Тау-кен металлургиясы қызметкерлерінің съезі бұдан былай осы сала кәсіпорындары орналасқан қалаларда өтуі мүмкін

Бүгін Астанада өтіп жатқан Тау-кен металлургия кешені қызметкерлерінің ІІІ съезі барысында сөз сөйлеген ҚР бірінші вице-премьері Серік Ахметов осындай ұсыныс жасады.
«Жалпы алғанда тау-кен өнеркәсібі саласы қызметкерлері съезінің форматын өзгертіп, оны тау-кен металлургиясы кәсіпорындары шоғырланған орындарда өткізген орынды деп санаймын. Соның барысында кәсіпорындарға экскурсиялар да ұйымдастыратын кез келді. Өйткені біздің кәсіподақ қайраткерлері мен съезд делегаттарының біразы жаңа өндірістерде әлі болып көрмеген. Екінші жағынан мұндай съездер өткізу сол қалалар үшін де пайдалы болмақ», - деді бірінші вице-премьер Серік Ахметов.
Еске сала кетейік, Қазақстанның тау-кен металлургиясы қызметкерлерінің съезі осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Бұл ретте С.Ахметов алдағы уақытта да осындай кеншілер басқосуын Астана күні мерекесі қарсаңында өткізуді ұсынды.
Айта кетерлігі, биылғы съезге 370-тен астам делегат қатысты. Алқалы жиындар барысында өндірісті жаңарту және қазақстандық қамтуды арттыра түсу, бизнес пен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігін тереңдетіп, заңнаманы жетілдіру, еңбек қауіпсіздігіне бақылауды күшейту және әлеуметтік серіктестікті дамыту секілді Қазақстанның тау-кен металлургиясын дамытудың неғұрлым өзекті мәселелері талқылануда. Жиын барысындағы ұсыныстар мен талқылаулардың қорытындылары арнайы қабылданатын қарарда көрсетілетін болады.