Тау-кен металлургия саласындағы басты саясат ішкі нарықта шикізатты барынша өңдеуге бағытталады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы саланы ілгері бастырудың жолдары Үкіметтің 2012-2016 жылдар аралығын қамтитын еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жоспарындакөрініс тапқан.
Алға қойылған мақсатты іске асыру Қазақстан Республикасында тау-кен металлургия саласын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама аясында бірнеше міндеттер арқылы орындалады.
Нақты айтқанда, шағын және орта бизнесті тарта отырып, бәсекеге қабілетті өндірістер құру, қосылған құны жоғары терең қайта өңдеу өнімдерінің үлесін ұлғайту және номенклатурасын кеңейту, ресурсты және энергияны қажетсінуді төмендету мақсатында саланың жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын жаңғырту және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында қазіргі заманғы басқару технологияларын енгізу міндеттері айқындалған.
Сондай-ақ шикізатты алу және кешенді қайта өңдеу, өнімнің жаңа түрлерін әзірлеу бойынша инновацияларды дамыту және саланың ғылыми технологиялық әлеуетін белсенді түрде инновациялық үдерістерге тарту, салалық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, минералдық шикізат базасын ұлғайту және оларды молықтыруды қамтамасыз ету мақсаты алға қойылды.
Саланы білікті еңбек ресурстарымен, оның ішінде орта техникалық буынмен қамтамасыз ету, ішкі нарыққа шикізатты және металлургия өнімдерін жылжытуға жәрдемдесу, сала кәсіпорындарының қоршаған ортаға зиянды ықпалын төмендету сияқты негізгі бағыттар да белгіленді.
Бағдарлама шеңберінде көптеген ірі жобалар көзделген. Соның ішінде Өскемен металлургиялық кешенінің мыс балқыту және электролиз зауытын салу, Васильков алтын кен орнын одан әрі игеру және алтын шығару фабрикасын салу, титан кесегі мен қорытпасын өндіретін зауыт салу, бастапқы алюминий шығаратын электролиз зауытын салу, Ақтоғай кен байыту комбинатын салу жоспарлары аталған кезеңде жүзеге асырылмақ.