Тауарлық биржа басшылығы көмірді заңсыз сатудан 2 млрд теңге пайда тапқан - ҚМА
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі «Modern Trading Solutions» тауарлық биржасының заңсыз қызметін тоқтатты.

Аталған ұйым басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзып, Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқан.
Көмірді қолданыстағы заңнамаға сәйкес, саудагер сауда биржалары арқылы бәсекелестікті дамытуға, делдалдарсыз, оның әділ бағасын қалыптастыруға ықпал жасауға тиіс болатын.
Сонымен қатар, «Modern Trading Solutions» тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ұдайы ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған.
Кері жағдайда, аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймау, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кәсіпкерлерге саудаға қатысуына жол бермеген.
Аталмыш жағдай әсіресе жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағымдар мен әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтырған.
Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 миллиард теңгеден асқан. Оны өздеріне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Сауда биржасының 3 басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ал тағы біреуіне осындай шарамен қатар іздеу жарияланды.
ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Агенттік әлеуметтік маңызды тауарларға баға қалыптастыруды бақылауды жалғастыруда. Биржалық мәмілелерде әділ жағдайларды қалпына келтіруде және тұтынушылардың мүдделерін қорғауда жұмыс істеуде.
- Егер Сізге экономикалық құқық бұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің биыл 34 жобадан 79 млрд теңге артық шығынды қысқартқаны уралы жазған болатынбыз.