Тәуелсіздік күні - Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке - Семей қаласының әкімі
Қала әкімі өз сөзінде атап өткендей, Тәуелсіздік күні - Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тарих тұрғысынан қысқа мерзім ішінде халқымыз Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың саясатын қолдай отырып, әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсті. Қазақстан Республикасы өзін бейбітшіл әрі жасампаз ел ретінде әлемге танытты. Ұлт Көшбасшысы «Қазақстан - 2050» стратегиясында «Мәңгілік ел» идеясын Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы ретінде атады. «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауында да Президент дамудың негізгі басымдықтарын айта келе, елдігіміз бен тәуелсіздікті нығайту жолында, береке-бірлік пен ішкі татулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Семей жұртшылығы Елбасымыздың саясатын қолдай отырып, қойылған міндеттерді өз дәрежесінде орындаумен келеді. Халқымызды ынтымақ пен бірлікке үндеп, экономикамызды нығайту жолында қызмет атқарып жүрген семейліктер еліміздің болашағының баяндылығына белсенділікпен атсалысуда.
Жасампаз еңбектің нәтижесінде жас ұрпақтың лайықты білім алып, әлемнің алдыңғы қатарлы технологияларын игеруіне мүмкіндік жасалды. Бүгінгі күні Семей жастары да дүние жүзінің маңдайалды оқу орындарында білімін шыңдап, Отанымыздың гүлденуіне өз үлестерін қосып келеді.
Тәуелсіздік күні құрметіне Отан алдындағы еңбегі үшін бір топ семейліктер «Семей қаласының құрметті азаматы» атағымен, қала әкімінің грамоталарымен марапатталды. Салтанатты жиын қаланың шығармашылық ұжымдары мен әртістерінің орындауындағы мерекелік концертпен жалғасты, деп хабарлады Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторынан.