Тәуелсіздік күні қарсаңында қордайлықтарға Қаракемер-Қарасай жолы тарту етілді
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында басты бағыттардың бірі ретінде Қазақстанда жол-көлік инфрақұрылымын дамытуды атады. Мемлекет басшысының саясаты бірінші кезекте, қазақстандықтарға қамқорлық көрсетіп, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, - деп атап өтті жолдың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Қаракемер-Қарасай жолының пайдалануға берілуімен Қырғызстанмен шектескен округ тұрғындарының көп жылдардан бергі мәселесі шешілді. Бұрын Қордайға жету үшін ауылдықтар Қырғызстан аумағы арқылы өтіп, мемлекеттік шекараны екі рет кескенде сәйкес кедендік шаралардан өтулері керек болатын.
2012 жылға дейін қарасайлықтар Қордай ауылына Қырғызстан арқылы барып жүрді. Алайда мемлекеттік шекараның белгіленіп, онда жүріс-тұрыстың шектелуі оларды бұл мүмкіндіктен айырды.
Қарасай ауылы тұрғындарының сөзіне қарағанда, бұрын олар Қаракемерге дейін жолсыз даламен үш сағат уақыт жүрсе, қазір оған небәрі 30 минутта жетуге болады. 1,42 млрд. теңге жұмсалған облыстық маңызы бар Қаракемер-Қарасай жаңа жолының ұзындығы - 28,8 шақырым.
Аймақ басшысы соңғы төрт жылда облыста жолдарды жөндеп, салу үшін 36 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. Оның екі миллиард теңгесі Қордай ауданында игерілді.
Жамбыл облысында жергілікті маңызға ие автокөлік жолдарының ұзындығы 4123,9 шақырымды құрайды. Оның ішінде облыстық маңыздағы жолдың ұзындығы - 2214,7 шақырым, ал аудандық маңызға - 1909,2 шақырымы ие.