«Тәуелсіздік тағылымы» - ел мерейтойына фотожурналистердің тартуы - «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан журналистер одағының лауреаты Асылхан Әбдірайым
Ертең, 16 қараша күні, Астанадағы Президенттік мәдени орталығында «Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық фотокөрме ашылады. Осы мақсатта Алматы қаласынан Астанаға арнайы келген «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан журналистер одағының лауреаты, танымал фотожурналист Асылхан Әбдірайым аталған іс-шара туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
- Асылхан Әбдірайымұлы, ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған осы көрме несімен ерекшеленеді?
- Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай әр сала өзінің жетістіктерін көрсетуде. Біз - фотожурналистер еліміз егемендігін алған кезден бергі сәттерді, тарихи оқиғаларды фотоаппараттың объективі арқылы халыққа көрсетіп келе жатқандықтан, өз тарапымыздан «Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық фотокөрме ұйымдастыруға бел шешіп кіріскен едік. «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткелі тұрған көрмеге Қазақстанның 20-дан астам фотожурналистерінің 200-ге жуық туындысы қойылып отыр. Соның ішінде Парламенттің, Үкіметтің, Қорғаныс министрлігінің, ҚазАқпарат агенттігінің, Маңғыстау, Атырау облыстық газеттерінің және басқа да республикалық басылымдардың танымал фототілшілері түсірген таңдаулы суреттері жиналды.
20 жыл ішінде жүріп өткен тәуелсіз елдің айқын келбетін ашатын суреттер барлық негізгі тақырыптарды қамтыған. Яғни, саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік салалар түгел қамтылған. Туған еліміздің табиғаты, ұлттық салт-дәстүріміз де көрсетілген.
Және де осы фотокөрмеге Қытай Халық Республикасынан төрт белгілі фотожурналист қатысып отыр. Соның ішінде профессор атағы бар Түсіпбек Сләмқұлұлы есімді ағамыз бар. Жақында осы Түсіпбек аға «Фотографияның мың сұрағы, мың жауабы» деген кітабын жазып бітірді. Жуырда жарыққа шығармақшы. Өткен жылы Қытай еліне іссапармен барғанымызда, біз ағамызға «Осы кітабыңызды қазақ тіліне аударып, баспадан шығарсақ, қарсы емессіз бе?» деп сұрап едік, ол рұқсатын берді. Келер жылы Түсіпбек ағаның аталған кітабын қазақ тіліне аударсақ деген жоспарымыз бар.
Айта кету керек, «Тәуелсіздік тағылымы» атты республикалық фотокөрме қараша айының 2-сі мен 8-і аралығында Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында бастау алды. Өйткені Алматы - ел Тәуелсіздігінің алтын бесігі. Көрменің басталуы елдің азаттық алған тұсын көрсетеді. Мемлекеттік рәміздеріміз - Ту мен Елтаңбаның алғаш рет қабылдану сәті түсірілген. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ант қабылдаған сәті бейнеленген. Сондықтан бірінші Алматыдан бастадық. Енді 16 қараша күні Астанадағы Президенттік мәдени орталығының «Алтын және бағалы металдар» мұражайында фотокөрме Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына ұсынылады. Көрме қараша айының соңына дейін тұрады, содан кейін Қарағанды қаласына көшіріледі. Себебі басқа да өңір тұрғындары көргенін қалап отырмыз.
Бұл шараның қорытындысы фотоальбом ретінде шығарылып, келесі ұрпаққа тарихи туынды болып қалады деген жоспарымыз бар.
- Көрмеде әр фототілшінің қанша суреті қойылған?
- Ешкімге шектеу жасалған жоқ. Тәуелсіздікке қатысты суреттер жиналды. Мәселен, Үкіметтің фототілшісі Шүкір Шахайдың 40-қа жуық еңбегі қойылған. Өйткені ол тарихи ресми шараларға көп қатысқан. Қазақ Ақпарат агенттігі күнделікті жаңалықтарды таратып отырады ғой, Сол себепті осы агенттіктің фототілшісі Мұхтар Холдарбековтың 15 шақты суреті көрмеден орын алды.
Бір сүйсінерлігі, ардагер фототілшілердің де еңбегі ел алдына шығарылып отыр. Айталық, жасы сексеннен асқан Нұрғожа Жұбанов пен Нұрманбет Қизатұлының түсірген суреттері фотокөрмеге қойылды. Сондай-ақ орта буын өкілдері мен енді-енді осы салаға келіп жатқан жастардың да туындыларын көруге болады.
- Қандай бастама да қолдаусыз жүзеге аспайтыны анық. Бұл жобаның жүзеге асуы үшін кімдер қол ұшын созды?
- Иә, бұл фотокөрме Алматы және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және де «РБК банкі» АҚ-ның бас демеушілік жасауымен ұйымдастырылып отыр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы, еліміздің қол жеткізген табыстары - бәрімізге ортақ. Осы орайда біздің бастамамызды қолдаған қос қаланың әкімшілігі мен банкі ұжымына өзіміздің ризашылығымызды білдіреміз.
Көрменің бір тартымдылығы, жалпы, әр фототілшінің жеке көзқарасы, өз қолтаңбасы болады. 20 фототілшінің көзімен қарағанда, мәңгілік суретке әр қырынан түсіріліп қалған сәтті көруге болады. Қызықты суреттер өте көп. Бұл жобамыздың бағасын көрермен береді деп ойлаймын.
- Өзіңіз жетекшілік ететін қоғамдық ұйымның мақсаты туралы айтып өтсеңіз?
- «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің негізгі мақсаты - еліміздегі фотография, фотожурналистика саласын дамыту. Осы жолда фотокөрме ұйымдастыру, фотоалбомдар жасау, жас мамандары осы салаға баулу, сондай-ақ мемлекеттік тілде оқу-әдістемелік құралдарын шығару жұмыстарын жүзеге асыруды көздейді.
Қоғамдық бірлестіктің құрылғанына бір жылдан асты. Біз алдымыздағы ағалардың жолын кесіп өтпейік деген ниетпен дүниеден озған фототілшілердің туындыларын да жарыққа шығаруды жөн деп таптық. Биыл туғанына 95 жыл толған Рысқали Дүйсенғалиев, одан кейін Бекмұхамбет Тілепниетов, Сайлау Пернебаев, Денбербай Егізов, Сиез Бәсібеков, Аласбай Есмағамбетов секілді 12 ардагер ағаның фотоальбомын дайындап қойған едік. «Ардагер фотошежірешілер» деп аталған бұл альбом ақ және қара түсті болады. Бірақ өзінің тарихи келбетін сақтайды. Олар да біздің ел үшін, бүгінгі қоғам үшін аянбай қызмет етті. Алдағы уақытта «Ардагер фотошежірешілер» фотоальбомын шығаруды қолға алмақшымыз.
Сонымен қатар классик жазушымыз Ғабиден Мұстафиннің туған ұлы Қайрат Мұстафиннің туғанына келесі жылы сәуір айында 80 жыл толады. Қайрат ағаның отбасымен ақылдаса отырып, Алматы мен Астана қаласында фотокөрмесін ұйымдастыру ойымызда бар. Қайрат Мұстафиннің айтып кетер бір ерекшелігі, ол ұлттық фотожурналист мамандардың ішінен алғашқы болып, «Байқоңыр» ғарыш айлағын түсіруге рұқсат алған. Сол кезде КазТАГ-та қызмет істеген. Ал КазТАГ кезінде ТАСС арқылы тікелей Мәскеуге бағынатын еді. Одан басқа да өзге адамдарға рұқсат бермейтін нысандарға Қайрат ағамыз кіруге мүмкіндік алған.
- Фотожурналистика саласының қандай өзекті мәселелері бар?
- Кез келген мамандық тәжірибемен шыңдалатыны анық. Алайда, әр маман тәжірибеден бұрын, ең бірінші өзі игергісі келген мамандықтың теориясын білуі керек. Осы орайда фототілші дайындайтын білім ордасы болуы тиіс. Мен өткен жылдан бері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жатқан қазақ және орыс бөлімдеріне «Фотожурналист шеберлігі» бойынша дәріс беремін. Бүгінгі таңда осы мамандыққа жастардың қызығушылығы артып отыр. Себебі бұл мамандықты өнер деп те, еңбекақы табудың жолы деп те ұғынуға болады. Еліміз бойынша фототілшіні оқытатын оқу орны болған жоқ. Қазір алғашқы қадамдар ғана жасалуда. Олар тек журналист мамандығын алып шығады. Ал болашақта осы өнерге талпынған жастардың фотожурналист мамандығы бойынша диплом алып шықса деген арманымыз бар.
Осы мақсатта бір-екі оқу-әдістемелік құралдарының жобаларын жасап, фотоәліппе әзірлеу үстіндеміз. Жоғарыда айтып өткен Түсіпбек Сләмқұлұлының «Фотографияның мың сұрағы, мың жауабы» кітабынан шәкірттер тәлім алса, біраз іс тындырған болар едік.
Айталық, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде фотожурналистика кафедрасы бар. Онда шәкірттер ғылыми-теориялық тәлім алады. Кезінде сол оқу орнынан Иосиф Будневич тәлім алған. Ол Қазақстандағы танымал фототілші болатын, Елбасының қасында жүріп, тарихи туындыларды түсірген. Және басқа да сол оқу орнын бітіргендер бар. Қолдарында арнайы дипломдары бар. Сондықтан келешекте біздің ел де фотожурналистика саласын арнайы мамандық ретінде ашып, жастарды тәрбиелесе, олар елімізге қызмет жасаса екен деп ойлаймын.
- Рақмет әңгімеңізге. Ойға алған мақсатыңыздың орындалуына тілектеспіз.