Тауар бағасы кассада өзгерсе, не істеу керек
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Дүкен сөресіндегі баға мен кассадағы құнның сәйкес келмеуі – тұтынушылар жиі тап болатын мәселелердің бірі. Мұндайда сатушы тауарды қай баға бойынша сатуы тиіс? Kazinform тілшісі заңнамада бұл жағдайға қатысты қандай талаптар көзделгенін зерттеп көрді.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мәлімдегендей, сауда объектілерінің әкімшілігі баға айырмашылығын көбіне техникалық себептермен түсіндіреді.
- Атап айтқанда, тауардың қайта бағалануы, қысқа мерзімді акциялардың аяқталуы немесе баға белгісін уақытылы ауыстырмау секілді жағдайлар себеп болуы мүмкін. Заңнамаға сәйкес тауарды сауда сөресіне нақты бағасы көрсетілген баға белгісімен орналастыру жария оферта болып саналады. Бұл сатушының көрсетілген шарттар бойынша кез келген тұтынушымен сатып алу-сату шартын жасасуға дайын екенін білдіреді, - делінген хабарламада.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның 24-бабы 12-тармағына сәйкес сатушы тауарды сауда объектісінің ішкі және (немесе) сыртқы витриналарында баға белгісімен көрсетілген құны бойынша сатуға міндетті. Ал тұтынушының тауарды осы баға бойынша сатып алуға құқығы бар.
- Осыған байланысты баға белгісіндегі және кассадағы құн арасында айырмашылық анықталса, тұтынушы тауарды сөреде көрсетілген баға бойынша сатуды талап ете алады. Сонымен қатар құқықбұзушылықты дәлелдеу үшін баға белгісі мен кассалық чекті фотоға түсіріп алу, сондай-ақ пікірлер мен ұсыныстар кітабына тиісті жазба қалдыру ұсынылады. Егер сатушы тұтынушының заңды талабын орындаудан бас тартса, азаматтар құқықтық көмек алу және өз мүддесін қорғау үшін мекемеге жүгіне алады, - деп хабарлады департамент.
Сондай-ақ eGov.kz мемлекеттік порталы арқылы «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесімен ресми өтініш жолдау қарастырылған.
Бұған дейін біз әлеуметтік желіде жұмыс берушіні сынау қызметкерді бірден жұмыстан шығаруға құқық бермейтінін жаздық.