Тауарлық газдың қымбаттауы халықтың қалтасына салмақ салмай ма
АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі тауарлық газдың көтерме шекті бағасының жаңадан бекітілуіне қатысты жайтты түсіндірді.

Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаменті Газ өндіру, өңдеу және тасымалдау басқармасының басшысы Дәулет Ештайдың айтуынша, көгілдір отын құны 1 шілдеден бастап орташа есеппен 14,6 пайызға көтеріледі. Яғни, өңірлерге байланысты газдың 1 текше метрі 3-4,8 мың теңге аралығында қымбаттайды. Өйткені, көтерме баға көгілдір отынды белгілі бір өңірге жеткізу кезінде қалыптасатын өзіндік құнға байланысты. Ал ол баға жер қойнауынан газды өндіретін компаниядан көгілдір отынды сатып алу және логистикалық шығындардан құралады. Мұның үстіне соңғы жылдары тауарлық газдың экспорт көлемі де күрт төмендеп кеткен. Газ саласының инвестициялық тартымдылығы да төмендеп барады. Оған дәл осы көтерме шекті баға кері әсерін тигізіп отыр.
«Себебі соңғы жылдарда Қазақстанда тауарлық газ өндірісі төмендеп келеді. 2017-2018 жылдармен салыстырғанда тауарлық газ өндірісі шамамен 2,5-3 млрд текше метрге төмендеген. Оның негізгі себебі – ішкі нарықтағы газ бағасының төмендігі. Жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлар газ бағасы төмен болғандықтан кен орындарын игеруге инвестиция салуға келгенде құлықсыз. Сондықтан да газ саласының инвестициялық тартымдылығын бағаны көтеру арқылы ынталантыратын шараларды қабылдауымыз қажет», - деді ол.
Бүгінде елімізде газдандыру қарқынды жүргізіліп, көгілдір отынның қызығын көрген жұртшылықтың қарасы қалыңдады. Оның үстіне газдың бағасы да арзан. Мәселен, көрші Ресейде газдың 1 текше метрі 30 теңгеден асса, еліміздегі орташа баға 20,64 теңгені құрайды. Дегенмен, Энергетика министрлігінің өкілі газдың көтерме шекті бағасының көтерілуі қарапайым халықтың қалтасына ауыр салмақ сала қоймайтындығын алға тартады.
«Орта есеппен алар болсақ, жеке үйлерге айына 1 080 теңгеге өссе, ал пәтерлер 130 теңге артық төлем жасайтын болады. Бұл халықтың қалтасына қатты әсер ете қоймауы қажет», - деді Дәулет Ештай.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін еліміздің Энергетика министрлігі тауарлық газдың көтерме шекті бағасын 1 шілдеден бастап қымбаттатылған бағамен бекіткен еді.