаман емес. Алматы облысында «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебі бар. Бабаларымыздан жеткен өнер бізден де қалады, соны келесі ұрпақ жалғасақ, осы дәстүрімізді жастарға жеткізсек деген біздің арманымыз бар, бұл – аманат.

Бұл – атадан қалған мирас, дәстүр, руханиятымыз. Біздің бабаларымыздың ерекшелігі – аспандағы құсты қолына қондырып, соның тілін тауып, жер тағысы түлкімен ойнаттыра білген.

Мен қыранмын - барлайтұғын төбеден,

Сондай ем ғой әлмисақтан, көнеден.

Мен налысам, топырақ болып түнеріп,

Қуанғанда аспан болып көгерем... – деп ақындарымыз жырлаған ғой. Өзіміз де жігіттерімізді қаршығаға, сұңқарға теңеп жатамыз. Бүркіт – аспанның серісі, аспанның патшасы, арыстаны. Одан мықты құс жоқ.

- Сіздің құсбегілікпен айналысып жүргеніңізге көп болды ма?

- 14-15 жылдай болып қалды. Өз қолымда Қарагер деген бір құсым бар. Әкем бұрын жүйрік ат ұстап, бәйгеге баптаған. Ол кісі 50 жыл мұғалім болды. Нағашы аталарымыз бүркітші болған дейді. Қазақтың қанында бар нәрсе ғой. 

құсбегі
Фото: Тәттімбет Кәпұлының жеке мұрағатынан

Құсбегілік деген бекзат өнер ғой. Құстың өзінен адам тәлім-тәрбие алады. Бекзаттығы, тәкаппарлығы... Бір сілкінсе мың пәле кетеді дейді, ерекшеліктері көп. Құсыңды қолыңа қондырып, тобылғы сапты қамшыны қарыңа іліп, жүйрік атыңа мініп, тазыңды ертіп жүргенге не жетсін. Рухымыз оянады. Аспандағы қыран келіп қолыңа қонса, 62 тамырың ииді, сүйсінесің.

- Бүркітті аң патшасына теңедіңіз. Бұл құсты баптау да оңай емес шығар...

- Бүркітті баптау да, тілін білу де оңай емес. Мен тек біреуіне ғана тоқталайын, ақжемдеу, мысалы. Өте арықтатуға да болмайды, семіріп кетсе қолға қайтып келмейді. Бүркіт тек тамақ үшін ғана адамға келеді, тәуелді. Бүркітті түлкіге салатын болсаң, ішінде тамақ болмауы тиіс. Жарап, ұшымды болуы керек. Ақжемдеу деген етті алып, жуып-шайып, сөлі мен нәрінен айырып қана құсқа беру, яғни жеген кезде қорек болмауы керек ол. Арасында түлкі, қоянның санын жұлдырасың. Жараған кезде аңға саласың. 

құсбегі
Фото: Тәттімбет Кәпұлының жеке мұрағатынан

Түлету деген бар, жазда түлейді, сол кезде тамақты мол беру керек. Бүтін қоянды немесе суырды әкеліп береміз. Түлеген кезде қанаты, құйрығын, түбіт жүнін бәрін тастайды. Ол қайта шығады. Дұрыс түлемесе денесіне қайта кіріп, ұшқанда бөгет болады. Сондықтан дұрыс түлетудің де маңызы зор.

Бірақ қазір аңға салуға тыйым бар, халықаралық бүркітшілер қауымдастығының талабы бойынша. Біз бұл ұйымға кіргеннен кейін, аңды қорлауға болмайды деген талабын орындауға міндеттіміз. Қазір қолға шақырамыз және шырға тартамыз.

- Құсбегілердің чемпионаты Солтүстік Қазақстан облысында бұған дейін де өткен екен. Араға бес жыл салып тағы бүркітшілердің басын қосты, оған не себеп?

- Қызылжарда өтуінің өз себебі бар. Руханиятымызды көрсетейік, бүркітімізді аспанында қалықтатайық деген ниет. Мұнда да қалың қазақ отыр. Чемпионатқа Атыраудан, Маңғыстаудан, бүкіл Қазақстаннан келіп жатыр құсбегілер. Келесі Көшпенділер ойыны 2026 жылы Қырғызстанда Ыстықкөлде өтеді. Биыл осы ҚР чемпионатында іріктелген құс соған қатысады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Бұған дейін Қарағанды облысында елдің үздік құсбегілері анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар