Тәуелсіздік күніне орай 200-ге жуық күйші қатысқан өнер кешінің әсері ерекше болды
Астана қаласында екінші рет ұйымдастырылып отырған бұл концерттік бағдарламаның жөні бөлек. «Мың күй» атты күй кеші Тәуелсіздік күніне орай және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр. Алты оркестрдің, 200 ге жуық күйшілердің қатысуымен болған концерттің көрермен қауымға әсері де ерекше болды. Аталған кеште орындаушылық шеберлігімен жұрттың ықыласына бөленген белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбек бұл жолғы аса ерекше күй кеші туралы ой бөліскен еді.
«Бұл Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловтың жаста болса бас болып ұйымдастыруымен, екінші рет өтіп отырған шара. Қазақта 7000 ға жуық күй бар дейміз. Бірақ, тыңқылдап жатқан дүниенің бәрі күй емес. Күй атаулыны, бір формасын тауып, арнасына түсіру керек. Қазақстанда қаншама оркестрлер бар. Олардың барлығында бір-бірін қайталамайтындай, жаңа күйлер болса. Олар жылда өтетін осындай іс-шараларға әрқайсысы жаңа 5 күй әкеліп отырса. Ондай жағдайда жылына жаңа 60-70 күй келеді деген сөз. Солардың ішінен таңдаулы оркестрлердің қатысуымен мынадай үлкен сарайда жыл сайын, өтіп отырса онда нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Осы жолғы шара көңілдегідей өтіп жатыр. Дегенмен аздап қайталаулар да бар. Әсіресе, бүгінгідей даңғаза музыка жаулап бара жатқан заманда бұрынғыдай көне сарындарды азайтып, тың дүниелер жасасақ деймін. Мұхтар Әуезов айтқан «қазақ өнеріндегі ең күрделісі, ең толғаулысы, ең сырлысы - күй өнері» деп. Сондықтан біз осындай толғаулы, сырлы, шоқтығы биік асыл мұрамызды дамытуымыз керек. Кеше ғана осы күй мен домбырамыз ЮНЕСКО-да асыл мұралар тізіміне енді ғой.
Бүгінгі «Мың күй» атты бұл кеш халық көңілінен шығатындай дәрежеде өтті деп ойлаймын. Өнеріміз осылай өсе берсін. Қазақстанның тәуелсіздік күні құтты болсын. Еліміз бүгінгідей тыныш, бейбіт қалыпта өркендеп өсе берсін, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын»,- деді ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор. Бейсен Сұлтан