«Тәуелсіздік дәуірі» кітабы біздің көптен күткен дүниеміз - Мырзатай Жолдасбеков

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабына байланысты атқарылған ақпараттық жұмыстарды қорытындылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы шыққаннан бері жер-жерде талқыланып жатыр. Соның ішінде «Егемен Қазақстанда» бүгінге дейін 50-ден астам мақала жарияланды. Кітапқа байланысты телеарналарда да талқылау жүруде. Кеше Парламентте, Ассамблеяда талқылау болды. Шын мәнінде Тәуелсіздік энциклопедиясы іспетті, жасампаз жылдар жылнамасы іспетті бұл  кітапты бүгін ел ағаларымен талқылайық деп жиналып отырмыз», - деді дөңгелек үстел отырысын ашқан «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі.

Осыдан кейін ол Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасымен бірге мемлекетімізді құруға атсалысқан, кітапта айтылған жайттарға куә болған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековке сөз берді.

«Біздің тарихшыларымыз әлі күнге дейін қазақ тарихын тұтас жаза алмай жүр. «Ата тарихының баяны» деп кітап жазсаңдаршы, деп үнемі айтып та келемін. Жас ұрпақ ата тарихын білуі керек. Өйткені, қазір ешбір мемлекеттің, елдің тарихшылары мұны теріс дей алмайды. Мәселен, біздің Ұлы даламызға өзге жерден біреу келіп мемлекет орнатыпты, қолғабыс тигізіпті дегенді тарих білмейді, ондай із де жоқ. Ал Ұлы даладан өзге елге барып мемлекет құрған, олардың көсегесін көгерткен, керек болса солардың ішіне сіңіп мемлекет құрған тұлғалар тарихта өте көп.  Елбасымыз да: «Қазақтың тарихы ешкімнен ұялмайтын тарих. Және ол тарих тұтастану, бірігу тарихы» деп айтты. Ал осы ретте «Тәуелсіздік дәуірі» деген кітап біздің көптен күткен дүниеміз еді. Оны тарихшылармыз жаза алмады. Шындығына келгенде бұл Тәуелсіз Қазақстанның тарихы, тәуелсіздігіміздің тағылымы», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Оның пайымынша, Қазақстан Президентінің бұл кітабын еліміздің барлық мектептерінде, жоғары оқу орындарында, қажет болса жоғары кеңселерде де оқыту керек.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің шекарасын шегендеудегі ерен еңбегіне кеңінен тоқталса, ақын Несіпбек Айтұлы елордамызды Алматыдан Астанаға көшірудегі көрегендігіне қатысты ойларымен бөлісті.

Ал саяси ғылымдар докторы Нәубет Қалиев аталған кітап құрылымының барша оқырман қауымға пайдалы екендігін баса айтты.

«Ең алдымен Президент бұл кітабында бүкіл елдің тарихи кезеңін жаңғыру категориясымен талдайды. Бұл саясаттану ғылымында соңғы 50 жылда әбден сіңісті болған. Бірақ, біз өркениеттен кеш қалып, оны пайдаланбадық. Өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап әлемде 70-ке жуық мемлекет пайда болды. Солардың барлығы жаңғыру жолына түсті немесе түсуге тырысты. Бірақ, бәрі шеше алмады. Өйткені, мемлекет құру өте қиын. Ал бұл кітаптан шығатын қорытынды, біздегі жаңғыру жоғарыдан болуда. Яғни, Елбасының  мемлекет құрушылық еңбегінің нәтижесі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар