Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпір ашылса, кептеліс мәселесі шешіле ме

«Жыл соңына дейін Тәуелсіздік көпірі арқылы жол қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аталған көпір жол қозғалысын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді. Айтар болсақ, Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы және тағы басқа көшелер бойында жол қозғалысының аясы кеңейе түспек», - деп жауап берді Нұрлан Әлімжанов ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына.
Көпірдің жалпы ұзындығы - 910 м, ені – 36 м, ал шамдардың биіктігі - 5-тен 16 метр аралығында болады.
Айта кетсек, аталған жобаның негізгі тарихи мотиві - тың жерлерді игеру үдерісін көрсету. Көпірде 4 баған бар, олар ою-өрнектермен безендіріледі.
Көпірдің жоспарына сәйкес, кең тротуарлар, велосипед жолақтары және кіреберіс қарастырылған.
Тәуелсіздік көпірі елордадағы Есіл өзенінің оң және сол жағалауын байланыстырады. Бұл жоба «Астана - жайлы қала» жоспары аясында жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, бұқаралық спортты насихаттау мақсатында ойын алаңдары мен көпір маңында қоғамдық кеңістіктер құру жоспарланған.
Еске салайық, биыл қаңтардың соңында Мемлекет басшысы елорданы одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сол кезде Президент Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысын жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін айтқан еді.