Тәуелсіздік біз үшін көзіміздің ағы мен қарасындай қымбат - Бақытбек Смағұл
Айта кету керек, депутат Б.Смағұл - «Ауғанның от жалыны», «Мен көрген соғыс», «Война, которую видел я», «Қан кешкен күндер», «Намыстың құлы - Алаштың ұлы», «Қаhарман», «Үш қырлы жебе» кітаптарының авторы.
- Бақытбек Смағұлұлы, Сіз адамзатқа қасірет әкелетін соғысты бастан кешкен адамсыз. Сондықтан да бейбіт өмірдің және тәуелсіздіктің қадірін жақсы білетін азаматтың бірісіз. Тәуелсіздіктің бағасын қалай сипаттар едіңіз?
- Өзінің кезеңіне келгенде жанартаулар жарылмай ма? Ол бекерден бекер жарылмайды. Әбден уақыты келгенде бар күш-қуатымен аспанға атылады. Сол сияқты сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған азаттық жолында миллиондаған адамның қаны төгілді. Ата-бабаларымыз үшін ұлан-ғайыр даланы қорғап қалу оңайға түскен жоқ. Қан жұтып жатқан қара жердің өзі жалықты ма дерсің! Себебі қазақ халқының қанымен, арымен, ананың сүтімен келген бұл тәуелсіздік шынында да азаттық аңсаған алаш жұртының күрескерлігін, қайраткерлігін әлемге көрсетті деп толық айта аламыз.
1991 жылы сындарлы кезеңде еліне, халқына тәуелсіздік таңын сыйлау біздің Президент Н.Ә.Назарбаевтың бағы десек, ол бақты баянды ету, оған еңбегіңді аямау оңай шаруа емес. Мемлекеттік құрылымның барлық тетіктері үздіксіз айналып, барлық саласы үздіксіз айналған жағдайда, біз жетістіктерге жеттік деп айта аламыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе, шошып оянатындай ауыр-ауыр тағдырларды басынан кешті. Тіпті жер бетінен жойылып кететіндей кезі де болды. Бірақ азаттыққа деген арпалыс, тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі таңға жеткізді» деген терең мағыналы сөзі бар.
Азаттық алып, көптеген жетістіктерге жеттік. Тұмшаланған мәселелер шешімін тапты. Жат жұртта жүрген, тарыдай шашылған, тағдыры талқан болған қазақ «Ата жұртым, азаттық алған туған елім» деп елге көшіп келе бастады. Азаттығың болмаса, оларды шақыра аласың ба?!
Бейбіт күннің астында қыранын қалықтатқан көк байрағымыз желбіреді, ел рухымен бірге көкке көтерілді. Елдігімізді айшықтап, Елтаңбамызды әлемге таныттық. Әнұранымыз шарықтады. Сөйтіп, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Олардың бәрі жансыз, ал оған жан беретін - халық. Сол халықты қиындыққа соқтырмай, ауыр кезеңде өзімен бірге алып жүріп, алға қойған мақсаттарға қол жеткізе білген елден шыққан Елбасымыз. Алғашқы жылдары елдің дамуы үшін тағдырлы реформалар жасалды. Тәуелсіздікті нығайта түсу үшін ол мылтықсыз майданның ортасында жүріп, алпауыт мемлекеттердің арасында кездескен қиындықтармен жағаласа отырып, жол таба білді. Ол халықтың көптен күткен арманына, бақытына туылған тұлға. Көптеген халықаралық келісімдер жасалды.
Елордамыз Қазақстан аумағының ортасына көшірілді. Ел азат болмаса, астана сала ала ма?! Астана түгілі, баспана таба алмай жүргендер аз емес. Астанамен бірге елдің экономикасы, рухани дүниелеріміз, мәдениетіміз, тіліміз, дініміз, діліміз өркен жайды. Мәңгілік елді қалыптастыру жолында халқымыздың ұлттық құндылықтарын әлем назарына шығару бүгінгі ұрпақтың еншісіне тиіп отыр. Біздің елдің басшысы терең саясатты ұстанған тұлға. Әлемдік деңгейдегі саясатты халыққа ұғындыра білді. Халқы осы жолдан адаспай жүріп отырды. Елдің дамуы басшыға тікелей байланысты. Алпауыт елдермен іргелес өмір сүрген соң, оның жауапкершілігі де, ауыртпашылығы да өте жоғары болары сөзсіз.
Өткен жылдардың салмағы жеңіл болған жоқ. Соны бағалауымыз керек. Бізді ешкім санатқа қоса салған жоқ. Сондықтан да тәуелсіздік біз үшін көзіміздің ағы мен қарасындай қымбат!
Біздер - Ауған соғысының ардагерлері жат жерде жан алысып, жан беріссек те, сол кездегі саясаттың құрбандығына шалынсақ та, аман-есен келдік. Қандай соғыс болмасын, соғыста әділеттілік жоқ. Ол адамзатқа қасірет әкеледі. Адамның қаны төгіліп, жаны қиылады. Соғыста жеңіске жеткендердің де, жеңілгендердің де жетіскенін көрген жоқпыз. Өйткені онда тек қана өлім. Соғыс дегеніміз қайғы жұтқан адам, жақындарынан айырылып, босқан халық, қаңыраған отбасы. Оларды жұбату, жүректегі жарасын жазу өте ауыр. Соғыс салған жүректегі жарақат бірнеше жылдарға созылады. Соғыс бүгініңді ғана бүлдіріп қана қоймайды, болашағыңа да балта шабады.
Бүгінгі азаматтар еңбек майданында ел дамуына өлшеусіз үлес қосуы керек. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі - тұрақтылық пен тыныштықта. Өз ішімізде тыныштық сақталмаса, біз сыртқа бейбіт ел болып көріне алмаймыз.
Президент жиі айтып жүргеніндей, елдің бірлігімен ғана алға басамыз. Бірлігімізбен ғана біртұтас мемлекет болып, ғасырдан ғасырға көшеміз. Сол арқылы Мәңгілік елді құра аламыз.
- Осы тұтса елдің тыныштығын қорғау, бірлігін сақтау туралы ойларыңызбен бөліссеңіз?
- Лиссабон хаттамасына қол қойылып, Қазақстан ядролық қарулардан бас тартты. Көп елдер оған қол жеткізе алмай жатқан шақта, біздің ел неге бас тартты? Себебі мұндай қару-жарақпен дамудың өзі, өзінің саяси және әскери молдығына ғана жүгіну бейбітшілікті сақтауға оң ықпалын тигізе бермейді. Және де егемендігіне енді қол жеткізген елдердің өмірлік мүдделерімен сәйкес келмейді. Ел ішіндегі татулық ыдыраса, ол кейбір елдердің ойынына айналуы қиын емес. Ішкі татулық ортақ мүдденің негізгі арқауы. Әділетті көздің қарашығындай сақтай алған жерде ғана елдің тұрақтылығын қамтамасыз ете аламыз.
Мысалы, басқыншылық орнаса, басбұзарлыққа жол берілсе, бір-біріне құлақ аспаса, әркім өз мүддесін көздесе, елдің басшысы алға қойған мақсатымен санаспаса, ел ішіндегі ынтымақ кетіп, алауыздық болады. Ол барып, өшпенділікке ұрындырады. Жаппай өшпенділік жайлаған жерде ел іші бүтінделе қоймайды. Ел билігі қолдан қолға өтіп, халық тоналған үстіне тонала береді. Өмірде ондай мысалдар өте көп. Сондықтан да ауған соғысын бастан кешкен адам ретінде алған тағылымдарым осындай. Абыройлы халқымыз бен ұлағатты ұлтымызға мұндай кеселдің бетін аулақ еткей деп тілейміз. Талай ғасыр қолымызға түспей келген тәуелсіздікті енді ешкімге де, ештеңеге де айырбастамай, оның мұқалмауы үшін абай болуымыз қажеттігін әрқашан есте ұстауымыз керек.
- Ел болып жетістікке жетуде ұлтаралық келісімнің де маңызы зор емес пе?
- Иә, тек қана бір ұлттан тұратын бірде-бір мемлекет жоқ. Немесе адамзат баласында тек бір халықтың басына ақылды үйіп қойған жоқ. Сан түрлі ұлт өкілдерімен бірге өмір сүріп жатырмыз. Ұйыған қатықтай ынтымағы жарасқан елде ғана ортақ мүдде, бір мақсат болады.
Келесі жылы болатын қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын салтанатты түрде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Осындай тарихи белестердің елеулі кезеңдері жаңа қазақстандық патриотизмді өскелең ұрпақтың жадына сіңіруде айрықша рөл атқарады.
Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсат - ел ішіндегі татулықты сақтаумен бірге, ол ұйымның қызметін әлемге үлгі ете білу. Мемлекетті бірлікте ұстауда мұндай ұйымның рөлі жоғары болатынын қазір дүние жүзі мойындады. Біздің географиялық орналасуымыз да Еуразия құрлығында жатыр, сондықтан бізбен бірге тұратын көп ұлттың тағдыры Қазақ елінің кешегі тарихымен, бүгінімен және болашағымен тікелей байланысты.
Біздің елде тұратын азаматтарға ешқандай шектеу жоқ. Діни сенімі болсын, тарихын білемін десе де, тілі мен мәдениетін сақтаймын десе де, заң аясында өз дәстүрін іске асыруға мүмкіндік берілген.
Өзіміздің асыл дініміз исламнан басқа наным-сенімдері бұрыннан қалыптасқан діндердің де басын қосып, әлемдік діндердің съезін өткізу, басы бірікпеген қарама-қайшы көзқараста болған дін өкілдерінің де басын қосу арқылы Қазақстанды мойындату болып табылады. Дәстүрлі діндермен әлем елдері санасады. Әлем санасатын мәселемен біз де санасамыз.
Ал Жеңістің 70 жылдығын атап өтуіміздің де өзіндік мәні мен маңызы бар. Себебі бір кезде ортақ Отанымыз болып саналған Кеңестік дәуірдегі біздің батыр әкелеріміздің достықты, татулықты ту етіп, елін, ата-анасын, болашақ ұрпақты қорғағаны тарихтан белгілі. Ондай ерлік жолдары ұмытылмауы тиіс. Біздің бабаларымыз жауға қарсы шыққанда ерлік көрсетіп, қан майданның алдыңғы шебінде жүрді. Сол әкелердің бүгінгі бейбіт замандағы ұрпағы біліммен шыңдалып, иманмен нұрланып, тәуелсіз елдің ертеңгі жетістіктері үшін аянбай еңбек еткенін қалар едім. Игілікті істің алдында болу - азаматтың ар-намысын көрсететін өлшемдердің бірі емес пе?!
Біз елдікті, еркіндікті, бірлікті сақтаған жағдайда, бақытты ұрпақ атанамыз деп ойлаймын. Бұл міндеттерді ұмытпау, нығайта түсу барша Қазақстан азаматының борышы болуға тиісті.
23 жылдағы жүріп өткен жолымыз күрделі әрі қиындығы аз болған жоқ, сонымен қатар биік белестерге толы болды. Мен деген мемлекеттердің қатарында тұру, олардың ойларынан озық шығу оңай атқарыла қалған іс емес. Әрбір секунды жауапты кезеңде, көздеген межеңе жетістікпен жетіп отыру салғырттық танытқандардың қолынан келмейді.
- Мемлекеттік мереке, елдік құндылықтар және ұлттық рух туралы көкейден шыққан көрікті ойларыңызбен бөліскеніңізге ризашылығымызды білдіреміз.