Тәуелсіздік табыстары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз түбегейлі өзгерді. Қоғамдық-саяси қатынастар мен экономиканың барлық салаларында жаңару проецесстері қарқынды жүргізілді. Әсіресе, экономикалық реформалар жемісті болып, елдің инфрақұрылымы дамып, халықтың әл-ауқаты артып келеді.
None
None

Тәуелсіздік жылдары жаңа елордамыз - Астана қаласы бой көтерді. Бүкіл қазақстандықтардың мақтанышы және жаңа Қазақстанның жарқын символы -   елорда  халықаралық саясаттың аса ірі орталықтарының біріне айналуда. Елбасы атап өткендей, «Астана бүгін біздің Тәуелсіздігімізді нығайтуда және дамытуда. Алматы Тәуелсіздігіміздің бесігіне айналса, Астана - болашақтың бесігі. Астана арқылы біз Қазақстанды бүкіл әлемге паш еттік».

 Қазақ қарулы күштері, Республикалық ұлан, шекаралық әскерлер және әскери-теңіз флоты пайда болды. Қазақстан өз аумағында ядролық қаруды пайдаланудан өз еркімен бас тартып, өзін ядролық қарусыз ел ретінде жария етті. Жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізу арқылы нарықтық қатынастар мен институттар құрылды, этносаралық үйлесімділік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз еттік, әлемдік дағдарыс жағдайында экономикалық дамуға қол жеткіздік.   

Тәуелсіздіктің біз үшін айрықша құндылығы - ұлттық мүддені қорғау негізінде ішкі және сыртқы қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға, мемлекет құрушы және қоғамды іштей топтастырушы қазақ ұлтының  дамуына тарихи мүмкіндік туды. Бодандық құрсауында ұлттық идеяны ту етіп көтерген,  ғасырлар бойғы арманы - азаттықтың ақ таңына жеткен халқымыздың ұлттық санасының жаңғыруы, өзінің бай, ежелден қалыптасқан тарихы мен ұлттық дәстүрлерін, біртуар ұлттық тұлғалары мен құндылықтарын қастерлеп-құрметтеуі арқылы өзін-өзі тануы және өзгеге танытуы, рухани мол қазынасын әлемдік өркениетпен ұластыру бағытында атқарылған және  одан әрі жалғасын табар ауқымды істер.

Еліміздің халықаралық саясаты мемлекеттің егемендігі мен тәуелсіздігінің дүниежүзілік кепілдігіне қол жеткізуге бағытталды. Ауқымды әрі жемісті жұмыс жасалды. Қазақстан БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның толық құқылы және белсенді мүшесі болып отыр, сондай-ақ еліміз Еуроодақ, Еуропалық қайтақұру және даму банкі, Халықаралық валюта қоры, Халықаралық атомдық энергия агенттігі, Қызыл крест және жарты ай, ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО сияқты аса беделді халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын күшейтуде.

Қазақстан әлемнің 140 мемлекетімен қарым-қатынас орнатып, дамытуда. Өзінің даму қарқыны, экономикалық қуаты, адами әлеуеті бойынша Қазақстан Орталық Азия мен ТМД-да көшбасшы позицияға ие болып отыр. Қазақстан тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде ықыласпен зерттелуде. Қазіргі таңда Елбасының еуразиялық ықпалдастық туралы идеясы жүзеге асырылып, Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруда. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру жолы.

Еліміз АҚШ, Қытай және Еуроодақпен стратегиялық әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуда. Қазақстан ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ сияқты аса ірі халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес туралы Қазақстан көшбасшысының идеясы ойдағыдай жүзеге асырылуда.

 Бар болғаны 25 жыл ішінде тарихта ешбір мемлекет осындай халықаралық беделге ие бола алған жоқ. Мұның бәрі - осыдан тура 25 жыл бұрын Қазақстан халқы жасаған тағдыршешті, тарихи таңдаудың нәтижесі. Ширек ғасыр ішінде қазақстандық жол жаңа тәуелсіз елдер үшін үлгіге айналды. Өйткені біз - тәуелсіздігімізді нығайту, экономикалық жүйемізді түбірінен жаңарту, демократиялық ұстанымдарды орнықтыру, мемлекеттік, ұлттық және мәдени бірегейлену сынды күрделі-күрделі үдерістерді басымыздан өткізген елміз, бабалар өсиеті мен елдік, азаттық мұраттарына адал ұландармыз.

Тәуелсіздік жылдары біздің мемлекетіміз бен қоғамымыз осындай өзгерістердің биік белестерінен өтті. Бұл, әрине, қоғамдағы орнықты саяси ахуал жағдайында, халықтың рухани және мәдени жаңаруы арқасында қол жеткізген ортақ жеңістеріміз. Тәуелсіз дамудың екі онжылдығын абыроймен өткерген, батыл өзгерістердің жаңа кезеңіне қадам басқан егемен Қазақстан әлемдік қауымдастықта дербес даму жолымен нық жүріп келеді.

Соңғы жаңалықтар