ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ: Тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келуі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтетін боламыз. Еліміз үшін осынау ұлық мерейтойды мерекелеу аясында республика бойынша ұлттық идеологияны насихаттауға және қазақстандық отаншылдыққа тәрбиелеу, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының танымалдығын арттырып, тарату және мемлекетіміздің жаңа тарихына қатысты деректерді насихаттау бағытында ауқымды шаралардың да қолға алынып отырғандығы белгілі.
None
None

Бұл ретте жаңа қазақ мемлекетін қалыптасыру жолындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлттың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жалпыға танылған рөлі айрықша қызығушылық туындататындығы сөзсіз. Әсіресе, ширек ғасыр өткеннен кейін Мемлекет басшысының елді дамыту келешегіне қатысты стратегиялық көзқарасын және оның дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдегенін ой елегінен өткізу де өзекті.

«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Ұлттың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекетіміздің қалыптасуы жолының түрлі кезеңдерінде жазған бірқатар кітабының негізгі мазмұнымен және Мемлекет басшысы жайында өзге авторлар жазған еңбектермен өз оқырмандарын таныстыруды жалғастырады.

Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы» кітабы Қазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды. Тоғыз тараудың әрқайсысы, тәуелсіз жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы айшықты қадамдарын ашып көрсетеді. Бұл - Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын жасау жөніндегі жұмыс, қазіргі қолданыстағы ел Конституциясын қабылдау үрдісі, мұнай-газ ресурстарын игеруді бастау, ұлттық валютаны енгізу және табысты банк жүйесін құру туралы жазылған еңбек. Жекелеген тарауларда жекешелендіру мен жер реформасын жүргізу үрдісі әңгімеленеді, елорданы Астанаға көшіру және Қазақстан азаматының тұңғыш ғарышқа ұшуы айтылады. Кітап Президенттің ел жастарына арнаған үндеуі түрінде ойластырылған.

Президент кітаптың алғысөзінде-ақ бұл кітаптың Қазақстанның болашақ көшбасшыларына үндеу екендігін баса атап өткен.

«Осындай кітапты жазу тілегі менде ерте бастан-ақ пайда болды. Өткен жылдар ішінде дарынды жастармен - университет студенттерімен, «Болашақ» бағдарламасының стипендианттарымен және жоғарғы мектепті бітірушілермен кездескендегі, лекциялар оқығандағы айтқан сөздерімнің немесе кәдімгі идеялардың көптеген жазбалары менде сақталып қалған болатын. Әрдайым солардың жалын атып, жігері тасыған, табанды ізденістерге толы көздерін көрген сайын мен біздің жастарымызға, өткен жылдардағы оқиғалардың - барлық өзгерістердің қалай басталғанын, қалай жүргенін, өзімізге аса қиын болған кезеңде қабылданған шешімдердің негізгі қисыны неде екенін көрсететін нақты фактілердің, шынайы сараптамалардың жетпейтіндігін түсінетін едім. Міне, сондықтан да мен бұл табыстарға жету үшін жүріп өткен жолдың әр қадамының қаншалықты қиын да азапты болғанын айтып бергім келді. Менің кітабым, бұрнағы жылдардағы оқиғаларды сипаттай отыра, өткенге емес, келер болашаққа меңзейді. Мен мұның Қазақстанның болашақ көшбасшылары үшін ақылшы кітапқа айналатынына сенемін. Еліміздің болашақ көшбасшылары - бүгінгі студенттер мен мектеп оқушылары «Қазақстанның іргетасына қаланған әрбір кірпішін» білуге тиіс. Мен мемлекетіміздің қалыптасу кезеңдерінде халыққа тіпті де етене емес шешімдердің өздері - күштеу әдістерімен, ерік-жігерді барынша шоғырландыру, аса зор өмірлік күш-қуат жұмсау арқылы жүзеге асырылғанын айта келіп, олардың мемлекетіміздің қалыптасуының әрбір кезеңдерінде қабылданған шешімдердің ауқымын, жауапкершілік салмағын сезінгендерін қалар едім. Сіздердің, бүгінгі жастардың - ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан мен жалықпаймын. Сіздер тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыз - біздің еліміздің көтерілу және гүлдену мезгілі. Сіздер осы жетістіктер мен табысқа жете беру рухын бойларыңызға сіңіргенсіздер. Атап айтқанда, біздің еліміздің тағдыры сіздердің тағдырларыңызбен айқындалады», - деп бастайды Мемлекет басшысы Қазақстанның болашақ көшбасшылары үшін, барша қазақстандық жастар үшін ақылшы кітапқа айналуы тиіс өз еңбегін.

Президент бұл кітаптың Қазақстанның ескіден қалай арылып, өзінің бүгінгі күнге қалай жеткендігі және бұл жолдың аса қиынға түскендігі жайында екендігін де баса атап өтеді.

«Тәуелсіздік стратегиясы» деп аталатын бірініші бөлімде Н.Назарбаев Егемен Қазақстанның дүниеге келуі қарсаңында болған кезеңді аса ірі мемлекеттік құрылым - Кеңестік социалистік республикалар одағының жан тәсілім кезіндегі жағдайымен салыстырады.

«Мемлекеттік құрылым экономикалық және саяси дағдарыстардан ес-түссіз талмау күйде болды, сол уақытта бұл ауыр үрдіске қоғамдық ақыл-ой тарихтың қысқаша курсына боямасыз жіті көзбен қарады да, әлеуметтік сана осынау ауыр көріністен біржола сансырап қалды. 1985 жылғы Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің сәуір пленумынан басталған «қайта құру» қашан құрдымға кеткенге шейін ел өз тарихының шым-шытырық оқиғаларын ой елегінен өткізді. Миллиондаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының бейнесін тірілтіп, тоталитарлық режимнің зауалына ұшыраған зиялы қауым тұлғасына жан бітірді, үлкенді-кішілі халықтардың жадына төл тарихының естеліктері орала бастады. Көбінесе бұрынғы КСРО-ның түрлі аймақтарында бұл үрдіс ұлттық шиеленістер толқуын, саяси тартыстар мен қарулы қақтығыстар тасқынын туғызды. «Аурудың» асқынғаны соншалықты, әлі күнге дейін бұрынғы КСРО-ның кейбір аймақтары осы ауыр жағдайдан шыға алмай, үрейге толы жаңалықтар мәліметтерінде планетаның «шиеленісті нүктесі» ретінде көрініс беруде. Міне, осыған байланысты менің есіме 2005 жылы наурызда Грузия Президенті Михаил Саакашвилидің Қазақстанға алғаш ресми сапармен келуі барысында бірге өткізген баспасөз конференциясы түседі. Ол сонда журналистердің сұрақтарына жауап бере келіп, өз елінің тәуелсіздікпен өткен он бес жылын өлім халіндегі жан ағзасына дем сала бастаған жағдайымен салыстырған еді. ТМД-ның бірқатар елдерінің экономикасы шамамен осындай жағдайда. Бұл дегеніңіз біздің олардан 11-12 жыл алда екенімізді білдіреді», - деп жазады Президент.

Мұнан ары автор әлемнің бірде-бір елі қалыптасу кезеңінде, ең алдымен мемлекеттің экономикалық негізін қозғайтын дағдарыс құбылыстарынан қашып құтылмағандығын атап өтеді.

«Үлкен күйзелістер мен құлдырауларды Америка, Франция, Англия, Түркия, Германия, Индия және басқа да елдер бастан өткерді. Тек осы сілкіністердің күші ғана әр түрлі болды. Бірқатар елдердің, мысалы, Оңтүстік-Шығыс Азия «жолбарыстары» атанғандардың нарықты қалыптастырудағы «кедір-бұдыры» ішкі саяси тұрақсыздық, жер реформалары мен қаржы дағдарыстары кезеңдері арқылы өтті. Бұл дағдарыстар, Латын Америкасында болғандағыдай, жекелеген елдерде төңкерістер мен азамат соғыстарынсыз өтпеді және әлемнің кейбір аймақтарында қазір де солай өтіп жатыр. Барлық осы қиындықтар арқылы өте отырып, бір мемлекеттер өз экономикасын нығайтуға және әлемдік шаруашылық құрылымында еліктеуге тұрарлық үлгі болуға жарады. Басқа бір елдерде оның нәтижесі аз болды: олар әлі күнге дейін өзара қақтығыстардың, тұрақсыздықтың, сыртқы қарыздардың өсуінен соншалықты ауыртпалық әкелген экономикалық күйзелістердің шытырман бұғауынан шыға алмай келеді», - деп атап өтеді Н.Назарбаев.

Президент мемлекеттің географиялық орналасу жағдайы мен экономикалық дамуының ерекшеліктері, өткендегі тәжірибенің өзгешелігі мен ақыр-аяғы адамдардың менталитеті - осының бәрі реформа нәтижелеріне және түпкі қорытындыларға объективті әсер ететіндігін атап өткен. Алайда, объективтік себептер әрдайым айқындаушы болып табылмайтындығы, өте көптеген жағдайлар осы елдер басшыларының субъективтік сапасына тәуелді болатындығы жайында пікірін білдірген.

«Міне сондықтан біздің мемлекетті құруға кіріскенде, мен олар бастан өткерген табыстар мен сәтсіздіктерді білу үшін көптеген мемлекеттердің негізін салушы тұлғалардың өмірбаянына көңіл қойып таныстым. Өз елдерінің тарихында аса көрнекті тарихи рөл атқарған тұлғалар өнегесі жетерлік. Олар Түркияның тұңғыш Президенті Кемал Ататүрік, американдық 31-ші Президент Франклин Делано Рузвельт, «қытайлық реформалардың әкесі» Дэн Сяопин, Малайзияның бұрынғы Премьер-министрі Махатхир Мохаммад - бұл қатарды әрі қарай жалғастыра беруге болады. Бірақ мен мемлекеттердің негізін салушы болып табылатын және мен үшін жеке басының өнегесімен үлгіге айналған аса көрнекті екі қайраткерді ерекше атап айтқым келеді. Ол - әлдеқашан өмірден өткен Франция Президенті Шарль де Голль, сондай-ақ қазір де күйлі-қуатты өмір сүріп жүріп жатқан Сингапурдың негізін салушы Ли Куан Ю», - деп жазады Мемлекет басшысы.

Бірқатар мемлекеттің тарихына саралай келе Н.Назарбаев мемлекеттің қалыптасу кезеңінде, қиын уақытта демократиялық реформалармен әуестенуге болмайды деген қорытындыға келеді.

Осы ретте Президент «Оңтүстік-Шығыс Азияның кедей елдері 30 жылдың ішінде қайыршылықтан әупірімдеп қалай шықты және өркендеп дамыған индустриялық мемлекеттердің қатарына қалай жетті?», деген сауал қояды

«Олардың алғашқылары Корея, Тайвань және Сингапур еді, сонан кейін оларға Малайзия, Индонезия мен Тайланд келіп қосылды. Сол кезде Байқоңыр айлағынан кеңестік ғарышкерлер ғарышқа ұшып жатқанда, жоғарыда аталған мемлекеттер өздерінің жер реформаларын енді ғана аяқтап, ал сауатсыз шаруалары болашақ мегаполистерді толтыра бастаған еді. Ол ол ма, бұл елдердің көбі өз дамуын мемлекет экономикалық бағдарларын бірден айқындап, елдің экономикалық өміріне күнделікті араласып отыратын жүйенің негізінде бастады. Бұл елдердің үкіметтері өз дамуының белгілі бір кезеңінде өзін жаппай жоспарлаудан дер кезінде аулақ ұстауға және жеке бастамаға көбірек мүмкіндіктер беруге жеткендей көрінді. Мемлекет өз тәсілдерін нарықты шектеу үшін емес, оны ынталандыруға және дамуын жылдамдатуға пайдаланды. Нәтижесінде, бұл елдердегі тәжірибе түріндегі мемлекетті басқарудың азиялық тәсілі - бүкіл әлемде «басқарылатын нарық моделі» деген мойындауға ие болды. Біз үшін Қазақстан экономикасының нарықтық моделін құру кезінде экономикалық шаралардың жан-жақты ойластырылған пакетін жасап қана қоймай, оларды саяси ерік-жігер және дербестігімізді нығайту арқылы соларды дәйекті түрде жүзеге асыру мәселесі тұрды. Жүргізіліп жатқан түбірлі өзгерістердің мәнін ой елегінен өткізіп, одан кейінгі даму тенденцияларын алдын-ала көре білу, ондаған миллион адамдардың мүддесіне сай келетін неғұрлым тиімді қайта құру стратегиясын таңдап алу қажет болды. Оның үстіне мұны қысқа мерзімде жасау керек еді. Тарих ұзақ сонар зерттеулер мен ой қорытуларға уақыт қалдырмады. Әлем екпіндеген күшті қарқынмен өзгеріп жатты. Ал бізге тек экономикалық жүйені ғана емес, жалпы мемлекеттік құрылымды да, оның ең түпкі негізінен бастап, тіпті әрбір қазақстандықтың ой өрісіне дейін осыған бейімдеу қажет болды. Және де сонымен бірге, былайша айтқанда, біз барлық қалған әлемді «қуып жетушінің» жағдайында болдық», - деп еске алады Президент.

1992 жылдың басында жасалған «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» біздің еліміздің орташа мерзімдегі тұңғыш жоспарлау тәжірибесі болды. Бұл өткен жылдардың былығынан даму жолын айқындап алып ойластыруға бағытталған алғашқы талпыныс еді, сондықтан оны бірінші үшжылдық жалпымемлекеттік жоспар деп сенімді түрде атауға болатын-ды. Тәуелсіздік алысымен алғашқы кезектегі маңызды мәселелерді шешуіміз талап етілді. Бірінші кезекте мемлекет ретінде қалыптасуымыз қажет болды. Бұл дегеніңіз биліктің мемлекеттік институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада танылуға жетудің, әртүрлі дүниежүзілік ұйымдарға кірудің қажеттігін көрсетті. Қазір, өткенге қарайлай отырып, бұл жоспар көбіне-көп тірі қалудың стратегиясы ретінде өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол біздің кім екенімізді, таяу және алыс болашақта кім болатынымызды айқындап берді.

Стратегияда: «Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз, асқақ армансыз өмір сүретін адамдарды ұсақ, тоғышарлық мүдде, жеке бастың бір сәттік материалдық пайдасын ойлау стихиясы сөзсіз арбап алады. Сөйтіп, соның салдарынан қоғамдық азғындау басталады. Бүгінде біздің қозғалысымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге әркімнің сенімді болуына мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын да нақты тұжырымдамасы, міне, сондықтан да қажет», - деп жазылған.

Стратегия қазақстандық ұлттың өзін-өзі танып білу жөніндегі мәселенің идеологиялық іргетасын қалаған республиканың тұңғыш ресми құжаттарының бірі болды. Құжатта өткенге қысқаша тарихи шолу жасай келіп, Қазақстанның қазіргі замандағы шекарасы алғашында тайпалардың этникалық мекен еткен ата қонысы, кейінірек қазақ ұлтын құраған және қазіргі Қазақстанның барлық жеріне бақылауын жүргізген халықтың тарихи жері болғанын айтып түсіндірді. Осы арқылы тәуелсіз мемлекет өзінің қазіргі көрінісімен сақталып келгені - ол әлдебіреудің қазақтарға берген сыйы емес, біздің тарихи отанымыз, қазақтың ежелден бергі жері екені ресми түрде мәлімделді. Осы арқылы халыққа айқын бағдар берілді. Сондай-ақ  мемлекеттің унитарлық тұтастығы, оның жерінің бірлігі мен мызғымастығын қамтамасыз ету үшін билік барлық конституциялық амалдарды пайдалана алатыны ашық айтылды. Бұл сондайлық аумалы-төкпелі кезең үшін маңызды мәлімдеме болды.

«Күшті президенттік билікке құрылған егемен мемлекеттің дамуы стратегиялық мақсат ретінде айқындалды. Жас республикаға мемлекеттілік нобайын айқын белгілеп алу қажет болды. Уақыттан ұтылып қалмауды және дағдарыстың әрі қарай тереңдей түсу қаупін ескере келіп, президенттік билік кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін топтасуға және ымырашыл-жартыкештердің ақыл кеңестері мен ізденулеріне көңіл аудармай, қысқа мерзімде алғашқы кезектегі реформаларды жүргізуге мүмкіндік берді. Сол кезеңде негізгі міндеттерді шешуді көздеген жаңа министрліктер құрылды. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет қарулы күштер, дипломатиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар құрылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды. Мұның бәрі ірі қаржы ресурстары мен батыл әрекеттерді талап етті. Осы құжат арқылы біз шаруашылық практикасындағы орнығып қалған консерватизмді, жекелеген басшылар мен тұтастай алғанда тұрғындардың ойлау жүйесіндегі енжарлықты жеңе отырып, меншікке көзқарасты өзгерту жөнінде, бәлкім, тұңғыш рет ең күрделі қадамдар жасадық», - деп атап өтеді Президент.

Бұл стратегия негізгі екі экономикалық принципті жария етті. Біріншіден, бәсекелестікке негізделген әлеуметтік нарықтық экономиканы құру. Екіншіден, адамның экономикалық тұрғыдан өзін-өзі пайымдауы принципін жүзеге асыру үшін құқықтық және басқа жағдайлар жасау. Мемлекет болашақта мемлекеттік меншік үлесінің 30-40 пайызға дейін қысқаратыны туралы ресми түрде мәлімдеді. Алға қойған экономикалық мақсаттарға жету үшін тиісті бюджеттік, салықтық, қаржы-несиелік және әлеуметтік саясатты жүзеге асыру кезінде экономиканы реттеудің жанама тәсілдерін қолдану ойластырылды.

Стратегияның түйінді идеялық мәні «жақсы тұрмыс - баршамыз үшін» деген ұғым болды. Бұл идеяның авторы - белгілі неміс экономисі, ФРГ-нің экономика министрі, кейінде канцлері болған Людвиг Эрхард. Оны кереметтей тиімділікке жеткен Германиядағы нарықтық реформалардың «патриархы» деп атайды. Эрхард реформаларының осындай нәтижесі арқасында «германдық экономикалық керемет» деген ұғым айналымға енді.

Қазақстан «Жақсы тұрмыс - баршамыз үшін» деген принципті ұстана отырып, мемлекет кәсіпкерлік еркіндік пен қызметтің кез келген қалаулы саласына күш жұмсау мүмкіндігін ниет еткен әрбіреуді қамтамасыз ету арқылы баршаға қолайлы жағдай туғызатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда неғұрлым қабілетті, еңбекқор және іскер адамдар қоғамда соғұрлым жоғары әлеуметтік мәртебеге жететін болады. Сонымен бір мезгілде мемлекет экономиканың өсуі мен тұрақтануына, оның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануына қарай еңбек кірістерін, зейнетақылар мен жәрдемақыларды көтеруге уәде берді. Тарихтың өзі көрсеткендей, бұл уәде орындалды.

1992 жылдың аяғында менің бұл стратегия тек үлкен жолдың басы ғана деп мәлімдеуіме сенетіндер аз болды. Дағдарыстың нағыз қызған шағында стратегия әрбір адамның тең мүмкіндіктерді өз еркімен таңдауына және өздерінің экономикалық, әлеуметтік және саяси мүддесін жүзеге асыру үшін экономикалық тұрғыдан өзін-өзі пайымдауына жол ашатын көп укладты нарықтық экономикасы бар кәдімгі демократиялық қоғамды құруға арналған бағытын айқындады. Біз заң, халық еркі мен таза ақыл-парасат билік ететін қоғамды құруға ұмтылдық. Ол іскер де ақылды адамдардан тұратын ауқатты және табысты азаматтардың қоғамы еді.

Үкімет алғашқы үш жыл бойына (1992-1994 жылдары), бізге кездескен саясаттағы және басқа да салалардағы қиындықтарға қарамастан, экономиканы ырықтандыруға, нарықтық қатынастардың заңдық және институттық базасын жасауға, нарықты тұтыну тауарларымен толтыруға талпынды. Экономиканы ырықтандырудың жүзеге асырылуы еліміздің өндірістік және экономикалық әлеуетін қысқартуға ықпал еткен көптеген проблемаларды анықтады. Бұл проблемалар экономиканың техникалық жағынан артта қалуымен, тауарлардың және қызмет көрсету түрлерінің бәсекеге қабілетсіздігімен, мемлекеттілік және нарықтық институттардың, заңдық базалардың, қаржы және кадр ресурстарының болмауымен байланысты еді.

Сол кезеңде Қазақстан мен оның басшылығы атына көптеген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан айтылған өте көп сындар, кейде тіпті ақылға сыймайтын сандырақ пікірлер мен пайымдаулар болды. Бұл мәлімдеулерде Қазақстанда реформа жүргізудің орындылығы, шекараны қайта қарау мүмкіндігі және тағы басқалар туралы мәселелер өткір қойылды. З. Бжезинский бастаған американдық саясаттанушылар республиканың көпұлтты құрамына байланысты қорқынышты ішкі этносаралық қақтығыстардан немесе бізді Ресей, Қытай, мұсылман мемлекеттері секілді елдердің жұтып қоюынан қауіптенді. Мысал үшін З. Бжезинскийдің «Ұлы шахмат тақтасы» кітабынан мынадай үзінді келтірсек те жеткілікті: «Бұл республикаларда тек элита өкілдері ғана емес, тіпті, қарапайым адамдардың да барған сайын ұлтшылдық пиғылға ауысуы және, сірә да, көп жағдайда мұсылмандық бағытты ұстануы болмай қалмайтын нәрсеге айналуда. Қазақстанда, яғни табиғи ресурстардың үлкен қоры бар, бірақ 20 млн. адамдай ғана тұрғыны орналасқан, қазақтар мен славяндар арасында шамамен тең болып бөлінген ұланғайыр елде, лингвистикалық және ұлттық алауыздықтың, байқауымызша, өрши түсу тенденциясы бар».

Тарихтың өзі көрсеткендей, бұл «болжамдардың» бәрі жүзеге аспады. Ол ол ма, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі он жылдан соң, посткеңестік кеңістікте, Қазақстан көптеген салаларда көшбасшы болды. Елімізде тұрақты әлеуметтік-саяси жағдайдың сақталуы, ұлттық валютаның табысты енгізілуі, халықаралық қаржы институттарына кіруі және экономиканың әкімшіл-әміршіл принциптерінен түбегейлі бас тартуы, осының нәтижесінде, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанды мойындауы - экономика саласын реформалаудың алғашқы кезеңіндегі басты жетістіктер осындай болды, - деп түйіндейді ойын Н.Назарбаев.

Президент ол кезде жалпы жұрттың санасында түсінбеушілік қатты орын алғандығын да ашық жасады. Елбасының атап өтуінше, белгісіздік тұманы арасынан келешектің негізгі үш түрі қылаң берген. Олар: әлі де өте күшті социалистік идея, дәстүршілдік және либералдық идея еді. Алайда жағдайды сараптап келгенде қоғам дамуының көптеген елдер сынап көрген дайын нұсқаларының барлығы бірдей бізге сай келмейтініне Президенттің көзі толық жеткен. Өйткені, социалистік идея жөніндегі ахуал біршама түсінікті болды. Дәстүршілдік жөніндегі жағдай күрделірек болды. Ұлтты сақтау үшін мәдениет саласында дәстүршілдік өте маңызды екеніне қарамастан, ол саясаттан жол тауып шығуға болмады. Сонда қоғамдық құрылымның архаистік түрі - ру-тайпалық психологияны тірілтуге негізделген саяси идеологияның дәстүрлі үлгісі бізге мүлде қабыспайтынын Елбасының сан мәрте ескертуіне тура келді әрі саяси қызметі кез келген трайбалистік пиғылдың жолын кесуге бағытталып отырды.

Либералдық идея жөніндегі жағдай да қиындау еді. 1990 жылдардың бас кезінде либералдық идея элита өкілдерінің көпшілігіне барлық аурудан айығудың еміндей болып көрінген.

«Мемлекет қайраткері ретінде маған соншама тез сенгіштіктің қажеті жоқ еді. Иә, либералдық идея Батыстың әлемдік саясат теориясы мен тәжіри- бесіндегі ең әйгілі әрі көрнекі үлестерінің бірі және планетаның тұтастай аймақтарында үстем саяси идеология болатын. Дегенмен, сол кезде-ақ батыстық либералдық идеологияны Қазақстанға қарапайым тәсілмен ауыстыру кезінде оны іске асырушылар - кең мағынада, соның ішінде саяси мағынада - мәдениет сынды құбылыспен қақтығысатыны түсінікті болды. Оның сипаты мен мұраттарын лезде өзгертуге болмайтын еді. Саяси мәдениеттің тұрпатын біртіндеп, өркениеттілік әдіспен нақты реформалар негізінде түбегейлі жаңарту қажет еді. Бұл айтылғандардың бәрі сонау 1993 жылы болғанын еске сала кетейін. Бүгінде бұл сипаттаулардың бірде-бір сөзін өзгертуге болмас еді. Біздің бағыттардың жүйесі соншалықты айқын болып ұсынылды. Бұл өте ықшамдалған бағдарлама еді. Саяси және экономикалық салаларда төрт бағыт және идеялық біріктіру саласында да төрт бағыт болды. Мен сол кезде жария етілген бағыттарды өзгерткенім жоқ. Ал енді осының төрелігін өздеріңіз айтып көріңіздер. Бірінші. Формальді-құқықтық тәуелсіздіктен нақты тәуелсіздікке ауысу міндеті қойылды. Екінші. Бұл кезеңде мемлекеттілікті нығайту стратегиялық бағыт болып таңдалды. Бізде мемлекеттілік атрибуттары енді ғана пайда болған еді. Үшінші. Жүйелі және кең көлемді экономикалық реформалар бағыты таңдап алынды. Төртінші. Сыртқы экономикалық әріптестерді таңдаудағы прагматизм және тұтастай прагматикалық сыртқы саясат. Идеологиялық жаңарудың мән-мағынасы мынадай төрт бөліктен тұрды. Біріншіден, ұлтаралық келісім. Біз бұл идеяны кейінгі жылдары тамаша жүзеге асырдық. Екіншіден, ішкі ұлттық бірлік. Біз ру мен жүз, аймақтар және басқа да аумақтық бірліктер бойынша қазақтардың өздерінің жікке бөлінушілігін болдырмауға қол жеткіздік. Көптеген елдер үшін, бүгін біз көріп отырғандай, бұл тек актуальды ғана емес, қайта қатаң саяси проблема түрінде сақталып келеді. Үшіншіден, қазақстандық қоғамды жаңғырту идеологиясы жария етілді. Азаматтық қоғам институттарын, көппартиялылықты, тәуелсіз ақпарат құралдарын, үкіметтік емес ұйымдарды құру - осының бәрі жаңартылған идеология жүйесіне кірді. Ақыр соңында біз діни қозғалыстар әлеуетін де дұрыс бағаладық және діни төзімділік пен дін ұстанушылар бостандығы қажеттігін қағида етіп алдық. Бұл ережелердің бәрі де уақыт сынынан сүрінбей өтті», - деп қорытады ойын Президент.

«Президент Меморандумы, 1994 жыл» деп аталатын тарауда «Реформаның табысты болуы оған аймақтардың белсене қатысуына байланысты» атты сөйлеген сөзінен үзінді келтірілген: «Біріншіден, мынаны атап айту қажет: Қазақстан тәуелсіз егемен мемлекет ретінде орнықты, бейнелеп айтқанда, дүние жүзінің саяси картасынан өз орнын алды; Екіншіден. 1995 жылы тамызда жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің мемлекеттік құрылымының іргетасы қаланды. Сонымен бірге мемлекеттік құрылыстың бірінші кезеңі аяқталды; Үшіншіден. Мемлекеттілікті нығайту мен күшейту мәселелерін шеше отырып, біз ұлтаралық келісімге, саяси тұрақтылыққа, демократиялық үрдістердің дамуына, жаңа саяси институттардың қалыптасуына ерекше маңыз бердік және береміз. Елімізде әу бастан-ақ азаматтық құқықтар мен адам бостандығына басымдылық берілген; Төртіншіден. Реформаларды жүзеге асыруға және экономикалық дербестікке жетуге байланысты экономикадағы қаулаған бейберекет және көбіне дағдарысты үрдістің кезеңі аяқталды. Ол анағұрлым ақылға қонымды және басқарылатын арнаға түсті, дайындалған нақты бағдарламалар мен жоспарлар бойынша әрекет етуге жағдай туғызады, яғни оқиғалардан кейін қалмауға, қайта олардың дамуын алдын-ала болжауға мүмкіндік береді. Ақырсоңында, бесіншіден. Біз әлеуметтік проблемаларды шешуге тікелей кірісе алдық. Зейнетақы мөлшерін көтере бастадық, зейнеткерлер алдындағы борышымызды өтедік, бюджеттік салада жалақы өсіріле бастады. Ауылға нақты қолқабыс жасала бастады».

Егемен Қазақстанның бірінші стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындысы осындай болған еді.

1995 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан-2030» деп аталатын ұзақмерзімді стратегия әзірлеу туралы шешім қабылдады.

Отыз жылға жоспарлау көкжиегін таңдау басты екі фактормен белгіленді. Біріншіден, отыз жыл бір буынның белсенді өмір кезеңін көрсетеді. Екіншіден, Қазақстанда мұнай қорын бағалау мен балама энергия көздерін енгізу мүмкіндігі бойынша, сондай-ақ ұзақтығы 30-40 жылдық дайын бөлік болды. Мәселен, басқа мұнай компаниялары үшін бағдар болған «Шевронмен» де 40 жыл мерзімге келісімге қол қойылды.

«Қазақстан стратегиясы-2030» төрт кезеңге бөлінді: 1997-2000 жылдар - дайындық кезеңі, 2000-2010 жылдар - бірінші кезең, 2010-2020 жылдар - екінші кезең және 2020-2030 жылдар - үшінші кезең. Сол аяқталған кезде Қазақстан дамыған елдер санатына енуі керек. Стратегия энергия қуаттарының қорлары мен бағасына қарай біздің ел дамуының оптимистік, базалық және пессимистік үш сценариін болжады. Айта кетер болсақ, кейінгі жылдары мұнай бағасының деңгейі, тіпті бір баррелі үшін 18 АҚШ долларына жуық деңгейге бағыт ұстаған Стратегияның оптимистік сценариі көрсеткіштерінен асып түсті. Салыстыру үшін айтсақ, 2000 жылы мұнай бағасы 28,2 АҚШ долларын құраса, ал 2006 жылы мұнайдың бір баррелінің орташа құны 60 АҚШ доллары деңгейінде тұрды.

2012 жылғы желтоқсан айындағы Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н. Назарбаевтың «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ - ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауын еске түсірсек. Онда Мемлекет басшысы бұл стратегияда еліміздің табысты дамуы жоспарланғандығын атап, оның көптеген параметрлерінің мерзімін бұрын орындалғанын өткен еді.

Ендігі уақытта еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиясы деп аталатын жаңа саяси бағдарды бетке алуда. Онда 2050 жылға қарай елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсаты қойылған.

«Қазақстан жолы» кітабының екінші тарауында 1995 жылы ел Конституциясын әзірлеу тарихы жайында сыр шертіледі.

«Бүгінде біздің еліміз 1995 жылғы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Бүкілхалықтық референдумда қабылданған осы Негізгі Заң, шын мәнінде, қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды өзіне басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкершілікті өз мойындарына қабыл етті. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырады және біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді Президент.

Мұнан ары «Каспий үшін күрес және мұнай дүмпуі», «Теңге - біздің тәуелсіздік нышанымыз», «Мемлекеттік меншіктен - жеке меншікке», «Ұлттық қаржы жүйесі», «Жер мәселесінің эволюциясы», «Жұлдыздарға жол салған Қазақстан», «Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» деп аталатын тараулар бар.

Мұның барлығына бірдей тоқталмай таяу күндері елордамыз кезекті туған күнін атап өтетін болғандықтан оның тарихына қатысты аздаған деректерді Елбасы ауызынан оқырман назарына ұсынсақ.

«Біздің жас елорданың негізінің қалануы мен қалыптасуының егжей-тегжелі менің «Еуразия жүрегінде» атты кітабымда жазылған, ал мұнда сол көшіру тарихының өзін, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында жаңа астананың қаншалықты рөл атқаратынын мән-мағынасын ашып бергім келді. Ел дамуының жаңа кезеңінде жаңа астана, Қазақстан ұлтын біріктіретін еліміздің бас қаласы ғана болып қалмауы керек. Астана қарқыны қауырт экономикалық белсенділікті қамтамасыз ете отырып, болашақта бүкіл Еуразияның экономикалық мегаполистерінің біріне айналуы тиіс. Осы факторларға сүйене отырып, барлық жол тораптарының тоғысатын жеріндегі астананың ор- нын анықтауымыз керек болды. Сонымен бірге соған таяу маңға өнеркәсіп орындарын орналастыру және оларға қажетті білікті мамандардың болуы да естен шыққан жоқ. Елордасы болуы үшін осы айтылған өлшемдер мен белгілерге осы белдіктегі қалалардың ішінде бірден-бір сай келетіні Ақмола болып шықты. Иен далаға осы заманғы қаланы салу мүмкін емес, бұл өлкені көтеру, тек кеңестік кезеңде, тың көтерумен ғана байланысты болды деген сөздерді мен талай рет естідім. Бірақ та қазіргі Астана тұрған жер - ықылым заманнан адам қоныс қылған өңір. Ежелгі және қазіргі зерттеушілердің еңбектерін мұқият оқып қарасақ, Ақмола жерінің қашанда әр түрлі тайпалар мен мәдениеттердің бір-біріне өзара ықпал жасағанын, ауыс-түйісі мол болғанын көреміз. Сонау, біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасында, осы сайын даланың төсін басып, әйгілі қырдың жолы өткен. Соның жайы ежелгі грек тарихшысы Геродоттың еңбектерінде айтылады. 1998 жылы археологтар қазіргі Астанадан бес шақырым жерден ортағасырлық қала - Бозоқтың орнын тапты. Дәл қазіргі Астана тұрған аумақ арқылы XVI ғасырда Сібір - Орта Азия керуен жолы өткен. Бозоқ Қыпшақ хандығының астанасы болған. Ақмола тарихындағы екінші көтерілу дәуірі кеңестік кезеңмен байланысты. Өзінің қолайлы географиялық жағдайының арқасында, Кеңес өкіметі жылдарында, Ақмола жерінде, қаланы Одақтың темір жол жүйесіне қосқан және көлік ағынына ілестіріп әкеткен темір жол магистральдары салынды. Бұл, өз тарапынан, өнеркәсіптің әр түрлі салаларының кең дамуына және Ақмоланың ірі көлік торабына айналуына алып келді», - деп жазады кітап авторы әрі Қазақстанның жаңа астанасының бас сәулетшісі.

Президент  елорданы көшіру дәйектігіне көпшілікті, оның ішінде ең жақын серіктестерін де көндіру оңайға түсе қойған жоқ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа астананы орналастыруға қолайлы жерді табу мақсатында, республиканың бүкіл аумағына жан-жақты зерттеу жүргізілді. Астана 32 өлшемге сәйкес болуы керек еді. Осы өлшемдердің ішіндегі аса маңыздыларына: әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, климат, ландшафт, сейсмикалық жағдай, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылымының болуы, оның болашағы, коммуникациялар, құрылыс кешені және еңбек ресурстары жатады.

Жүргізілген зерттеулер, барлық нұсқалардың ішінен ең қолайлысы Ақмола екендігін көрсетті. Қаланың жағдайы, оның аумағы кез келген сәулеттік қадамдарды іске асыруға мүмкіндік беретін. Ақмола Қазақстанның географиялық орталығына жақын жатты және маңызды шаруашылық аймақтары на таяу, ірі көлік магистральдары түйіскен жерде орналасты. Осылайша таңдау Ақмолаға түскен еді.

Кітап мемлекет қайраткерлерінің естелігі ғана емес, сонымен қатар егемен еліміздің тарихына қатысты ең қиын, күрделі кезеңдерді тартымды баяндайтын тамаша очерктер жинағы десек те болады.

Соңғы жаңалықтар