Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістанда төрт әлеуметтік нысан ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында төрт әлеуметтік нысан ел игілігіне тапсырылды. Нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасарысы Сапарбек Тұяқбаев қатысты. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

«Енді түркістандық ата-аналарды балалар ауруханасындағы жатын орынның жетіспеушілігі, медициналық құрылғылар мен кәсіби мамандардың тапшылығы сынды өзекті мәселелер қинамайды. Осыдан екі жыл бұрын құрылысы басталған бұл балалар ауруханасына республикалық бюджеттен 5,5 млрд. теңге қаралған. Аумағы 22 227 шаршы метрді құрайтын төрт қабатты 200 орындық еңселі ғимараттың барлық бөлімдері заманауи құрылғылармен жабдықталған» делінген баспасөз баянында.

Балалар ауруханасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев ғимаратты аралап, ондағы құрылғылармен танысты, сала мамандарымен пікір алмасты. Дәрігерлерге қызмет көрсету мәдениеті мен сапасын арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында сегіз мыңнан астам тұрғыны бар Оранғай елді мекенінде дәрігерлік емхана пайдалануға беріліп отыр. Енді оранғайлық дәрігерлер науқастарға жайлы да жылы бөлмелерде сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Құрылысына облыстық қазынадан 76 млн. қаржы қаралған емхананың қазығы биылғы сәуір айында қағылып, құрылыс жұмыстары сегіз айда толық аяқталды.

Түркістандықтардың қуанышы қаладағы С.Рақымов және Ш.Ниязов атындағы орта мектептердің жаңа ғимараттарының ашылуымен өз жалғасын тапты. Әрқайсысы 300 оқушыға есептелінген заманауи типтік ғимараттарда білім алуға тиісті жағдай жасалған. Бұл екі мектептің құрылысын жүргізуге облыстық қазынадан 692 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл Тәуелсіздік жылдары бір ғана Түркістан қаласында бой көтерген отыз бірінші мектеп болып табылады.

Осылайша, түркі дүниесінің рухани орталығы саналатын көне Түркістан шаһарының тұрғындары еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнін жоғары мерекелік көңіл-күймен тойламақ.

Биылғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 41 білім беру, 64 денсаулық сақтау нысанын ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Бүгінге дейін 35 білім беру, 52 медициналық нысан пайдалануға берілді. Қалғаны жыл соңына дейін ашылады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар