Тәуелсіздік құрдасы А. Ерғалымқызы әл-Фараби атындағы ҚҰУ мақтанышына айналып отыр

16 желтоқсандағы ҚР Тәуелсіздік мерекесі кезінде 20 жасқа толатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетінің 3-курс студенті қазірдің өзінде өзі білім алатын жоғары оқу орнының мақтанышына айналып отыр.
Арай Тоян 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздігі алтын бесігі саналатын Алматы қаласында дүниеге келген. Отбасының тұңғышы саналатын ол 1998-2009 жылдары №139 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясында тәлім алды. Мектеп қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, оқушылар басқаруындағы «Болашақ» ұйымының жұмысына атсалысты. Домбыра және би үйірмелеріне қатысып өнерімен де көзге түсіп жүрген талапты жасқа Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл толғанда қала әкімі компьютер сыйлаған болатын. Ал 2008 жылы 10-сыныпта оқып жүріп «Тұран» университетінде өткен «Менің Қазақстаным» деп аталатын сайыста жүлделі 2-ші орынға ие болып жоғары білім алуға 10% жеңілдік алған еді. 2009 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өткен «Пәндік олимпиадада» география пәнінен 1-ші орын алған Арай мектеп бітірген соң аталмыш жоғары оқу орнының География факультетінің Геодезия және картография мамандығына оқуға түсті. Университетте де қоғамдық жұмыстарға араласып, өзін жан-жақты көрсете алған Арай Тоян бұл күнде университеттің бетке ұстар студенті атанды. Әртүрлі сайыстар мен байқауларға қатысып бақ сынағанды жақсы көретін Арай 2009 жылы 1 курста «Күзгі балл» байқауында 2-орынды, ал 2010 жылы «Ана тілі аруы» байқауында «Шебер ару» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бос уақытында әрқилы үлгідегі киімдер тігумен айналысатын оны құрбы-құрдастары да әрдайым үлгі тұтады.