Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркі академиясының президенті «Күлтегін» сыйлығымен марапатталды
Жиынға қатысушылар тәу етер Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен Қазақстанның толайым жетістіктері туралы өз пікірлерін білдірді. Академик Сейіт Қасқабасов: «Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келген жоқ. Осы жолда күні кешеге дейін түрлі қиын-қыстау жағдайларды бастан кешірдік. Тіпті, Кеңес үкіметі тұсында бізге өз тарихымызды жазуға, айтуға тиым салған болатын. Қазір біз тұтас тарихымызбен қоса, түркі халықтарының өткенін түгендеп жатырмыз. Түркі халықтарының тарихын жазуда, әдебиетін насихаттап, мәдениетін жандандыруда Халықаралық Түркі академиясы үлкен жұмыстар жасап жатыр», - деді. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің пікірінше, әлем қауымдастықтарға бірігіп жатқан тұста, түркі балаларының ортақ мақсат жолында бірлесіп қимылдағаны жөн. Антрополог-ғалым, академик Оразақ Смағұлұлы «егемендік» деген өте киелі сөз екенін айтып: «Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған еркіндігі. Егемендікті сақтап қалу үшін әрбір күн еңбек етуіміз керек», - деген ойын білдірді.
Алқалы отырыс соңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге «Күлтегін» сыйлығы салтанатты түрде тапсырды. Аталған сыйлық түркология бойынша аса зор жетістікке жеткен ғалымдарға беріледі.