Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 1993 жыл -Төл Теңгенің тұғырға мінген жылы
Халық басындағы әлеуметтік қиыншылықтар еселеніп, экономика құлдырады. Инфляция мың есеге дейін шарықтап, ақша құнының шегі білінбеді. Жұрт «жоқшылық заман келді ме» деп үрейленді. Расында да, тәуелсіздігінің ақиқатын жаңа сезіне бастаған Қазақстанның экономикасына аса ауыр болған кез 1993 жыл басталған еді. Бұл туралы естелігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Егерде Ресейден келетін қолма-қол қаржыны бөлу 1992 жылы рубль аймағына кірген республикалар арасында азды-көпті тепе-тең жағдайда іске асырылса, ал 1993 жылы Ресейдегі экономикалық блокқа жауапты тұлғалар, Қазақстандағы әлеуметтік-саяси жағдайға тікелей немесе жанама түрде ықпал жасай отырып, өз міндеттерін басымдылық жағдайында шешіп, Қазақстанға бөлінетін қолма-қол ақшаны ұстап қалуды шығарды», - деп еске алады. Бұндай астарлы саясаттың діттегені не еді? 1993 жылдың көктеміне қарай Қазақстан Ресейден мүлдем ақша алуды тоқтатты. Ал 1993 жылдың мамырында Ресей Үкіметі ТМД елдеріне техникалық несие беруді бүтіндей тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Осының өзі елдің тәуелсіздігіне үлкен соққы болатыны айқын еді. Бұл 1993 жылғы елдің ішкі ахуалы. Алайда ол заман да артта қалды.
Мемлекет басшылығындағылар елдің ішкі ахуалын бір жағынан демеп, тұралаған экономиканы қалыпқа салуды ойлап жанталасса, екінші жақтан ескі таныстығы бар көрші-қолаңмен ғана емес, Қазақстанды енді танып жатқан әлемдік жұртпен дипломатиялық байланыстарды орнатып, дүниедегі өркениетті елмен өзара ықпалдасуға ұмтылды. Сондай-ақ, дәл осы жылы мемлекеттігіміздің берік іргетасы ретінде қаланған Ата заң тұңғыш рет өмірге келді. Тұңғыш рет елдің басты құжаты қабылданғанда Негізгі заңның Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың басты принциптерін баянды етуі тиістігі назарға алынған болатын. «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан қарсыдан соққан жел мен жауған жаңбырға, өзінің шаршап-шалдыққаны мен қорқынышына, айналасындағы әр түрлі қиын жайларға қарамастан, тау асуларымен тайсалмай жүріп келе жатқан жолаушының жағдайын көзге елестететін. Алғашқы қадам - өте күрделі. Жаңа мемлекетімізді құруға кіріскенде, ең алдымен біздің үйіміздің мықты іргетасы, негіздердің негізі - жаңа Конституция керек екенін түсіндік», - деп жазады Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан жолы» атты кітабында.
1993 жылы Негізгі заң қабылданғаннан кейінгі кезеңде атқарылған ауқымы кең шаралар, халықарлық жиындар мен нәтижелі басқосулар жетерлік. Оның ішінде ұлттың ұлылығын ұлықтап, тәуелсіздігін айшықтайтын нақты әрі басты оқиғаның бірі - төл Теңгеміздің тұғырға қонуы, Қазақстанда өзінің тұңғыш валютасының айналымға енуі. Түрлі саяси қитұрқылардан кейін, әсіресе теріскейдегі алып көршінің бірінен соң бірін құрған қаржылық-экономикалық айла шарғыларынан кейін, ұлттық Теңгеміздің айналымға енуі тәуелсіздікті онан сайын бекемдей түскен тәрізді еді. Өйткені, Қазақстанға, сол секілді басқа да тағдырлас елдерге еш жымын білдірместен өзінің ұлттық валютасын айырбастап, мүлдем кері саясат ұстану арқылы Ресей шын мәнінде Қазақстанға тек Ресейдің ұлттық валютасына тәуелділік жағдайын нұсқап, сол жолды ұсынған болатын. «Бұл қадам Ресей көшбасшыларына деген біздің сенімімізді жоққа шығарды, сөйтіп «монетарлық сатқындықтың» көлеңкесі біздің қарым-қатынасымызда көпке дейін сақталатын болды. Мемлекеттер өз валюталарын енгізгенше рубль аймағын сақтай тұру туралы ТМД шеңберінде қол қойылған келісім-шарттың болуына қарамастан, ең басынан-ақ Ресей бұрынғы КСРО республикаларын рубль аймағынан итеріп шығаруға тырысты. Мен мұны сол кездерде барып тұрған әділетсіздік деп есептедім және әлі де солай деп есептеймін. Біз Ресейге сенетінбіз және біздің тату көршілік өзара қарым-қатынастарымызға да сеніммен қарайтынбыз. Қазақстан үшін бұл қадам төбеден жай түскендей болды, өйткені тұрғындардың 30%-ға жуығы орыстар еді және Қазақстан Ресеймен тығыз қарым-қатынаста болды. Одан арғы дамудың саясатын анықтай келгенде де мен біздің қарым-қатынастарымыздың нығаюы үшін барлығын жасауға тырыстым», - деп жазады Н. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты естелік кітабында.
Президенттің пайымымен келіссек, Ұлттық валюта ретіндегі Теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге - бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысанына айналды. Сонымен тәуелсіздіктің тағы бір шежірелі жылы - 1993 жылғы ел болып атқарған айтулы даталарға келсек.
1993 жыл :
- 4 қаңтар - Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуі барысында, Қазақстан Республикасының Президентінің ұсынысымен тараптар «Аралды қорғау» халықаралық қорын құру туралы шешім қабылдады;
- 9 қаңтар - ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы уәкілетті өкілдігін (елшілік) ашу туралы, Қазақстан Республикасының Федеративті Германия Республикасындағы, Француз Республикасындағы, Иран Ислам Республикасындағы, сонымен қатар Әзірбайжан Республикасындағы, Армения Республикасындағы, Беларусь Республикасындағы, Грузия Республикасындағы, Қырғызстан Республикасындағы, Түрікменстандағы, Өзбекстан Республикасындағы, Украинадағы елшіліктерін ашу туралы жарлықтарға қол қойды;
- 13 қаңтар - «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Заң қабылданды;
- 22 қаңтар - ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы республикалық жоғары дәрежелі ғылыми мекеме - Ұлттық Ғылым академиясы болып қайта құрылды;
-28 қаңтар - Егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Тұңғыш Ата Заң 4 бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.
«Жаңа ғана шынында да тарихи оқиға болып өтті - Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы қабылданды. Барлық қазақстандықтарды республика үшін шын мәнінде ерекше оқиғамен құттықтаймын. Мұның өзі мемлекеттіліктің қалыптасуы, ұлттық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің сапалы жаңа кезеңіне өту, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың нақты кепілдігі, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудың перспективалы ойларын нақты жүзеге асыру үшін құқықтық негіз жасаудың іргетасын қалады. Халық депуттарына, құқық саласындағы мамандарға, шетелдік достарға, қазақстандықтарға, республиканың жаңа Конституциясын жасауға қатысқандардың барлығына ризашылық пен алғыс білдіремін», - деп сөз сөйледі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Конституциясының қабылдануына арналған салтанатты мәжілісте;
- 29-31 қаңтар - ҚР Президенті Н.Назарбаев Швейцарияның Дауос қаласында өткен Әлемдік экономикалық форумның жұмысына қатысты;
- 25 ақпанда Президент Жарлығымен Т.О.Әубәкіров Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бас директоры болып тағайындалды;
- 26 ақпанда республика аймағының тұтастығын, біркелкілігін, өзгешелігін дәлелдейтін «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңы өз күшіне енді. Қазақстан - әлемде жер аумағы жағынан 9-орынды иеленетін ірі мемлекет. Еліміздегі шекара ұзындығы шамамен 14 мың шақырым;
- 26 ақпан - ҚР Президенті Н.Назарбаев Ресей Федерациясына ресми сапар шекті. Сапар барысында саяси, экономикалық және әскери мәселелер бойынша Ресей Президенті Б.Ельцинмен, Ресей Үкіметі басшысы В.Черномырдинмен келіссөздер жүргізді;
- 25 наурыз - Қазақстан Республикасы Еуропалық Даму және Қайта кұру Банкіне мүшелікке кірді;
- 14 сәуір - Президент Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы, Бельгия Корольдігіндегі, Египет Араб Республикасындағы елшіліктерін ашу туралы Жарлықтарға қол қойды;
- 18-20 мамыр - Президент Н.Назарбаев Түрікменстанға ресми сапармен барды. Сапар барысында Н.Назарбаев пен С.Ниязов өзара тиімді негізде жаңа экономикалық қатынастар құру ниеттерін білдірді. Ел басшылары Каспий теңізінің экологиясы мен биоресурстарын сақтау мақсатында Каспиймен шекаралас елдермен ыңтамақтастықты жандандыру ұсынысынтарын атап өтті.
«Қазір ТМД-ны күлкіге айналдыруда, бүкіл Еуропа бірігіп, шекаралық кедергілерді алып жатса, біз болсақ керісінше ұлттық пәтерлерімізге тығылып, шекараларды жауып, сол арқылы өз өмірімізді нашарлатып отырмыз. Мен сондықтан да, барлық мемлекеттердің ұлттық егемендігін, барлық қарым-қатынастардағы дербестікті, бірақ бұл ретте экономикалық жағынан бірігуді, бір-біріне көмек көрсетуді қашан да жақтап келемін. Егемен мемлекеттердің Экономикалық одағы сөзсіз қажет. Қоғамдағы татулық пен тыныштық тек қана өзара тиімді сауда, тығыз әрі тең құқықты ынтымақтастық жағдайында ғана мүмкін болмақ», - деді ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Түрікменстанға ресми сапары кезінде сөйлеген сөзінде.
-26 мамыр - Елбасы Өзбекстанға сапар шекті. Н.Назарбаев және И.Кәрімов арасында экономика мен мәдени салаларда ыңтымақтастық мәселелері талқыланды;
- 28 мамыр - Киелі Ордабасы жерінде үлкен жиын өтті. Жүз елу мыңға тарта адам жиналған ұлы тойға Орта Азия мемлекеттерінің басшылары қатысты. «Ардақты ағайын! Қадірлі меймандар!
Бүгін біздің бәрімізді осынау қасиетті биіктіктің басына бір ой, бір тілек, бір мақсат жетелеп әкеліп отыр...
Жер жақындығы тағдырың мен тарихыңды жақындастырмай қоймайды. Тағдыр жақындығы мүдде жақындығын туғызады. Мүдде жақындығы жоқ жерде жер жақындығы мен шекараластықтың да бақастық пен дүрдараздықты өрбіткеннен басқа бітірері шамалы. Адам мен адамды, халық пен халықты, мемлекет пен мемлекетті жалғастырар ең берік дәнекер - мүдде жақындығы. Бүгінде Орталық Азияда қоян-қолтық жатқан бауырлас елдердің мүддесі біреу. Ғасырлап күтіп, әзер қолы жеткен азаттықтан айырылып қалмау. Ол үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу. ...Тарихта біздің елдеріміздің арасына от жағып, сырттан қақтығыстыру әрекетін жасағандар аз болған жоқ. Дегенмен бірге болған кезде қандай жаудан да басым түсіп жаттық. Дәл қазіргі кезеңде де біздің халықтарымыздың бірлігі егемендігімізді, тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін өте қажет деп санаймын», - деді Елбасы сол жиында сөйлеген сөзінде.
- 1 маусым Президент Алматыға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген Грузия Президенті Э.Шеварднадзені қабылдады;
- 5-7 маусым - ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Стамбұлда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) қатысушы-мемлекеттер басшыларының екінші кездесуіне қатысты; «Біз Ыстанбұлға аса жауапты міндетпен, өз халықтарымыздың мүддесіне сай экономикалық прогреске қарай бірлесе ілгерілеу міндетіне кірісу мақсатымен бас қосып отырмыз. Қазақстан да бұл кездесуге зор мән беріп отыр. Экономикалық ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдер потенциалының аса жоғары екенін ескере отырып, осы ұйым шеңберіндегі ынтымақтастық перспективасы аса зор деп санауға болады. «Солтүстік - Оңтүстік» және «Шығыс - Батыс» бағыттарында көлік және коммуникация тасқынын ұлғайту перспективалы іс деп санаймын. Каспий теңізі арқылы Иранға шығу, автокөлікпен Иран арқылы Түркияға және басқа мемлекеттерге жүк жеткізу, оңтүстік Каспийдегі Иран порттарын Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдерінің мүддесі үшін пайдалану проблемасын шешуді ұсынамын».
(ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ыстанбұлда Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының екінші кездесуінде сөйлеген сөзінен)
- 20-23 шілде - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Тайланд Корольдігіне ресми сапары болды. Н.Назарбаев Тайланд Корольдігінің Премьер-министрі Чуан Ликпаямен және Тайланд королі Пумипон Адульядетпен (Рама ІХ) кездесті;
-16-17 қыркүйек - Алматыға ресми сапармен Франция Президенті Франсуа Миттеран келді. Келіссөз барысында Н.Назарбаев және Ф.Миттеран саяси, экономикалық, мәдени, ғылыми және басқа да салаларда екі жақты ыңтымақтастықты бұдан әрі дамыту ниеттерін білдірді;
- 23-24 қыркүйек - Мәскеуде ТМД елдерінің Экономикалық одағы деген келісімге қол қойылды;
- 18-21 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаев Қытайға ресми сапармен барды. Сапар барысында ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминьмен кездесті. Келіссөздердің нәтижесі - ҚР және ҚХР арасындағы достық қарым-қатынас негіздері туралы Бірлескен Декларацияға, әуе қатынастары туралы, тұрғындарға визаларды рәсімдеу тәртіптері туралы, халықаралық автокөлік қатынастары туралы, қызмет бабымен азаматтардың сапарлары туралы келісімдерге қол қойылды;
-21-22 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Монғолияға ресми сапары болды. Келіссөз барысында Н.Назарбаев монғолдық әріптесі Пунсалмагийн Очирбатпен кездесті;
- 24 қазан - ҚР Президенті Н.Назарбаев ресми сапармен келген АҚШтың Мемлекеттік хатшысы Уоррен Кристоферді қабылдады. Кездесу барысында тараптар екі жақты қарым-қатынас және бірқатар халықаралық мәселелерге тоқталды;
- 12 қараша - ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шықты;
- 15 қараша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңге енгізілді. «1993 жылы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстанның территориясында өзінің ұлттық валютасы - теңге енгізілді. Мынадай бағам қойылды: 500 рубльге 1 теңге. Осы кезге дейін жаңа валютаның банкноттары мен тиындары республиканың барлық облыстары мен аудандарына тасып жеткізілген болатын. Кеңестік ақша реформаларының тәжірибесіне сүйене отырып, комиссия ақша айырбасты тек қана екінші деңгейдегі банктердің бөлімдерінде ғана жүргізілмеуі керек, бұл жұмысқа пошта бөлімдері және сол сияқты қызметшілері көп кәсіпорындар да қосылуы тиіс деп шешті. Теңге айырбастаудың бірінші күнінен бастап заңды төлемақы
құралына айналатындығы, ал айырбастау кезеңіндегі бес күннің
ішінде рубльді заңды төлемақы құралы ретінде толық пайдалануға болатыны жарияланды. Сонымен бірге біз бұл күні рубльдің айналымға көптеп шығарылуының және тауарларды жаппай сатып алудың алдын алатын шараларды қабылдауға тырыстық. Ұлттық валютаны төрт қайнар көзден: Ұлттық банктің алтын валюта резервінен, Республикалық валюта қорынан, Ішкі тұрақтандыру қорынан (егер оны халықаралық ұйымдар беретін болса) және төлем балансының тиімді сальдосынан қамтамасыз етуді және ойластырдық. Одан кейінгі басты міндет - экспорт көлемін кеңейту және экспорттан келетін валюталық ақшаның түсуіне тәртіп орнату болды. Ұлттық валютаны орнықтырудың алғашқы жылдарында шетел валютасының сұранымына ішкі көздердің біршама тапшылығы байқалды. Валюталық қаржының елден кетуі валюталық бағамның тұрақтылығына қауіп туғызды. Бұл үшін капиталдың резиденттерден резидент еместердің пайдасына өтуін қарастыратын валюталық операциялар, теңге енгізілген күннен бастап лицензиялануы тиіс болды, ал бұған дейін ағылып келген капитал тек статистикалық есеп үшін ғана тіркелетін. Ұлттық валютаны енгізу принципті түрде жаңа міндеттерді туғызды. Теңгенің төлемдік қызметін күшейтті, ұлттық валютаға деген сенімді арттыру негізгі міндеттердің біріне айналды. Осы бағытта мына шаралар іске асырылды: экспорттық және импорттық төлемдерді, баж салықтарын теңгеге ауыстыру, бөлшек сауданы шетел валютасы есебінен жүргізуге тыйым салу, Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңды тұлғалардың баспа-бас айырбас операцияларын жасауға тыйым салу. Осының бәрі ахуалды тұрақтандыруға және біздің ұлттық валютамыз - «теңгені» аяғынан тұрғызуға мүмкіндік берді.» (Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» ктабынан.)
- 13 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатты;
- 21 желтоксан - ҚР Президенті Жарлығымен «Алтын Жұлдыз» белгісі, Халық каһарманы атағы, ордендер мен медальдар және басқа да республикалық мемлекеттік наградалар бекітілді.
* * *
«Талай айттым. Тағы да қайталап айтамын, бұл - ең әуелі, бүкіл қазақ халқының алдында тұрған күрделі тарихи кезең. Бәріміз айтып жүрміз: ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе - соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау. Бұл мақсат жүзеге аспайынша, азаттығымыз баянсыз. Бәрін толық қолға алдық, аяғымыздан тік тұрып кеттік деп айтуға да ерте. Шындығында, сыртқы атрибутикасының барлығы жасалған сияқты. Мемлекеттік тәуелсіздікті заңды түрде сайланған Жоғарғы Кеңесімізде жарияладық. Заң қабылдадық. Содан бері де бірталай жұмыс істелді. Мұның бәрі бұрынғы тарихымызда атқарылмаған ұлы істер. Саясаттың тізгіні өз қолымызға көшті. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап дүниежүзілік ұйымдардың барлығына дерлік мүше болдық. Қазір 120-дан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастадық. Бұрын ешкім білмесе, енді Қазақстанның іргелі ел екенін дүние жүзінің көптеген елдері біле бастады, тани бастады. Елшілік қатынасқа шыққан мемлекеттерді аралап, қайыра шарт жасасып, бұрынғы Одақ кезінде қол қойылған құжаттардың бәрін дербес, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің талаптарына сай жүйелеуге, ыңғайлауға тура келуде. Дербес мемлекет болған соң, сыртқы байланыстардың барлығы да, осы өз еліміздің қажетіне орай, экономикалық, саяси, дипломатиялық қарым-қатынастар дәрежесіне көтерілуі керек. Бұл - әлемдік тәртіп, азаттықтың айғағы. Дербестігімізді дәйектілей түсер рәміз белгілеріміз: Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Туымы - тәуелсіздіктің атрибутикалары. Бұлар да тәуелсіздік мұратының жемістері... Бүгінгі таңда нағыз тәуелсіздікті танытар ендігі бір басты белгі - экономикалық дербестік». (ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993 жылдың 23 маусымындағы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Нұрлан Оразалинмен сұхбатынан үзінді)