Тәуелсіздік күні - өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні - өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
None
None

Ең алдымен Елбасы барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтап: «Еліміздің тұмары, елдігіміздің шынары болған -Тәуелсіздік күні құтты болсын!», - деп атап өтті.

«Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол - Көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан тәуелсіз Қазақстан еді. Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда, бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн болды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты жиынды аша отырып.

Бұдан бөлек, Елбасы Тәуелсіздік күні тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан ұмытылмас күн, сан дәуір өтсе де ұрпақтарымыз ұлықтап отыратын күн екенін еске салды.

«Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасындағы еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған ардақты күн. Жер бетінде мыңдаған ұлыстар мен ұлттар бар, біз дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Адам басына бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білудің жөні - бір бөлек. Тәуелсіздік алған елдердің барлығында тұрақтылық пен татулық ұйып, дамудың даңғылына түсе қойған жоқ. Тәуелсіздік тарихтың сыйы немесе бүгінгінің меншігі емес, ол өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілігіміз болып табылады. Біз Тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәубә етіп тәуекелмен болашаққа бет түзеп келе жатқан халықпыз», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар