Тәуелсіздік күніне орай ауыл клубының ашылуына Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов қатысты
Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Екіқабатты ғимарат заманауи талапқа сай салынған. Клубта 21 мыңнан астам қоры бар кітапхана және сурет, музыкалық білім беретін үйірмелер жұмыс жасайтын болады.
«Енді ауыл азаматтарының жиналып, түрлі рухани кештер, шаралар ұйымдастыруына барлық жағдай бар. Тек соны пайдаланып, рухани құндылықтарымызды арттыруға атсалысуларыңыз қажет. Заманауи үлгідегі жаңа клубы бар ауылдан Сыр елінің мерей-мәртебесін асқақтатар талай талантты ұл-қыздардың өсіп-жетілеріне сенімім мол», - деді облыс әкімі.
Биыл облыс бойынша 12 мәдени нысанның құрылысына мемлекет қазынасынан 1 млрд. 800 млн. теңгеге жуық қаржы бөлініп, бүгінгі таңға оның екеуі ел игілігіне берілді. Оның біреуі осы Түктібаев ауылындағы ауылдық клуб болса, екіншісі Қармақшы ауданындағы қайта жаңғыртылған Қорқыт ата ескерткіш кешені. Жыл соңына дейін облыс бойынша осындай заманауи мәдени нысанның 4-і пайдалануға берілетін болады.