Тәуелсіздік шежіресі - ел тарихымен бірге жасайтын құнды дүние

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің авторлығымен «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты тарихи дерекнамалық көптомдығы жарық көріп, отанын сүйетін әрбір қазақстандық халықтың есесі қайтқандай күйге бөленді. Себебі көптомдық жаңа Қазақстанның тарихи жылнамасына айналып, еліміздің бұдан былайғы өмірінде үздіксіз жарияланып тұратын, ел тарихымен бірге жасай беретін, елдің елдігі іспеттес дүние болмақ.
None
None

Қазақстанның жаңа тарихында болған оқиғалар дерегін қайсыбір жерден іздеп жатпай-ақ, бір дереккөзден табудың сәтін жасау ғана емес бұл. Халықаралық қауымдастық алдында, Әлем алдында дербес мемлекет ретінде танылып, беделі әрбір күн сайын еселеніп келе жатқан еліміздің елдігін, еркіндігін, тіпті өз тарихымызды өзгелер емес, өзіміз жаза бастаған алғашқы қадамдарымыздың бірі бұл. Кеңес Одағының дәурені жүріп, азуын айға білеген тұсында тарихи зерттеулер мен монографиялық еңбектер еуроцентристік бағытта жазылды. Ең өкініштісі - қазақ тарихын қазақтардың өзі емес, өзгелер жазды, сондықтан тарих беттерінде көптеген жаңсақтықтарға жол берілді. Осы олқылықтың орны толар сәт келгенде неге қуанбассың!?

Халқымыздың бай тарихы сонау замандардан ауыздан ауызға, шежірелік дүниелермен бүгінгі күнге дейін жетті. Қазақтың Ата тарихы, әсіресе қоғамды ұйыстыратын, елдікті орнықтыратын, сөйтіп, мемлекеттілікті нығайтатын шежірелерге бай болғанменен, өкініштісі, осы уақытқа дейін аса құнды шынайы деректерге, мағлұматтарға зәру болып келді. Міне, дерекнаманың дамымағандығы салдарынан, ұшы-қиыры жоқ, үзіліп-үзіліп жеткен тарихымыз - әр уақыттарда темірдей бекем болған саяси бөгеттерге тап болып, шынайы, кешенді зерттеуден тыс қалып жатты. Кеңес заманы тұсында талай мықты тарихшыларымызды қазақ тарихына бойлатпай тастаған қатал уақыттар болды. Саяси себептермен ұлтымыздың, жеріміздің өткені бұрмаланды, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды зерттеу мүмкіншіліктер болмады.

«Бағзы замандардан біздің ата-бабаларымыз мекендеп келе жатқан Ұлы Далада қазақ руларының құрған мемлекеттік құрылымдары орнағаны рас. Бірақ олардың ешқайсысы қазақ мемлекеті болған жоқ, бүгінгідей Қазақ республикасы ретінде төрт құбыласы түгел дербес мемлекет болмады. Шым-шытырық қазақ тарихы ауызша таралып келгендіктен, әрі әртүрлі деректерден алынғандықтан, осы күнге дейін бір ізге түспей-ақ қойды. Бүгінде қанша тарихшы болса, сонша пікір бар. Бір ғана тарихтан қаншама кандидаттық, докторлық диссертациялар қабылданып жатады. Бірақ содан не қоғамға, не мемлекетке, не ғылымға керекті мағлұматтарды пайдаланғанды көре алмаймыз» - деді бұл жайында Мырзатай Жолдасбеков тұсаукесер рәсімінде.

Тарих - бір ұрпақтың екінші ұрпаққа жалғасып жататын динамикалық құбылысы. Сондықтан тарихты үзіп-жармай, тұтас күйінде бүгінгі күнге жеткізгенде ғана, ол нағыз халықтың, адамзаттың тарихы болып шығады. Міне осындай нағыз халықтық тарихтың қалыптастырумен, бүгіннің тарихын жасаумен бүгінгінің ұрпағы айналысуы тиіс. Қазақстанның жаңа замандағы тұсын өзгертпестен, қаз қалпында келесі ұрпаққа жеткізу - парызымыз. Осы тұрғыда жарық көрген «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты тарихи дерекнамалық көптомдығы - жоғарыда айтылған мүдде-мақсаттың үдесінен шыға алатын, теңдесі жоқ жобалардың бірі болғалы отыр.

Қазақстанның былайғы қоғамдық-саяси, жалпы мемлекеттілік тарихы өзіміз салған шынайы жолмен дамитын болады.

Елбасының мақұлдауымен «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» атты дерекнамалық көптомдықта Қазақстан Республикасының 1991 жылғы тәуелсіздік алғалы бергі қабылданған ресми құжаттары мен шешімдері рет-ретімен беріліп, «Тәуелсіздік шежіресі», «Елмен сырласу», «Елбасы жолдады - елі қолдады», «Әлем Қазақстан туралы», «Әлем Президент туралы» деген атпен үздіксіз жалғаса береді.

Бұл серияның бүгінде тек 14 томы ғана шыққаныменен, қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасы мемлекеттілігі және Президенттік институтын зерттеу» ғылыми зертхананың қызметкерлері тағы 17 томды дайындау үстінде. 2015 жылға қарай теңдессіз жобаның 138 томы жарыққа шығады деп жоспарлануда. М. Жолдасбеков аталмыш жоба ешқашан аяқталмайтын, үнемі үздісіз жалғаса беретін серия болатынына, Қазақстанның шынайы шежіресіне, келешекте өз алдына дербес кітапханаға айналатынына сенімділік білдіруде. Бұны әрбір қазақстандық «Лайым солай болғай!», деп қоштап отыр. Тұсаукесу рәсіміне жиналған зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлерінің қуанышында шек болмай, кеуделерін кернеген сәт осы болса керек. мінберге мініп, іштегілерін ақтарып-ақ салып жатты бірінен соң бірі. ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, көптомдықтардың 2 мың данамен ғана жарық көргенін азырқанып, Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиевке кітаптардың таралымын ұлғайту жөнінде ұсыныс тастады. Егер елімізде 15 мыңға тарта мектеп, 10 мыңға тарта кітапхана барын ескерсек, бұл шынымен мардымсыз болып қалатыны сөзсіз. М. Әшімбаев интернет портал құрып көптомдықты интернет кеңістігінде де тарату жайында, сонымен қатар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мақсатында кітаптарды ЖОО мен мектептерде оқыту, сериялардың негізінде монографиялық еңбектер мен ғылыми зерттеулер жүргізу туралы ілкімді пікірлерін білдіріп, осы бастаманы қолдауға көмек қолын созатындығын айтты.

«Келешекте бұл жоба байтақ кітапханаға айналады деп сенемін. Осындай еңбекті жазып шыққан ғалымдарды құттықтауымыз керек. Сонша деректерді тауып, жүйелеп, сараптап, оларды кітап қып шығару - біраз табандылықты, шыдамдылықты талап етеді», деді кітаптың таныстырылымындағы жиынға көрімдігін ала келген ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев.

«Жалпы біз бүгін елімізде жасап жатқан істеріміздің барлығы - Қазақстанның жаңа тарихын құрайтыны белгілі. Тәуелсіздік алғалы бері өзімізге сабақ болар талай оқиғалар өтті. 1991 жылдан бастап қазақ халқының тарихында аса маңызды дәуір басталды. Ата-бабаларымыз аңсаған мемлекеттілікке жетіп отырмыз. Басқа мемлекеттермен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет құрудамыз. Әрине қоғам өзі өмір сүріп жатқан кезеңге тарихи тұрғыда баға беру оңай емес. Дегенмен өткен жылдарда бізде ғасырға бергісіз жаңалықтар болды деп айта аламыз. Қазақстанның тарихына алтын әріппен жазылатын оқиғаларға біз куәміз. Мысалы, Семей ядролық полигонын жабу - бұл тек қана Қазақстанның емес, бүкіл адамзаттың тарихында қалатын үлкен оқиға. Немесе ЕҚЫҰ тарихында ТМД елдері арасында бірінші болып, Ұйымға Төраға лауазымына сайланды. Бұл да Қазақстанның тарихында алтынмен жазылар оқиғалардың бірі. Астананың салынуының өзі жеке шежіре. Бір сөзбен айтқанда, жас елдің тарихы жазылуда. Егемендік алуда, оны сақтауда Елбасының рөлі өте жоғары. Сондықтан аталмыш еңбекте Елбасының еңбегі жан-жақты ашылуы өте орынды деп санаймын. Көптомдықтарды жүйелі түрде жазып отыру Тәуелсіздік тарихын ғылыми тұрғыдан негіздеп, бүгінгі күннің талаптарына сай еңбектер жазуға негіз болады. Екінші жағынан болып жатқан оқиғаларды кітапқа басып отыру - болашақ ұрпақтарға қалатын мұра. Осылайша еліміздің қалай қалыптасқанын, қандай қиыншылықтар болғанын түсінеді. Нақты фактілерді сараптайды. Құнды деректерден тұратын көптомдықтар Тәуелсіздіктің шежіресін болашаққа мұрат ететін жоба деп білейік», деді М. Әшімбаев сөз соңында.

Соңғы жаңалықтар