«Тәуелсіздік шежіресі. Жасампаздықтың әр жылы: 2003 жыл - Әлемдік діндер басшылары Астанада бас қосты»
Бір сөзбен айтқанда, осы уақытта Қазақстан халқы да, оның дүние пайымы да, даму жолы да өзгерді. Елдің, жердің байлығының арқасында экономика қарыштап өсім көріп, ондай өсім игілігі халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуге бағытталды. Бұл да көреген саясаттың арқасы. Осы жылдан бастап алдағы үш жыл, яғни 2003-2005 «Ауылды қолдау жылдары» ретінде жарияланды.
Жоғарыдай атқанымыздай, алдымен экономика, содан кейін саясат қағидатына негізделген даму жолында ашық қоғамға қарай ілгерілеушілік анық байқалды. Бұны осы жылдың сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Қазақстан халқына арналған жолдауында жүктелген міндеттердің өзі‑ақ айғақтап береді.
Еске салсақ, Елбасы 2003 жылғы Жолдауында алдағы кезеңдерге арналған саяси реформалардың бес негізгі басым бағытын қамтитын бағдарламасын ұсынған болатын. Атап айтқанда, бағдарлама бiрiншiден мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңалап жетiлдiруді қарастырды. Мұндағы басты мiндеттер - мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасындағы құзыреттiлiктiң ара-жiгiн айқын ажырату, бюджетаралық қатынастар жүйесiн жетiлдiруге негізделді. Елбасы ұсынған саяси реформаның екiншi бағыты - сайлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру. Бұл ретте сайлау үдерiсi бұрынғыдан да айқын әрi ашық болуға тиiстігіне баса көңіл бөлініп, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын қабылдау міндеті Үкімет пен Парламентке жүктелді. Үшiншiден, саяси жүйенi демократияландырудың маңызды бағыты - азаматтық қоғам институттарын одан әрi нығайта беру. Президент осы бағытта жан‑жақты шараларды қамтуды айтып, Үкіметке арнайы тапсырмаларды жүктеді. Төртiншiден, БАҚ туралы жаңа Заң қабылдау ұсынылды. Жаңа заң сөз бостандығын қамтамасыз етудiң, сондай-ақ журналистердi меншiктеушiлердiң қысымынан қорғаудың осы заманғы нақты жағдайы ескерiлуге, сондай-ақ шенеунiктердiң еркiн баспасөздiң қызметiне араласқаны үшiн жауапкершiлiгi күшейтiлуге тиiс болатын. «БАҚ-тың заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiгiн де айқындап беру мiндет. Қоғамға керегi - жалақорлық пен жалған сөз бостандығы емес, тура да тұғырлы сөз бостандығы.Билiк пен БАҚ арасындағы үндесудiң көш басында, ең алдымен, журналистердiң қоғамдық бiрлестiктерi және ел Президентi жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары жөнiндегi Қоғамдық кеңес тұрады және тұруға да тиiс», ‑ деп атап өтті Елбасы өз Жолдауында. Бесiншiден, қылмысқа қатысты құқық аясын одан әрi iзгiлендiрудi жалғастыру жүктелді. Осы ретте Президент өлiм жазасын қолдануға мораторий енгiзу үшiн Үкiметке осы мәселенi шешу тапсырылып, жазаның өмiр бойына бас бостандығынан айыру сияқты түрiн енгiзудiң ұйымдық, материалдық және заңнамалық шарттарын жасау қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек алқабилер институтын кезең-кезеңiмен енгiзу жайы да осы Жолдауда алғаш рет сөз болды.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, Мемлекет басшысы осы жылы руханияттылықты дамытудың аса маңызды құрамдас бөлiгi ретiнде бiрқатар ауқымды жобалардың басын қосатын «Мәдени мұра» атты орта мерзiмдi бағдарламасын әзiрлеп, оны тиімді iске асыруға кiрiсудi ұсынған болатын. Бағдарламаның мақсаты: халықтың орасан мол мәдени мұрасын, соның iшiнде осы заманғы ұлттық мәдениетiн, фольклорын, дәстүрлерi мен салттарын зерделеудiң бiртұтас жүйесiн жасау; ұлттық тарих үшiн ерекше маңызы бар елеулi мәдени-тарихи және сәулет ескерткiштерiн қалпына келтiрудi қамтамасыз ету; ұлттық әдебиет пен жазудың санғасырлық тәжiрибесiн қорыту және кеңейтiлген көркем, ғылыми, өмiрбаяндық дестелер жасау; мемлекеттiк тiлде әлемдiк ғылыми ойдың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстiктерi негiзiнде гуманитарлық бiлiм берудiң толымды қорын жасау. Аталмыш бағдарлама қазақ халқының ықылымнан келе жатқан әрі түрлі тағдырлы кезеңдерде аршылуы кейінге ысырылып отырған мәдени мұрасын зерделеуді кеңінен қамтып, оны шын мәнінде жаңғырта алды. Бағдарламаның құндылығы, оның өміршеңдігі талас тудырмасы анық. Бұл бағыттағы шаралардың әлі де жалғасып, мәдени мұра құндылықтарын үзілместен жаңғырту жұмыстары тізбегінің орындалып жатқаны соны аңғартса керек.
Түйіндей айтсақ, 2003 жылы Қазақстанның ішкі жағдайы экономикалық өрлеумен, жалақының артуымен, ауылға ерекше назар аударылуымен, сондай‑ақ мәдени мұраны түгендеуге түбегейлі бетбұрыс жасаумен ерекшеленіп отыр. Деректерге сүйенсек, елімізде 2003 жылдың 1 маусымынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 5500 теңге болды. Сонымен қатар, Қазақстанның алтын-валюта активінің жалпы жиынтығы 6 млрд. 19 млн. долларды құрады. Осының өзі елдің экономикасы елеулі межеге көтерілгенін аңғартады. Соның арқасында әлеуметтің әлеуеті де арта түсті. Мәселен, 2003 жылы демографиялық жағдайды көтеру және әлеуметтік қолдау мақсатында аналарға бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақылар алғаш рет беріле бастады.
Ал осы жылы Қазақстанның сыртқы саясатындағы һәм халықаралық аренадағы жетістіктеріне келсек, оның өзі де ауыз толтырып айтарлықтай болды. Әу бастан‑ақ бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, сыртқы ықпалдастықта достық қарым-қатынасты мығым ұстана білген Қазақстанның дипломатиясы жемісті жігерлілік танытып, соның нәтижесінде халықаралық деңгейдегі Қазақстанның имиджі арта түсті. Орталық Азия өңіріндегі қазақстандық көшбасшылық мойындала түсті. Басқа көршілерге қарағанда инвестиция тартымдылығы ғана емес, халықаралық басқосудың Астана төрінен таусылмауы да осындай беделдің қалыптасуынан болғаны анық. Атап айтсақ, бейбітшілік пен дінаралық, этносаралық татулыққа озық үлгі болатын ел ретінде танылып үлгерген ресми Астана өз ұстанымын халықаралық деңгейде одан әрі нығыздай түсу үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын өткізді. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне саналары анық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделінің арқасында, оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан ризашылықпен қабыл алды. Сөйтіп Астанада тұңғыш рет әлемдік дін лидерлері бір дастарқанды жағалай отырып, бас қосты, пікір алмасты. Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де жаман болмады, дін басылары «бәріміздің жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әрбір дәстүрлі дін жетекшісі өзі табынатын жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп дұға жасады. Бәйтеректің ұшар басына бірге шығып бейбіт өмір сүруге, қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының осынау көреген бастамасы жалғасын тауып, Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы Қазақстан астанасында ұдайы өткізіліп тұратын болды. Оны ұйымдастырушы халықаралық жұмысшы тобы және арнайы кеңес құрылды. Сонымен бір мезгілде, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қарым‑қатынасы да қарышты дамыды. ТМД елдері арасындағы байланыс осы жылы ширығып, ШЫҰ-ның да әлемдік беделі айқындала түсті.
Айтпақшы, 2003 жылы Астанада пайдалануға берілген «Думан» ойын-сауық кешен-аквариумы дүниежүзілік мұхиттың ең шалғайдағы бөлшегі іспеттес болып, ол Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
2003 жылдың еншісіндегі елеулі оқиғалар:
‑ 20 қаңтар ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ресми сапармен Швейцарияға барды. Елбасы Швейцария Конфедерациясының Федералды Президенті П.Кушпенмен кездесіп, екі жақты мәселелер талқыланды;
‑ 23 қаңтар ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Давостағы 33-ші Дүниежүзілік экономикалық форумның жұмысына қатысты. Давостағы Әлемдік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Президент біздің мемлекетіміздің шын мәнінде дүние жүзінде өзіндік орны бар ел екенін нақты дәлелдеп бере алды. Сөзінің қорытындысында Елбасы былай деді: «Мемлекеттік тәуелсіздігіне ие болып, халықаралық тұрғыда танылған сәттен бастап Қазақстан әлемдік экономикалық және саяси элитамен бейресми жүздесу мен пікірлесу мүмкіндігін ала отырып, Әлемдік экономикалық форумның жыл сайынғы кездесулеріне тұрақты қатысушылардың біріне айналды. Мұндай байланыстардың болашақ көкжиегі кең екеніне сенімдімін. Осындай форумдар жаңа әріптестер табуға көмектеседі, ал ең бастысы, олар мемлекеттерді жақындастырады, біздің ортақ болашағымызды айқындайды»;
‑ 29 қаңтар ‑ Украинада ТМД елдері басшыларының кезекті кездесуі өтті. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Давос форумына қатысып жатқандықтан, аталған кеңеске Қазақстан тарапынан Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев барды;
‑ 6 ақпан ‑ Ватиканда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Папа Иоанн Павел II-мен кездесті. Аудиенция барысында бүкіл дүниежүзілік діндер мен конфессиялар басшылары құрылтайының шақырылуы айтылды;
‑ 22-23 ақпан ‑ ҚР Н.Ә.Назарбаев Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украинаның төртжақты кездесуіне қатысты;
- Сәуір айында ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Осы Жолдауда негізінен келесi, 2004 жылғы экономикалық және әлеуметтiк саясаттың, қоғамды одан әрi демократияландыру мен мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттырудың, мәдениет, бiлiм беру мен руханият салаларын дамытудың негiзгi бағыттары баяндалды. «Тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде бiз ең шұғыл экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырдық. Бiздiң өзiмiз де өзгердiк, бiздiң пайымымыз да, дүние танымымыз да өзгердi. Бiз ешкiмнiң де айрықша бiр ақыл айтуынсыз-ақ өз еңбегiмiз өз игiлiгiмiздiң кiлтiне айналатынын, ал мемлекеттiң осыған қажеттi жағдайлар туғызуға тиiс екенiн түсiне бiлдiк. Бүгiн мен берген уәдемдi орындап жатырмын деп ағымнан жарылып айта аламын. Қазақстан экономикасының өсуi бiздiң басты мұратымыз - халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етiп жатыр. Менiң айтқаным да осы уақыт едi, мiне, сол уақыт та келдi. Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тарихымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұлғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады», - деді Елбасы Жолдауында.
- 23 сәуір ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас Хатшысы Франческо Франжиалиді қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен дүниежүзінде туристік бизнестің жағдайы талқыланды;
‑ 6 мамыр ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас Хатшысы доктор Абдалла Бен Абдельмухсин Аль-Түркимен кездесті. Екі жақ Қазақстанда Әлемдік діндердің құрылтайын өткізу мәселесін талқылады;
‑ 28 мамыр ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Мәскеуде өткен ШЫҰ мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысты;
‑ 3 маусым ‑ Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде 2003-2008 жылдарға бағытталған Қазақстан-Қытай ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды;
‑ 28 маусым ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Францияға қысқа мерзімді жұмыс сапармен барды. Сапар аясында Президент Н.Назарбаевтың Франция Президенті Ж.Ширакпен келіссөздері болды;
‑ 5 шілде ‑ Алматыда Орталық-Азиялық Ынтымақтастық ұйымының «ОАЫҰ» саммиті өтті;
‑ 23 қыркүйек ‑ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндердің бірінші Құрылтайының ашылу салтанаты болды. Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндер съезіне қатысушылар мен құрметті қонақтар Салтанат сарайының үлкен залына қойылған дөңгелек үстелді айнала жайғасқаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйлеп, былай деді; «Құрметті Әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің жетекшілері мен өкілдері! Бүгін ежелгі қазақ жері зор мәртебеге ие болды - ол әлемдік және дәстүрлі-ұлттық діндердің жетекшілері мен жоғары өкілдерін жер шарының түкпір-түкпірінен өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуға шақырып отыр. Сіздерді Қазақстан жерінде құттықтап қарсы ала отырып, мен сіздердің бірге бас қосып, жиналуға біздің шақыруымызға ден қойғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Мен жоғары мұсылман тұлғалары: Әл-Азһар Жоғарғы имамы, Шейх Мухаммад Саид Тантауиге, Дүниежүзілік Ислам лигасының бас хатшысы Шейх Абдалла бен Абдель Мухсин әл-Туркинге және басқа да елдердің өзге де мұсылман ұйымдарының өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Біз Съезге Сіздердің қатысуларыңызды жоғары бағалаймыз. Киелі Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-ге Съезді ұйымдастыру кезінде көрсеткен жоғары ықыласы мен қолдауы үшін терең ризашылығымды білдіремін. Мен Мәскеу және Күллі Ресей Патриархы Киелі Алексий ІІ-ге біздің Съезімізді қолдағаны үшін алғысымды білдіремін. Иудаизм жетекшілеріне, ең алдымен Йона Мецгерге, олардың Съезге жоғары деңгейде қатысып отырғаны үшін алғысымды айтқым келеді. Біз Сіздердің араларыңызда шығыстың аса ежелгі діндері мен өркениеттерінің - Буддизмнің, Индуизмнің, Даосизмнің және Синтоизмнің жетекшілері мен өкілдерін көргенімізге аса қуаныштымыз. ...Біз қарапайым, алайда сөзсіз бір ақиқатты түсінуге тиіспіз - бүгінгі дүниеде біздің бәріміз өзара тәуелдіміз. Және бұл өзара тәуелділік кез келген жайт пен тербелісті сезінетін шетін де сезімтал тетік болып табылады. Біздің ортақ үйіміз бұл тек қана біздің еліміз емес, сонымен бірге біздің бүкіл Жеріміз екені маңызды. Біздің бәріміз де өзіміздің балаларымыз, немерелеріміз бен шөберелеріміз бейбіт жағдайда, салауатты ортада, басқа халықтармен және басқа конфессиялармен келісімде, соғыс пен жоқтықты білместен өмір сүруін қалаймыз. Біздің қызметіміз, біздің дұғамыз бен жанашырлығымыз планетаның отты нүктелерінде, түрлі жанжалдар аймағындағы миллиондаған адамдардың қасіреті тыйылатын жарқын уақытты жақындатуға жәрдемдеседі деп үміттенемін. Өз сөзімді аяқтай келе мен біздің құрметті қонақтарға - делегациялардың басшылары мен өкілдеріне жұмысқа белсене қатысқаны үшін тағы да шынайы алғысымды айтқым келеді».
‑ 6 қараша ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Сингапурге мемлекеттік сапары болды. Сапар барысында Сингапур Президенті Селлапан Рама Натан және Премьер-Министр Го Чок Тонгпен кездесулері орын алды;
‑ 11-12 қараша ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Филиппинге мемлекеттік сапармен барып, Филиппин басшысы Г.Макпагал-Арройомен кездесті. Екі мемлекет басшысының кездесуінен кейін кең ауқымдағы келіссөздер басталды. Онда «Қазақстан Республикасы мен Филиппин Республикасы арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы» Декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, дипломатиялық және қызметтік төлқұжатты иеленушілер үшін визасыз режим туралы екі жақты келісімге қол қойылды;
‑ 19-20 қараша ‑ Бішкекте Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісі өтті;
‑ 4 желтоқсан ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Германияның Федералдық Канцлері Герхард Шредермен кездесу өткізді. Қазақстан мен Германия арасындағы іскерлік қатынастарды талқылай келіп, Елбасы Германияның Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылатынын атап өтті. «Біз Қазақстанға деген мүдделіліктің арта түсуін және немістің іскер топтары тарапынан көрсетіліп отырған инвестициялық белсенділікті құптаймыз әрі жан-жақты қолдау көрсетеміз,- деді Н.Назарбаев. Осы ойды өз кезегінде ГФР Канцлері Г.Шредер мырза да жалғады. Қазақстанның біз үшін тартымды болуының екі себебі бар, деп атап көрсетті ол. Біріншіден, Қазақстан осы өңірдегі тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарып отырған ел. Бұл тұрғыда ел Президентінің жеке үлесі де үлкен. Екіншіден, Қазақстанда қазба байлықтары өте мол. Ал ол Германия үшін аса маңызды фактор. Сол себепті де біз Қазақстан мемлекеті басшысымен экономикалық қызметтестікті одан әрі дамыта түсу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткіздік»;
‑ 8 желтоқсан ‑ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев екі күндік ресми сапармен Пәкістан Ислам Республикасына барды. Кездесу барысында тараптар, әсіресе, саяси-экономикалық мәселелерге баса назар аударды. Первез Мушарраф өз сөзінде Қазақстан мен Пәкістанның ұқсас тұстары көп екеніне тоқталды. Пәкістан басшысы сонымен қатар екі елде Ирак пен Ауғанстандағы, Палестинадағы жағдайларға ұқсас ұстаным бар екенін мәлімдеді. Кашмир проблемасының оң шешілетініне де үмітті екенін білдірді;
‑ 25 желтоқсан ‑ Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қырғызстан Президенті А.Ақаевпен келіссөздері өтті. Әңгіме барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Қырғызстанмен арадағы мәдениеттердің, тарихтың, дәстүр мен тілдің жақындастығына, көптеген салалардағы басымдықтардың үйлесімділігіне, экономикалық жаңаруларды жүргізудегі көзқарастардың ортақтығына негізделген тату көршілік және достық қатынастарды одан әрі дамыта түсуге деген мүдделілігін атап өтті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздік пен экономикалық интеграцияны дамыту мен нығайтуда Қырғыз Республикасының Қазақстан үшін сенімді әріптес болып қала беретініне баса назар аударды. Қырғызстан Президенті А.Ақаев та өз кезегінде сапарының өте нәтижелі болғанын атап көрсете отырып, қиын шақтарда Қазақстан мемлекеті тарапынан үнемі көрсетіліп келе жатқан қолдау мен көмек үшін қырғыз халқы атынан ризашылығын жеткізді. Сонымен бірге ол осы жолы қойылған келісімдерге стратегиялық маңызы зор құжаттар деген баға берді.