Тәуелсіздік күні қарсаңында 3,5 мың жас шекарашы ант қабылдады
Нақтырақ айтқанда, Шекара қызметіне жаңадан келген үш жарым мыңға жуық жастар әскери ант қабылдап, Мемлекеттік шекараны заңды түрде қорғау құқығына ие болды.
Осылайша жас сарбаздардың өмірінде жаңа әскери қызмет басталды. Бұл күн жастар үшін ғана емес, олардың ата-аналары, ағайын-туыстары үшін де шын мәніндегі мерекеге айналды.
Алаңдағы салтанатты жағдай, оның безендірілуі, ол жерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Әскери тудың қойылуы - сарбаздар үшін ғана емес, қонақтар үшін де өте әсерлі болды десек артық айтқандық емес. Бұл шара елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы жауапкершілік жүгін арттыра түскендей.
Жас сарбаздар Отанды қорғауға, оның Конституциясы мен заңдарын толық сақтауға, әскери жарғы талаптарын, әскери міндетін абыроймен орындауға, Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығын қасық қаны қалғанша қорғауға ант етті.
Әскери ант беріп, әскери қызметке адал болу - бұрыннан қалыптасқан әскери салт-дәстүр.
Салтанатты шараға сондай-ақ шекара қызметінің құрметті қонақтары мен ардагерлері шақырылды.
Жас жауынгерлерді салтанатты шарамен құттықтауға келген ата-ана, ағайын-туыстары жауынгерлердің қызметімен, тұрмысымен де танысты. Ол үшін әрбір әскери бөлім қолдан келгенше барынша ашық болуға тырысты, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.