Тәуелсіз елдің ұланы болғандықтан игі істеріммен Отан алдындағы қасиетті борышымды өтейтін боламын - Нұрсұлтан Жағыпаров

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Тәуелсіз елдің ұланы болғандықтан елімнің ертеңі үшін, жарқын болашағы үшін ең игі істерімді, Отан алдындағы қасиетті борышымды өтейтін боламын, дейді Тәуелсіздігіміздің құрдасы Нұрсұлтан Жағыпаров.
None
None

"Бүгін Елбасымыз Тәуелсіздік күніне арналған Астана қаласында өткен салтанатты жиналыста баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы Рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күн жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ Елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды деп толғанған болатын. Расында да Елбасының сөзінің жаны бар сияқты. Мұны мен өз басымнан анық аңғарамын. Еліміз егемендігін алып, Тәуелсіздік мемлекет атанып жатқан жылдары дүниеге келдім. Тәуелсіз, кең байтақ елдің ауасымен тыныстап, кейін дарқан дала төсінде ең алғаш қадамдарымды жасай бастадым. Тәй-тәй басып, шыбықты ат қып мінген сәби күндерімде менің туған елімнің азаттық күндерінің жас шыбықтай өсіп келе жатқан сәттері бірге өрбіді. Сәби санасын толықтырып, ес жияр шаққа қадамын басса, ел Тәуелсіздігінің тағылымды жолы да асқар асуларға жетеледі. Мен туған елімді, халқымның қамын ойлаған Елбасымды ерекше құрметтеймін. Сондықтан болар, әжем есімімді Нұрсұлтан қойды. Мен бұған мақтанамын", - дейді кейіпкеріміз.

Қаймана қазақ елін әлемдік қауымдастыққа танытып, елдігімізді ерен еңбегімен көрсете білген Елбасыға деген елдің ризашылығы бір сәт те толастамас. Тәуелсіздік таңы атып, оның самала желі есіп, биік көкжиекке қол созған халқымыздың бақытты өмір сүруі заңдылық та шығар. Халқымыздың ежелден еркіндікті аңсап, етегіміз жасқа да толды. Басқаға бодан болып, құлдықтың қамытын киген күндер де есімізден ұмытылар ма?! Сондықтан Тәуелсіз елдің еңсесін биіктетіп, атын асқақтату бүгінгі жастардың басты міндеті болса керек.

"Елін шын сүйген ұлан ғана туған жерінің тағдыры үшін араша түсе алады. Мен де елімнің патриоты болғым келеді. Алған білімімді одан әрі шыңдап, еңбекке деген құлшынысымның арқасында өрелі биіктерден көрінуге тырысамын. Осындай мақсат мені жоғары биіктерге жетеледі. Президентіміз өзінің әр сөйлеген сөзінде жастарды елдің болашағына балап, жастар қауымына, яғни бізге зор үміт артатындығын еске салып келеді. Сондықтан, Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке, жүрекжарды қуанышқа толы күн болуы шарт. Тәуелсіз елдің құрдасы болғандықтан емес, елімнің ұланы болғандықтан елімнің ертеңі үшін, жарқын болашағы үшін ең игі істеріммен Отан алдындағы қасиетті борышымды өтейтін боламын", - дейді Нұрсұлтан Жағыпаров.

Соңғы жаңалықтар