Тәуелсіздік шежіресі: 2014 жыл - Қазақстан ЕАЭО шартын қуаттап, ДСҰ-ға қадамын нықтады
Еуразиялық экономикалық одақ идеясы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында айтқан бастамасы еді. Шартқа қол қоюдың тарихи оқиғасы орын алған кезде Елбасы Н. Назарбаев сол күндерді қайта есіне алды. «Шекаралар ашық, адамдар алаңсыз қозғала алады, пойыздар да, жүктер де ешқандай тексерусіз қозғала береді. Яғни, кеңістік үш мемлекеттің көлеміне ұлғаяды, экономика күшейеді және осының бәрі біздің игілігімізге қызмет етеді. Бұл маңызды оқиға болды», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Шындығында талай халықаралық алқалы жиындар мен келелі кеңестерге куә болған қазақ елінің елордасы 2014 жылдың 29 мамырында әлем үшін тағы бір тарихи маңызды шешім қабылданған орталыққа айналды. Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт рәсімделді.
«Біз Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты әзірлеу бойынша ауқымды жұмысты тәмамдадық. Оған қол қою Еуразиялық кеңістіктегі сапалы интеграциялық үдерістердің жаңа кезеңін білдіреді. Шарт сауатты, теңгестірілген, оған қатысушы мемлекеттердің барлығының мүдделерін есепке ала отырып жасалды. Ауқымды жұмыс атқарылды. Келіспеушіліктер де баршылық болғанымен, біз барлық тараптарды қанағаттандыратын ортақ консенсусқа келіп отырмыз», - деді ҚР Президенті Н. Назарбаев.
Қазақстан Көшбасшысының бұл сөздеріне Беларусь Президенті Александр Лукашенко да барынша қолдау білдіре келе: «Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нобайын сыздық. Бүгін біз мәреге жеттік, ол бізді Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді», - деді.
Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын баса атап өтті. Сонымен, үш елдің арасында құрылған, таяу аралықта қатары жаңа мемлекеттермен толыға түсетін бұл экономикалық одақ елімізге тауарлардың, қызметтер мен капиталдың және жұмыс күштерінің еркін қозғалысына мүмкіндік беретін болады.
Осылайша Еуразия кеңістігінде дүниеге келген интеграциялық одақ нәтижесінде 2030 жылға қарай жиынтық ішкі жалпы өнімнің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы шамамен 900 миллиард долларды құрай алады. Қазіргі уақытта тек қатысушы үш ел экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құраса, шығарылған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтаған. Мәселен, 2009 жылдан бері Қазақстанның Еуразиялық экономикалық кеңістік және Кеден одағы әріптестерімен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24,2 миллиард долларға жетіп отыр. Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Назарбаев атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ - бұл масылдық емес, халықтың және біздің ұлттық экономикамыздың игілігіне айналуы тиіс.
2014 жылғы Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тағы бір елеулі оқиға - елімізге қатысты Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Бельгияға ресми сапары кезінде Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім табысты болып, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі мәселесі жөніндегі келіссөздер түбегейлі аяқталды. Бұны халықаралық сарапшылар да тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің біріне балаған болатын.
Осынау тарихи сәтті Елбасы: «Бұл маңызды оқиға, оған қол жеткізу үшін 15 жыл жұмыс істедік, барлық 160 мемлекетпен келіссөз жүргізу оңайға соққан жоқ. Мен оған тікелей араласып, АҚШ, Ресей және Үндістан президенттерімен, барлық мемлекеттермен, Еуроодақпен сөйлестім. Қазір біз қорытынды кезеңде тұрмыз», - деп жеткізді.
2014 жылғы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бірқалыпты өткен жоқ. Ішкі, сыртқы факторлардың әсерінен біраз құбылушылықтар болып, әлемдік нарықтағы сілкіністер ұлттық экономикаға да әсер етті. Соның бірі - 2014 жылдың басында қазақстандықтар үшін күтпеген оқиға - теңгенің девальвациясы едә. 11 ақпанда ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы 185 теңге болды. Жұрт әбігерге түсіп, кейіннен айырбастау пункттерінде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Девальвацияның екінші толқыны туралы қауесет тарап, бірақ Ұлттық банк жағдайды дұрыс түсіндірудің арқасында уыста ұстай алды.
2014 жыл Қазақстанда атқарушы биліктегі ауыс-түйістердің жиі болуымен де есте қалды. 2 сәуірде Серік Ахметов басқарған Министрлер Кабинеті отставкаға кетті. Кейіннен тамызда тағы өзгерістер болып - Үкімет қайта жасақталды. 17 министрлік пен 9 агенттік ықшамдалып 12 министрлік пен 30 комитет қалды. Қаржы полициясы қысқартуға ұшырады, Төтенше жағдайлар міндеті Ішкі істерге, берілді. Мәдениет және спорт министрлігі, Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі және Инвестиция мен даму министрлігі құрылды. Бұл өзгеріс қараша айында қайта жалғасып, Қорғаныс министрлігі қызметінен Серік Ахметов кетіп, оның орнына Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды.Иманғали Тасмағамбетовтің орнына Астана қаласы әкімі қызметіне Әділбек Жақсыбеков келді.
Осы жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңесінің отырысында Жаңа экономикалық саясат «Нұрлы жол -болашаққа бастар жол» Жолдауын жариялады. «Бұл менің біраздан бері айтқым келгенім еді, бірақ бізде оны айтатын мүмкіндік болмады. Бұл экономиканы қозғалысқа келтіреді. Жол дегеніміз - өмір: жолдардың жанында тұрғындар пайда болады. Жолдар дегеніміз - мультипликативті әсер. Жол салу үшін механизмдер керек, құм, бетон, шыны, металл керек. Яғни, шағын және орта бизнестің барлық кәсіпорындары жұмыс істей бастайды. Бұл Қазақстан экономикасын көтереді. Сондықтан де мен оны ең үлкен жетістік санаймын», - деп атап өтті Президент.
2014 жыл:
- 17 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. «Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады. Бүгінде Отанымыздың жетістіктері - әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы - барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол - елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту - ортақ парыз, абыройлы міндет!» деді Елбасы өз Жолдауында.
- 19 қаңтарда Қазақстанға ресми сапармен Катар мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Тани келді. Ақордада өткен екіжақты кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Тамим бен Хамад әл-Тани Қазақстан мен Катар арасындағы ықпалдастықтың даму қарқынын одан әрі ілгерілететін бірқатар салалар жөнінде әңгіме қозғай отырып, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқы таразысына салды.
- 7 ақпанда Ресейдің Сочи қаласында XXII Қысқы Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XXII Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Сочи қаласына барды.
- 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды. Мәскеуде өткен отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты.
- 24 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Гаага қаласында өткен ІІІ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысып, сөз сөйледі. Саммитте Елбасы: «Біз жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту ісіне тұрақты түрде үлес қосып келеміз және бұдан әрі келесі бағыттарды іске асыруға күш салу керек деп санаймыз: Біріншіден, толық және жаппай ядролық қарусыздануға қол жеткізу - ядролық қауіпсіздікке кепілдік беретін бірден-бір амал деп есептейміз. Екіншіден, ядролық терроризмді және оның негіздерін түп-тамырымен жою кейінге қалдыруға болмайтын міндеттердің қатарына жатады», деді.
- 26 наурызда Алматы қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Кездесуде мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықпен қатар, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады.
- 14 сәуірде Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Бахрейн Королі шейх Хамад бен Иса әл-Халифамен кездесті. Кездесуде екі мемлекеттің ынтымақтастығын дамытуға бағытталған мәселелерді талқылады.
- 29 сәуірде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь астанасы - Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты. Жиын барысында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында бүгінгі күнге дейін жүргізілген интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ, ЖЕЭК-тің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасы қаралды.
- 7 мамырда Астанада Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты. Әскери парадқа Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев қатысты.
- 21 мамырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің IV саммитіне қатысты. Саммитте Қазақстан басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі болып отырғанын, ол үшін өңірдің барлық мемлекетінің кешенді күш-жігері қажеттігін, соның ішінде, АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісіне байланысты нақты тетіктерді әзірлеу керектігін және басқа да өзекті мәселелерді қозғады.
- 29 мамырда Астанада Қазақстан, Беларусь, Ресей президенттері - Нұрсұлтан Назарбаев, Александр Лукашенко және Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Аталған шарт бойынша ЕАЭО үш мемлекет аумағында 2015 жылдың қаңтарынан ресми түрде іске кірісті.
- 5 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі төртінші саммиті өтті. Оның қорытындысы бойынша Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация қабылданды.
- 19 маусымда Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кездесті. Кездесуде екіжақты байланыстарды нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелері сөз болды.
- 20 маусымда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге жұмыс сапарымен келген Иордания Королі II Абдалламен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды
- 4 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана күнін мерекелеудің басталғанын білдіретін Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде өткен бұл жиында Мемлекет басшысы: «Болашақты бағдарлап, Есілдің бойында ел қондырған еңбегіміз ақталды. Астана татулық пен тұрақтылықтың құтты ордасына айналды», - деді.
- 22 тамызда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл теміржолдарының іске қосылуына қатысты.
- 28 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Режеп Ердоғанның инаугурациясы рәсімінде болды.
- 19 қыркүйекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Елбасының арнайы Жарлығымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларын қамтыған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Түркістан қаласынан келген Бимаханбетовтер әулеті жеңімпаз атанды.
- 29 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барып, Астрахань қаласында өткен Каспий жағалауы мемлекеттері басшыларының ІV саммитіне қатысты.
- 8 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бельгия Корольдігінің астанасы, сондай-ақ, Еуропалық одақ мемлекеттерінің бейресми астанасы Брюссель қаласына барды. Қазақстан басшысы Бельгия Королі Филиппен және Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті.
- 16 қазанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Италияға жұмыс сапары басталды. Онда Елбасы «Азия-Еуропа» форумының 10-саммитінің пленарлық сессиясына қатысты. Сондай-ақ, сапар аясында Мемлекет басшысы «Қаржылық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның кеңейіп келе жатқан өзара байланыстары арқылы дамыту» тақырыбына арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі.
- 11 қарашада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады.
- 3 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Иран Президенті Хасан Рухани, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов Иран мен Түркіменстан шекарасында бас қосып, салынуы 2008 жылдан бастау алып, құрылысы жуықта ғана аяқталған Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган (Қазақстан-Түркіменстан-Иран) темір жол желісін ресми түрде ашты. Бұл жол Қазақстанды Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті.
- 5 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Франция Президенті Франсуа Олландпен кездесті. Кездесуде қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғарыш, мұнай-газ және темір жол машиналарын жасау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
- 15 желтоқсанда елордадағы «Астана Опера» театрында еліміздің қастерлі мерекесі - Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
-22 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Киевке барды. Елбасы Украина Президенті Петр Порошенкомен кездесуінде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сондай-ақ, Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы реттеу жолдарын қарастырды.