12:19, 15 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Тәуелсіздік күніне орай Көкшетауда облыс әкімінің қатысуымен 240 орындық балабақша ашылды (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Еліміздің басты мерекелерінің бірі - ҚР Тәуелсіздік күніне орай Көкшетауда 240 орындық балабақша есігін айқара ашты, деп хабарлайды өңірдегі "ҚазАқпарат" тілшісі.
Облыс орталығындағы Жайлау шағынауданында жаңадан салынған 240 бүлдіршінге арналған "Мерей" балабақшасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Сергей Кулагин балабақша ұжымы мен ата-аналарды Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген осынау қуаныштарымен құттықтады.
Еске сала кетсек, аталған балабақшаның құрылысына облыстық бюджеттен 320 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстарын мердігер "Модуль-2030" компаниясы жүргізген. Мұнда 14 топ болса, оның 2-уі коррекциялық, психикалық дамуы нашар балаларға арналған. Сондай-ақ, ұжымда 45 педагог жұмыс істейтін болады.
Орынның жетіспеушілігінен қаланың өзге аумағына балаларын тасымалдап жүрген Жайлау шағынауданы тұрғындарының, әсіресе бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ.