Тәуелсіздік құрдасы болғаным үшін өзімді бақытты сезінемін - Н.Тәжкенов, БҚО

None
None
ОРАЛ. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Тәуелсіздік құрдасы болғаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Бұл туралы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақтан мемлекеттік университетінің экономика және басқару факультетінің төртінші курсында оқитын Нұрлыбек Тәжкенов мәлім етті.

Сәби шағында тәуелсіздіктің не екенін сезінбесе де, ес біліп, есейген шақтан-ақ ол өзінің ел тәуелсіздігімен бірге жарық дүниеге қадам басқан ақ тілеулі, ақжолтай, қаракөздердің бірі екенін санасына түйіп өсті. Әр жыл сайын тәуелсіздік мерекесінде оларды мектеп басшысы ортаға шығарып, кітап, қалам беріп құрметтейтін. Сол сәттерде кеудесіне сыймай бұлқынған бала жүрегі ерекше сезімге бөленетіні есінде. Әйтсе де Нұрлыбек ол сезімді айтып жеткізе алмайды.

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген ол - бес баланың ортаншысы. Алдында арқа сүйер аға-апасы, артында қамқор болар іні-қарындасы бар. Қазіргі күнде ол - Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев атындағы шәкіртақы иегері. Тәй-тәй басқан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Нұрлыбектің көз алдында.

-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған өтпелі кезеңнің қиыншылықтары көз алдымда. Бұл кезде кейбір құрдастарым жағдайы болмағандықтан, мектепке сегіз жасқа толғанда барып жатты. Дәптер, қалам жетіспейтін. Дүкен сөрелерінің бос тұрғаны менің бала көңілімде ұмытылмастай қалып қойыпты - дейді ол. Алғашқы ұстазы Жанар Бахитованы да әр кез сағынышпен еске алады. Сол жылдардан бергі елдің әл-ауқаты жақсарып, экономикамыздың күрт дамығаны да оның көз алдында.

Жетінші сыныптан бастап Теректі ауданы Подстепный ауылындағы «Үміт» гимназиясында білімін жалғастырды. Тәуелсіздікпен бірге жетіліп, бірге дамып келе жатқан Нұрлыбек ұдайы ізденіс үстінде. Мектепте оқып жүргенде «21 ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысына қатысып, бағын сынады.

-«Үміт» гимназиясындағы мұғалімдер бөлек еді. Бүкіл мектептегі балалар бір-бірімізді танимыз. Ол жерде ең бірінші тәртіпке көңіл бөлінеді. Мектеп директорының өзі, пән мұғалімдерінің барлығы ата-аналар жиналысына қатысып, әр баланың көңіл-күйінен бастап, оқу үлгерімі, тәртібіне дейін талқылайтын. Диагноз қоятын дәрігердей талдау жасап, ақсап жатқан тұстарын қалыпқа келтіруге бүкіл ұжым қатысатын еді. Менің ең қызықты кездерім сол мектеп қабырғасында қалды. Біздің толыққанды білім алып, барлық жағдай жасалған білім ошағында оқуымыз да тәуелсіздігіміздің арқасы - дейді ол.

Зерек жас қай ортада да ерекше қабілетімен көзге түсіп келеді. Әр түрлі пікір-сайыстарда, өткір ойларымен, сауатты сөз саптауымен көпшілік көңілінен шықты. Нұрлыбек - Оралдағы көшбастаушы жастардың бірі. «Жас экономист» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазір ол тәуелсіздік қарсаңында өткелі жатқан «Менің елім - Қазақстан» атты патриоттар форумына қызу дайындық үстінде.

-Мен өз қатарластарымды, тәуелсіздік құрдастарын ылғи да мақтан тұтамын. Олардың бәрі де алдарына үлкен мақсат қойып, жан-жақты ізденістерге бой ұрып жүр, - дейді ол.

Нұрлыбек таңғы сағат алтыда тұруды әдетке айналдырыпты. Қала іргесіндегі Подстепный ауылында тұратын тәуелсіздік құрдасы алаңсыз оқып, өзін-өзі жетілдіре түсуіне ата-анасының қатал талап қоюы әсер еткенін айтады. Сағат сегіз жарымда болатын сабағына кешікпей келуге үйренген ол сабақ пен қосымша қоғамдық жұмыстармен жүріп, үйіне кешкілік бір-ақ барады. Бос уақытында әдеби кітап оқығанды жаны сүйеді. Әсіресе, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» қайта-қайта оқиды. «Оқыған сайын өзіме қуат аламын», дейді ол.

Ол егемен елімізде болып жатқан күн сайынғы өзгерістер мен жетістіктерге шын ниетімен қуанатынын айтады. Жас өрен қоғамдық жұмыстар шеңберіне сай арнайы іссапармен Астана, Алматы, Өскемен, Тараз қалаларына барып қайтыпты. Бұл кезде ол өзіне көптеген достар тауып, ел көріп, жер көріп, дүние-танымын кеңейте түскені қандай ғанибет!

Нұрлыбектің алға қойған мақсаты асқақ та, айқын. Ол жоғары оқу орнын аяқтаған соң егемен еліміздің бір кірпіші болып қалануды, мемлекетттік мекемеде қызмет жасауды жөн көреді.

Соңғы жаңалықтар
telegram