Тауары сертификатталмаған импорттаушыларға 6,2 млн теңгеге айыппұл салынды

«Импорттық тауарларды рәсімдеуде заң бұзушылық фактісі расталған жағдайда заң аясында хаттама толтырылады. Аталған заңбұзушылық үшін 90-нан 600 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Мемлекеттік кірістер комитетімен өзара іс-қимыл аясында өткен жылы тауары сертификатталмаған импорттаушыларға 6,2 млн теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар тауардың сәйкестікті бағалау бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі», - деді Қ. Елікбаев брифингіде.
Сондай-ақ, комитет басшысының орынбасары жалған сертификат жасау мәселесін көтерді.
«2021 жылы ойыншықтар, жеке қорғаныс құралдары, тұрмыстық электротехника, тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне арналған 282 декларация мен сертификаттың күші жойылды. Сол сияқты біздің комитет өткен жылы жалпы саны 422 сертификат пен 426 сәйкестік декларациясын алып тастап, 88 млн теңгеге айыппұл салды. Сонымен қатар, жалған сертификатпен күресте мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша қауіпті өнімнің тізілімі жасалды. Осы жағдайды кедендік тексеру кезінде ескеру керек. Бұл қауіпті өнімдерді шекарадан өткізбеуге мүмкіндік береді», - дейді ол.
Бұған дейін комитет басшысының орынбасары елімізге сырттан келетін тауарларға бақылау қалай жүретіні туралы айтты.
Одан бөлек, өткен жылы елімізге 41,2 млрд АҚШ долларға тауар әкелінгені хабарланды.