Тәуелсіздік күніне орай тараздық жастар флешмоб ұйымдастырды
Белсенді жастар алаңға ұран сөздер жазылған плакаттар ұстап, Көк байрағымызды желбіретіп шықты.
«Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдық өкілдер құлақ асқан, беделді мемлекетке айналды. Демек жастарымыз да соған сай білімді де білікті болуы керек», дегенді алға тартады шараны ұйымдастырушылар. Ұлық мереке Әулие ата жеріндегі бір атаның баласындай болған этномәдени бірлестіктердің «Жетістіктер көрмесі», «Тәуелсіздіктің жаңа азаматы» атты түрлі шаралармен жалғасын тапты. Жастар мемлекеттік Тумен безендірілген Қазақстанда жасалған су жаңа темір тұлпарларға мініп, автошеру өткізді. Тәуелсіздік күніне арналған кеш қаланың шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты. «Тәуелсіздік біздің жастарды үлкен сенімге, болашаққа деген үлкен міндетті істерге және біздің ортақ үйіміз - Қазақ елінің егемендігін одан әрі нығайтуына жігерлендіретін болады. Біз, қала жастары өз кезегінде Елбасымыздың сарабдал саясатын қолдап, «Нұрлы жол - болашақтың бастар жол» Жолдауы мен «Мәңгілік ел» идеясын іске асыратын боламыз», - дейді Тараз қалалық жастар орталығының директоры Елдос Төлендиев.