Тәуелсіздік күніне орай Аршалы ауданында қос бірдей әлеуметтік нысан пайдалануға берілді
Салтанатты шараға аудан әкімі Жомарт Нүркенов қатысып, жиналғандарды Тәуелсіздік күні және жаңа нысандардың ашылуымен құттықтады.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қос бірдей нысанның пайдалануға берілуі аршалылықтар үшін үлкен тарту болды. Алдымен Ижевск селолық округінде 120 бүлдіршінге арналған "Есілжай" балабақшасы пайдалануға берілді. Мұндағы жоба "Балапан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр. Ол үшін бюджеттен 103 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі заманғы талаптарға сай салынған аталған ғимаратта бүлдіршіндердің тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалынған.
Осы күні аудан орталығы Аршалы кентінде күрделі жөндеуден өткізілген жастар орталығы да есігін айқара ашты. "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жүзеге асырылған жоба 20 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде 13 адам еңбекпен қамту орталығы арқылы жұмысқа тартылған. Жастар орталығында аудандық кітапхана, жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді.