Татулық - тұрақтылық кепілі

Егер біртұтас болатын болсақ, бәрі қолымыздан келеді. Мына қиындықтарды ынтымақпен еңсеріп, дамудың жаңа жолын шығу қажет», - деп, күрделі кезеңді татулық пен тыныштық жағдайында өткеруге шақырды. Елбасы қоғам мен мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін адамдардың жауапқа тартылатынын айтты.
Қазіргі дағдарысқа қарсы шаралардың, жүргізіліп отырған бүкіл реформалардың табысты болуы қоғам ішіндегі бейбіт ахуалға, әлеуметтік тыныштыққа тікелей байланысты. Экономикалық саланың тұрақтануы саяси, әлеуметтік өмірдің тыныштығы, бекемдігі және қазақстандық қоғамның өзара тығыз ұйысуы негізінде жүзеге асады. Ал кез келген теріс өзгерістер қоғамдық жүйені сілкіндіріп, адамдардың әл-ауқатының нашарлауына әкеп соғатынын осындай жағдайлар орын алған елдердің тәжірибесінен айқын көріп отырмыз. Кезінде көрші қырғыз елінде орын алған саяси шиеленістердің салдары әлі күнге дейін ел экономикасының нық тұруына салқынын тигізіп келеді. Украинадағы саяси тұрақсыздық бүгінгі күні бүкіл әлем елдерін алаңдатуда.
Әлеуметтік тұрақтылықты бір орында қатып қалу емес, эволюциялық түрде даму деп түсінген абзал. Дағдарыстың одан әрі тереңдеуіне жол бермеу сипатындағы шаралар біртіндеп жүзеге асырыла бастады. Отандық өндірісті қолдау, стратегиялық нысандардың құрылысын тоқтатпау шаралары ұлттық валютаның әлемдік нарық құбылыстарына тәуелділігін азайтуға бағытталып отыр. Қоғамда пісіп жетілген түрлі мәселелерді дер кезінде шешу әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалудың басты шарты екендігін терең түсінген ел басшылығы теңге бағамы күрт түскеннен кейін бірден әлеуметтік жағдайы төмен топтарға жедел көмек беру жолдарын қарастыру жөнінде тапсырма берді және дағдарыс кезеңінде де әлеуметтік жәрдемақылардың қысқартылмайтынын баса айтты.
Ішкі әлеуметтік тұрақтылыққа қатер төндіретін сыртқы факторлардың, оның ішінде халықаралық геосаяси қақытығыстардың күшеюі, түрлі жаһандық сын-қатерлер жағдайында Қазақстанның шет мемлекеттермен достық қарым-қатынас пен көпжақты байланыстар құруға күш салуға ұмтылуы да мемлекетішілік тыныштықты қамтамасыз етуден туындайды. Шет мемлекеттермен саяси, экономикалық қарым-қатынас негізінде жүзеге асырылатын жобалар қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңінде халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеп кетуінің алдын алуға зор ықпал жасауы тиіс. Уақытша қиындықтарға қарамастан елдегі аса маңызды бағдарламаларды жалғастыру қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге қабылетті ең қуатты әлеуметтік фактор - халықтың әл-ауқатының құлдырауын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Әсіресе елдегі орта таптың үлесін көтеру бағытында көп іс-шаралар қолға алынуда. Мемлекеттік, мемлекетаралық деңгейдегі ірі индустриялық жобалардың айналасында құрылатын орта және шағын бизнес нысандары қызмет көрсету, аса қажетті тауарлар өндіру істерімен айналысатын болады және бұл елдегі орта таптың үлесін көтеруге ықпал ете алады. Тұрақты жалақысы бар, материалдық қанағаттанушылығы зор, жоғары білікті еңбекке қабілетті адамдардың өмірлік ұстанымдары да тұрақты, ертеңгі күнге деген сенімдері нық болатыны баршаға аян. Халықтың қазіргі экономикалық дағдарыс кезеңінде үкімет тарапынан қабылданып отырған шараларға түсіністікпен қарауы, төзімділік танытуы елдің билікке, ел басшысына деген сенімінің айғағы және бұл сынақтан абыроймен өтуге ұмтылуы. Тамыз айында болған ұлттық валютаның құнсыздануы, соған орай бағаның біртіндеп өсуіне қарамастан халықтың тыныштықты сақтауы, түрлі арандатушылыққа берілмеуі қоғамдағы бірлік пен ынтымақты бағалаудың белгісі. Билік органдарының да халық сеніміне лайық қызмет етуі өз кезегінде ішкі тұрақтылықтың одан әрі нығаюына ықпал етеді. Осы тұрғыда «100 қадам» Ұлт жоспарында атқару, заңнамалық және сот жүйесі реформаларына айрықша басымдық беру олардың қоғамды тұрақтандырудағы рөлін ескеруден туындаған қадамдар.
Осы орайда қоғамдық өмірдегі консенсус рөлін атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы институты негізгі құндылықтарымызды сақтауда және орындауда үлкен жұмыстар атқаруға қабылетті бірден бір орган. Еліміздегі саналуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің жұмыла еңбек етіп, бір мақсат пен мүдде төңірегіне ұйысуы мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезіну нәтижесінде кез келген тығырықтан алып шыға алатынына тарихи тәжірибеміз куә. Демократиялық қоғам құндылықтары ретінде пікірлер плюрализміне жол ашық десек те, пікірлер саналуандығы жанжал мен іріткі салуға емес, қоғамдық мәселелердің мемлекет пен халық үшін тиімді, пайдалы, оңтайлы шешімін табуға қызмет етуі тиіс. Жалпыұлттық мақсаттар мен идеялар бірлік пен береке орнаған жерде ғана жүзеге асады.