ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ: Елмен бірге ер жетіп, өсіп-өркендеу үлкен бақыт - ҚарЭУ студенті Әсем Көнекова

Барлық балалар сияқты, Әсем де өзінің 16 желтоқсанда дүниеге келгенін үлкен бақыт деп санайды. Оның «ерекшелігін» он жасында ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған тәуелсіздік құрдастарының салтанатты шарасына қатысқанда сезінді. «Ел Президентінің атынан бәрімізге компьютер сыйлады. Бұл әрине, үлкен қуаныш болды. Осындай тарихи күні туғаныма бақыттымын деп санаймын», дейді Әсем.
Бала күнінде ол елгезек болды. Барлығына да үлгеруге тырысатын. Бірінші сыныпта ән салуға ден қойды. Әсіресе тақпақтарды жақсы көретін. Музыкалық мектепке жазылды, баянда ойнауды үйренді. Сонымен қатар бал билерімен және спортпен - жүзумен, жеңіл атлетикамен әуестенді.
«Анам мен әкем теміржолшылар болатын. Әрбір жаз айында мені балалар лагеріне жіберді. Сонда вожатый да болып көрдім. Бұл да керек тәжірибе», - дейді Ә.Көнекова.
Мектепті «екпінді» болып бітірді. Университетке түсіп, қаржыгер мамандығын таңдады. «Кім болатынымды, қайда оқитынымды көп ойландым. Қазір оған өкінбеймін. Университетімізде қоғамдық жұмыстарға қатысуға болады», - деді Әсем.
Жоғары оқу орнында әрқашан да алдыңғы лекте келеді. Бірінші курста студенттік театрға жазылды. «Жас Отан» ұйымының белсендісі. Көптеген жастар акцияларына белсене қатысып жүр.
Бұдан басқа, Ә.Көнекова - есеп-қаржы факультетінің қоғамдық негіздегі деканы. «Мен бірінші курстықтарды топтастыру үшін тренинг орталығын аштым», деп әңгімелейді ол.
Қарағандылық студент тәуелсіздік құрдастарының республикалық форумына делегат болып қатысты. Осы шарада ол жастар саясаты туралы баяндама жасады. Жақында ол студент жастар фестивалін жүргізуші болды, одан кейін өз оқу орнының қабырғасында ел жетістіктері жайлы «дөңгелек үстел» өткізуге бастамашы болды.
«Тәуелсіздік құрдасы ретінде үлкен жауапкершілікті сезінемін. Біз барлық жағынан көшбасшы болуға тиіспіз. Тәуелсіздік күнімен тұстас келген туған күн патриоттық сезім жүктейтін сияқты», - деп өз пікірімен бөлісті Ә.Көнекова.