Тауар биржалары туралы заң жобасы бойынша қос палата арасында келісім комиссиясы құрылатын болды

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Тауар биржалары туралы» заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан енгізілген өзгерістерді талқылап,
None
None
ол бойынша келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты тауар биржалары қызметін реттейтін заңнаманы қазіргі заман талаптарына сәйкес келтіру болып табылады. Сондай-ақ құжат еліміздегі тауар биржаларының қызметі мен биржалық сауда-саттықты дамыту үшін елдің экономикалық даму үдерістеріне сәйкес құқықтық негіз қалайды. Осыған орай, тауар биржаларын жедел дамыту, олардың ашық және тиімді жұмыс істеуін, саладағы адал бәсекелестікті қамтамасыз ету заң жобасымен қамтылатын болады. Сонымен бірге, биржа саудасының қағидаттары, тауар биржаларының ұғымы және оны бұзғаны үшін жауапкершілік тәртібі белгіленіп, тауар биржасының ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны бекітілген. Тауар биржаларындағы фьючерстік, форвордтық және опциондық келісім-шарттармен жұмыс істеу үшін құқықтық негіз берілген. Биржа сауда-саттықтарына қатысушылар үшін биржа саудасының ережелері, біліктілік талаптарының міндеттілігі туралы ереже айқындалған. Мәжіліс мақұлдаған құжатқа Сенат тарапынан негізгі бағыттар бойынша, нақтырақ айтқанда, қазақстандық тауар биржасында халықаралық биржа сауда-саттығын дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатында Үкіметтің, уәкілетті органдардың құзіреті мен қызметтеріне толықтырулар енгізілген болатын. Сенаторлар ұсынған 32 түзетудің 12-сі бойынша Мәжіліс депутаттары өз ұстанымдарында қалатын болды. Осыған байланысты қос палата арасында келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Комиссия құрамына Мәжіліс тарапынан депутат Т. Яковлева, Ш. Мырзахметов, С. Ибрагимовтер сайланды.
Соңғы жаңалықтар