Тәуелсіздігіміздің бәрімізге артар міндеті мол - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
А. Желтоқсанның  15-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанадағы «Қазақстан» Орталық киноконцерт залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен республиканың Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты шара өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздігіміздің бәрімізге артар міндеті мол. Дүниеде Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Лайым алдымыздан жарылқасын деп бәріміз тілеп едік, сол тілегіміз орындалды», деді Елбасы.

Қазақстан тәуелсіздік жолына қатар түскен өзі теңдес елдердің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көшбасшы мемлекетке айналғанына тоқталған Президент, еліміздің ішкі жалпы өнімінің мөлшері Орталық Азия мемлекеттерінің барлығын қосқанда асып түскенін айтып өтті. Елбасы Қазақстандағы тұтыну тауарларының қамтамасыз етілуі осы жылдар ішінде 5 есеге өскенін, сондай-ақ еліміздегі тұрғын үй қоры соңғы 10 жылдың ішінде 30 млн. шаршы метрге өскенін жеткізді. «Осының бәрі, сол айтқан тілегіміздің орындалғаны емес пе?», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өтті. «Қазақстан бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдер арасында, бүкіл түркітілдес мемлекеттер арасында, бүкіл мұсылман елдері арасында 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға тұңғыш төрағалық етеді», деді Н. Назарбаев.

«Тәуелсіздіктің таңсәрі шағында  мұндай саны аз, оның ішінде қазақтары елдің жартысына да жетпейтін халық осыншама жерді игере алмайды дегендердің сәуегейлігі ақталған жоқ», деді Елбасы.

Президент іргелі ел болуымыз бірліктің арқасында болғанын айта келе, сол  кезеңде Қазақстан тәуелсіздігін қолдаған, туған еліміздің өркендеуіне жағдай жасаған  барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар